«Astana EXPO-2017» -Тарихтың жарқыраған бір парағы

EXPO- және Қазақстан

Тәуелсіз қазақ елі ендігі жерде мақтанышпен еске алатын айтулы шаралардың бірі- «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі табыспен аяқталды. Күллі алаш баласы асыға күткен, «сәтімен басталып, абыроймен аяқталса екен» деп тілек еткен ауқымды шара, «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасап, тарих қойнауына бет алды. Өздері жүдеп жүрсе де, өзгенің амандығын тілейтін, жаратқаннан әрбір бастаған ісінің қайырын, берекесін тілейтін меймандос халқымыздың ақжолтай тілегі қабыл болғандай әсердеміз. Қазақ үшін осының бәрі бір мерей болса, адамзат тағыдыры үшін алаңдаған, соның шығар жолына ізденістер жасап, өзгелерді де сол ұлы мақсат жолына шақырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы, бәрінен асып түскен абырой деуге әбден лайық!  Біз осы мақалада Қазақстанның даңқын асқақтатқан «Astana EXPO-2017 көрмесі» туралы сыр шертеміз.

Арғы тарихын 1851 жылдан бастайтын EXPO – әлемнің әр бұрышында белгілі бір тақырыпта өтетін бүкіләлемдік шара ғой. Алғаш рет 1851 жылы «Халықтардың өнеркәсіптегі жетістіктерінің ұлы жәрмеңкесі» деген атпен Лондон өткен екен. Сонан бері қарай 166 жылдың ішінде, аталмыш көрме әлемнің әр түкпірінде өткізіліп отырған. Ал кезекті рет өтіп отырған «Astana EXPO-2017 көрмесі» ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілген ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме.

Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше болып кіріп, 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2008 жылы Испанияның Сарагоса қаласында өткен көрмеде 104 елдің ішінде біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды. Көпшілікке мәлім болғанындай, бұл көрмені өткізу мәртебесі де Қазақстанға жайдан-жай беріле салған жоқ. Бұл туралы Елбасымыз бір сөзінде «ЕХРО-ны өткізу, бізге оңайлықпен келген жоқ»- дегені бар. Міне, осындай сындарлы кезеңде, Елбасымыздың іскерлігі мен батылдығының арқасында абыроймен аяқталған көрме Қазақстанға биік мәртебе мен шынайы құрмет сыйлады. Ең әуелі жас мемлекет адамзат алдында тұрған қатерлі сын – экологиялық теп – теңдіктің бұзылуына бастайтын энергия көздеріне болған дәстүрлі көзқарасқа түбегейлі бетбұрыс жасауға талпынды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы осыны мақсат етті.

Аталмыш көрмеге қатысқан 115 елдің түгелге жуығы осы тақырып төңірегіндегі ізденістерге негізделген, жетістіктерін көрсетуге тырысты. Олар әкелген ғылыми жобалар күннен, желден, тіпті жер қыртысынан да қуат алуға мүмкіндік беретін жаңа бастамалар еді. Бұл саладағы ізденістер адамзатқа таңсық та емес. Деседе осындай жаңартылатын энергия көздеірне әлемнің назарын аударып, оның маңыздылығын арттыруға Астанада өткен көрменің үлесі зор деп ойлаймыз. Ендігі жерде ғалымдар бұл төңіректе бәсекелесе отырып, зерттеулер жасайтын болады. Мүмкін Қазақстанда өткен көрме мен оның көтерген тақырыбының өзі тарихта қалатын шығар…

 

«Болашақ энергиясы» жобасы – қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеу, қуатпен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін арттыру, қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдануды ынталандыру және қонақтарға қуат көзін үнемдеу өндірісінің жоспарын дайындау мен іске асыруға, энергетикалық қорларды тиімді пайдалануға белсенді қатысу қажеттілігін көрсету»- десек, Қазақстан осы межені бағындыра алды деуге толық негіз бар сияқты.

