АСТАНА КҮНІНЕ ОРАЙ «БЕЙНЕУ-АҚЖІГІТ-ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРАСЫ»  ЖОЛЫН ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ  

 

Астана күніне орай Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысы басталды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы аса маңызды көлік инфрақұрылымдық нысаны болып табылады. Ол Құрық портынан басқа елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Жолдың екінші категориясы 85 шақырымды құрайды. Ол Өзбекстан шекарасынан басталып Бейнеу ауданынан өтеді. «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы – Маңғыстаудың  ірі көліктік күретамыры.

— Өткен жылдың соңынан бастап еліміздің Өзбекстан Республикасымен қарым-қатынасы нығая түсті. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда айналымы 37 %-ға өсті. Республиканың Өзбекстанмен байланыс жолы тек Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы мен Бейнеу ауданында ғана бар. Бейнеу ауданы Өзбекстанмен теміржол мен автомобиль жолы арқылы қатынас жасайтын еліміздің киелі қақпасы ғана емес, Орта Азияның Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын бірден-бір қатынас жолы. Маңғыстау облысы ірі көліктік логистикалық орталыққа айналып келеді, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жолдың құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Жоба құны 20 млрд теңгеге жуық. Мердігер мекеме «Теміржол Жөндеу» ЖШС. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ералы Тоғжанов автомобиль жолының реконструкция жасау жұмыстары қарқынды жүргізілетінін атап өтті. Өйткені бұл Каспий көлік дәлізінде жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды нысан.