 

ШЫҚҚАН ШЫҒЫН ӨЗІН АҚТАЙТЫН БОЛАДЫ

«Біткен іске сыншы көп» демекші, ішнара сынау мен мінеуге толы пікірлер де қоғамда орын алғаны жасырын емес. «Мұндай шығыны көп шараны өткізуден Қазақстанға қандай пайда келеді?»- деп сөккендер де болды. Жалпы шығын көлемі 2 миллиярд доллар көлемінде болды деген сөз кімді де болсын ойға салары анық. Алайда Елбасының көздегені арзан атақ деуден аулапыз. Бүгінде әлемдік саясат пен күрделі проблемаларға қарата өз ойы мен қисынды көзқарастарын ұсынып келе жатқан қазақ елі, «болашақтың энергиясы» туралы да «Қазақстандық бастама» көтерді деп ойлаймыз. Себебі «адамзатта бір ғана жер шары бар» ғой. Ендеше, қазақ елі де өз ойын ортаға салып, ақсарбасын сойып, алыстан келген мейманына құшағын ашса несі айып? Ал құрылыс нысандарын салуға кеткен қомақты қаржы да ақырындап өз шығынын жабары сөзсіз. Өйткені «бұл нысандар көрме аяқталғаннан кейін де игі мақсаттарға жұмсалмақ. Бұл туралы Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаевтың «келешекте ЭКСПО көрме кешенінің базасында Халықаралық қаржы орталығын құру туралы қабылдаған шешімі» жария етілген болатын. 2018 жылы жұмыс істей бастайтын жаңа орталықтың ерекшелігі қызметінің британ құқығы негізінде реттелетіндігінде, ал оған қатысушылар салық төлеуден 50 жылға босатылады.

Бұдан басқа, шетелдік қаржы орталықтарының үлгісі бойынша, оның аумағында Қазақстанның юрисдикциясынан тыс арнаулы сот жұмыс істемек. Ал, «Ең қымбат ЕХРО» ретінде есте қалған 2010 жылғы Қытайда өткен «Better City, Better Life»  ЕХРО көрмесі аяқталғаннан кейін, Қытай үкіметі әуелгі жоспар бойынша көрмеге арналған нысандардың 90 пайыздан астамын бұзып, өзге мақсаттағы құрылыстарға орын босатты. Бұл көрмеге Қытай елі 45 миллиярд доллар жұмсаған екен. Осы арада қарапайым ғана салыстырулар жасаған адам, біздің «бір оқпен екі қоян» атып отырғанымызды түсінері анық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көрменің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өткенін айта келіп, көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті. «Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – демеп пе еді.

ТМД- көлеміндегі Қазақстан жолы

Жоғарыда әңгімелегеніміздей ЕХРО көрмесі ТМД елдері аумағында алғаш рет Қазақстанда өткізіліп отыр. Кезінде ортақ саяси кеңістік астында өмір сүрген елдердің бүгінгі таңда, өзара әріптес болумен қоса «бәсекелес» екендігі де жасырын емес. Ол геосаясат пен экономика саласынан бөлек ғылым-білім мен спорт саласына дейін жалғасып кете береді. Кезектегі ЕХРО көрмесі де осындай «жетістіктер марафоны» деуге тұрарлық. Жаңартылатын энергия көздері төңірегіндегі ғылыми жаңалықтар мен жаңа энергияны қолдану саласындағы озық құрал-жабдықтардың да жәрмеңкесі өтті деуге әбден болады. Бұл салада көш бастап келе жатқан Жапония, АҚШ, Германия, Қытай қатарлы алпауыттармен иық тіресе алмасақ та, «жаңа энергия салсын игеру мен дамыту жағында ТМД- елдерінің халы қандай?» деген салыстырудың өз-өзінен туындайтыны тағы бар. «Кеңес одағының шекпенінен шыққан бауырлас елдердің» арасындағы «үлкен аға» Ресей, бұл көрмеге өзіндік дайындықпен келіпті.  Павильонда Ресейдің энергетикалық әлеуеті, атом саласында жеткен жетістіктері, гидроэнергетикадағы тың серпілісі көрсетілді. Негізінен Арктида тақырыбына арналған көрмеде, Ресейдің өз табиғи артықшылықтарын қолдана отырып, болашақ энергияның инновациялық дамуына қадам басуын әйгілегендей еді. Бұл павилонның ашылуы кезінде  Ресейлік секцияның бас комиссары Георгий Каламанов мырза журналистерге берген сұқбатында «Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбын Ресей Арктикасы бірегей аймағы арқылы көрсетеміз. Дәл осы аймақта Ресейдің баламалы энергетикасын дамытудың болашағы зор. Бұдан бөлек, Арктикада пайдалы қазбалар да көп», – деген болатын. Ал күннен, желден, судан, балдырдан энергия өндіріп жатқан өзге елдермен салыстырған Ресейдің бұл тақырыбы да «бөгенайы бөлек» болды деуге тұратын сияқты….

ТМД елдері арасында Ресейден өзге елдер, өздерінде жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші дәстүрлі кешендері мен ауыш шаруашылығы мен ғылым-білім саласындағы жетістіктерін таныстыратын экспонаттар мен елдің туристік әлеуетін айғақтайтын дүниелерін ала келіпті. Бұлардың ішінде ұлттық бояуы қанық мұражай мен тағам өнімдерін таныстыратын бөліктер де келушілер назарына ұсынылды. Мысалы Беорруссия елі, өздерінің ауыл шаруашылығы саласына арналған комбайн тәріздес техникалары мен электроавтобустарын көрмеге қойса, павилонының көп бөлімін ұлттық мұражайға айналдырған Түкіменстан елі, бірді-екілі электрстанциялар құрлысын таныстырыпты. Осылардың қатарында саяхатшыларды өзіне баураған – Өзбекстан павилоны да тұр. Мұнда Өзбекстанда жиналатын Оңтүстік Кореялық «DAEWO» компаниясына тиеселі «Matiz» көлігінің, энергияны барынша үнемдеп пайаланатын  биокөлігі, Ташкенттегі Турин политехникалық университетінің базасында жасалған күннен қуат алатын автомобилі қойылған. Бұл көлік төрт сағат ішінде жинаған қуатымен 700 шақырымдық жолды бағындыратын көрінеді. Қазіргі таңда әлі де жетілдірілу үстіндегі көлік құрылғысына қарап, Өзбекстанның жаңа энергия саласындағы талпынысын аңғаруға болатындай.

Келесі бір қызықты дүние «Артель» компаниясының механикалы смартфоны. «Бұл AR 2025 модельді смартфонның прототипі, механикалық сағат принципі бойынша жұмыс істейді. Өзінен-өзі қуатталатын болашақтың телефоны су өткізбейтін корпусты, қуат көзі жоқ, қуатты механикалық сағат принципімен өзін қолданатын иесінің қозғалыс кезіндегі энергиясынан алады. Бұл смартфон да 2030 жылы нарыққа шығарылмақшы екен. Павилон ішіндегі сутегілік дәнекерлеуші аппарат пен «ақылды үй», күн нұры мен желден жинаған энергияны пайдаланатын бау-бақша кешені жобасы секілді экспонаттар, өзбек ағайындардың болашаққа талпынысынан хабар беретіндей.

ҚАЗАҚСТАН ЕХРО-ҒА  НЕ ҰСЫНДЫ?

Осы қатарда «отағасы ретінде үй тіккен» Қазақстан «болашақтың энергиясы» саласында не тындырып жатыр?- деген заңды сауал туындары сөзсіз. «Нұр әлем»-дегі «Қазақстан» павильоны екі бөліктен тұрады: бірі – елмен танысуға арналса, екіншісі – ғылыми жобалар. Отандық ғалымдар ұсынатын 28 жоба осы екінші бөлікте орналсқан. Осылардың ішіндегі көрнекті әрі маңыздылары мыналар: Қазақстан ғалымдарының ұсынатын басты энергетикалық жобасы – «Токамак» деп аталатын тероидальды камера. Курчатов ғалымдары оның құрылысын сонау 2003 жылы бастаған екен. «Токамак» ешқандай көмір немесе мұнай өнімдерін қажет етпейді. Оның жұмысы термоядролық синтезге негізделген. Қысқасы, бұл алып аппарат Жердегі Күн іспеттес, яғни еш тоқтаусыз электр энергиясын беріп отырады және ешқашан сөніп қалмайды. Қазақстандық ғалымдардың ұсынатын тағы бір ірі жобасы «Ұлы дала энергиясы: «ҚазЖелҚуат-ВРТБ» жел мен күн» деп аталады. Бұл да аты айтып тұрғандай, негізінен желден энергия алатын роторлы турбина. Оның желді кез келген бағытта және жылдамдықта қабылдай беретін, жел жылдамдығы төмен болған жағдайда роторлары кері бағытта айналып, жел жылдамдығын екі есеге дейін арттыра алатын ерекшелігі бар. Сонымен қоса турбинаға кіретін ауа ағымын сығымдайды және пайдаланылған ауаны жылдам сыртқа шығарып тастайтын, дауылды жел болған сәтте турбиналар тұрақты түрде тоқтап қалмай, артық дірілсіз жұмыс істей беретін көптеген артықшылықтары бар. Қазақстанның жетістігі ретінде көрмеге қойылған тағы бір тарту- елімізде шығарылып жатқан жарықдиодты электр үнемдейтін шамдар. Қазақ ғалымы Жұмабай Бәкеновтің ойлап тапқан аккумуляторлары да «Astana EXPO-2017» көрмесіндегі Қазақстанның басты экспонаттарының біріне айналды.

Литий-ионды энергия сақтағыштар Қазақстанда шығарылатын электромобильдерге және ұялы телефондарға орнатылмақ. Аккумулятордың басты ерекшелігі – энергияны үнемдеп жұмсайды және энергия сыйымдылығы бәсекелестерінен әлдеқайда көлемді. Ал Назарбаев Университетінің жаныннан ашылған KunTech стартап компаниясының жас ғалымдары  ойлап тапқан жалпақ күн коллекторлары «энергосыйымдылығының жоғарылығы мен бағасының арзандығы жағынан шетелдің озық өнімдерімен бәсекелес бола алатын» көрінеді. Оның ерекшелігі  ыстық суға және жылуға кететін жылдық шығынды 60 пайызға дейін қысқартады. Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Елдос Сыбанбаев жасап шығарған планарлы концентратты кремний күн батареялары қарапайым күн батареяларынан екі есе арзан, экологиялық қауіпсіз, сапасы жоғары болудай ерекшелікке ие екен. Кезектегі көрмеде жұрт назарына ұсынылып отырған отандық жобалардың көбі энергия көздерін шығынсыз, қолжетімді бағада, экологиялық таза жолмен өндіруге негізделген. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің жас ғалымдары ойлап тапқан стартап жобалар да әлемдегі ең үздік 100 стартап-идеяның қатарына енгендігін де айта кету керек. Олар тек «болашақ энергияға» ғана негізделіп қоймаған. Қазақстандық жас ғалымдар адам бойындағы энергияны сақтаудың да тың жолдарын ойлап тауыпты. Жалпы бағасын болашақ көрсетеді десек те еліміздің ұсынып отырған айтулы жобалары мен өнер табыстарына қарап отырып, жас мемлекетімізідің «болашақтың энергиясы» саласындағы талпыныстарын кез-келген елден кем бағалауға болмас.

«ЕХРО» қауіпсіздігі басты назарда болды

Адамзат қоғамы қазіргі таңда аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп жатыр. Түрлі табиғат апаттарынан бөлек, жаһанды алаңдатып отырған тероризм қаупі, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып кетті. Мысалы, 1873 жылы Австрияның Вена қаласындағы ЕХРО кезінде су тасқыны орын алып, үлкен апат болған екен. Алыс-жақын шетелдердегі сияқты жұрт аяқ-астынан үркетін, адамдар көп жиналатын орындарға барудан жүрексінетін жағдай, біздің елде бола қоймаса да, сауысқандай сақтық, басты назарда болғаны рас. «Astana EXPO-2017 көрмесі» өтеді дегенде, Елбасының көңіл бөлген мәселелерінің бірі- «ЕХРО-ны қауіпсіз өткізу» болатын. Бұл төңіректе де қазақ елі қыруар жұмыстар атқарды. Алла абырой беріп халықаралық көрме тыныш та бейбіт түрде мәресіне жетті. Бұл да болса «Astana EXPO-2017 көрмесінің» жетістігі дерсің. Мұндай ауқымды шара кезіндегі туристерге сапалы сервис, қауіпсздік, медициналық көмек көрсету жақтары да сынға түсері белгілі. Осы мақсатта «Astana EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің барлық периметрінде құқық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқыққа қарсы басқа да әрекеттердің алдын алуға және болдырмауға 56 полиция және күзет бөлімшелерімен біріккен әскери қызметкері қатысқан екен. Осылайша бас-аяғы 90 күнге созылған халықаралық көрмеге шет мемлекеттер мен отандық туристерден  3 миллион 800 мыңнан астам адам қатысыпты. Алаш баласының абыройына орай дүбірлі жиын, түрлі табиғат аппттарынан аман, айқай-шу мен басбұзарлықтан ада өтті. Түсіне білген адамға бұл да болса мәртебе!

ЕХРО- ның ерсілеу тұстарына шолу

2011 жылдың маусым айында Париждегі Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы СІМ-нің жауапты хатшысы, ҚР-дағы ЕХРО жобасының ұлттық үйлестірушісі Рәпіл Жошыбаев қазақстандық үкіметтің атынан ХКБ-ның бас хатшысы Висенте Лоссерталеске 2017 жылы Астанада ЕХРО Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған өтінімді ұсынды. 2011 жылдың қараша айында, ХКБ Бас Ассамблеясының 150-ші сессиясында Қазақстан делегациясы ЕХРО – 2017 көрмесін өткізуге Астананы таныстырды. Парижде өтіп жатқан EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында Астананың жеңіске жеткендігі белгілі болды. Міне сол күннен бастап, осы ауқымды шараны ойдағыдай атқарып шығудың дайындық жұмыстары басталып кетті. Арада өткен алты жыл, қазақ елі үшін қарбаластығы мен қиындығы қатар жүрген кезеңдер еді. Көрме алаңына арналған аумақ белгіленіп, қатысты құжаттар дайындалып болғанша, екі жылдай уақыт өте шықты. Ал нақты жұмыстар басталып, құрылыс алаңында қызу еңбек жандана түскен шақтарда, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшысы, Елбасы сенім артып, аса жауапты жұмысты жүктеген Талғат Ермегиаев істі болып шыға келді. Біраз уақытқа созылған сот процестерінен кейін, бұл іске  Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты нүктесін қойды. Соттың таратқан ақпараты бойынша, жымқырылған қаражат көлемі 10,2 миллиард теңге болып, Ермегияевпен бірге 22 адам сот алдында жауап берді. Осылайша Талғат Амангелдіұлы 14 жылға бас бостандығынан айырылып шыға келді. Алайда бұл жайсыз хабар әлемге таралып үлгерген еді. Бұл да болса, Қазақстанның абыройлы ісіне өз салқынын тигізіп үлгерді. Әлем жұртшылығы біздегі жемқорлық туралы сан-алуан пікірлер айтып жатты.

Құрылыс қарқын алып жатқан тұстарда, ел аузында «арзан әрі сапасы сын көтермейтін материялдардың» ЕХРО- құрылысына жұмсалып жатқандығы туралы алып-қашпа әңгімелер көптеп айтылып жүрді. Алайда құзырлы органдардан, осы туралы түсінік берген ешкімді естіген жоқпыз. Адамдардың көбі «ЕХРО құрылысы уағында бітпейді» десіп алаңдаушылық танытып жүргенде 2016 жылдың 16 қарашасында «ЕХРО» құрылыс аумағында «декоратив көпірдің бір бөлігі опырылды». Жұртқа ватцап арқылы таралып үлгерген видео, Астананы әбігерге салғандай болды. Ғаламтор бетінде «көрме кезінде оқыс оқиға туылмаса екен» деген күдікті сыбыстар желдей есті. Бұл хабар да әлемге тарап кетті. Ал ел ішінде «құрылыс сапасыз салынып жатыр» деген пікір орнығып қалды. Бұл келеңсіздік тез арада ретке келтірілді, мердігер компания барлық шығынды мойнына алып, жұмысты аяқтап шықты. Алайда кейбір әрлеу мен өңдеу жұмыстары, «ЕХРО» басталып кеткеннен кейін де тоқтаған жоқ. Яғни, күндіз көрменің, түнде құрылыстың көрігі қызып жатты. Жоғарыда тілге жиі тиек етіп отырған «көрменің аман-есен өткеніне де шүкірлік» дегеніміздің астарында осындай астар жатқанын жасырғымыз келмейді. Мемлекет қазынасынан қомақты қаржы ажыратылып, атқарылып шыққан осы «әйгілі жұмыстың» артынан, тағы қандай «іс қозғалатыны» туралы, ешқандай сыбыс жоқ. Алайда «шабандап барып, шырайы кірген» ЕХРО- нысандарындағы жауапсыздықтар заң құрығына ілінбей кетеді дегенге әлі де ерте секілді…

  1. «Біткен іске сыншы көп» демекші, ел абыройын асқақтатып, Астананы әлемге әйгілеген айтулы шара осылайша өз мәресіне жетті. Ең бастысы- көрме табыспен аяқталды. Ендігі жерде қазақтың аузынан шыққан «Болашақтың энергиясы» ұраны, ұлы бастамаларға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған