АСТАНА КҮНІНЕ ОРАЙ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА СУ ТҰЩЫТУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЕКІНШІ САТЫСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Мемлекет Басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Астана күніне орай Маңғыстау облысында «Каспий» су тұщыту зауыты жұмысының екінші сатысы іске қосылды. Жоба аясында облыстағы су тапшылығы мәселесі шешілмек.
Кәсіпорын қайта жабдықтаудан өтіп, заманауи су тұщыту құрылғыларының іске қосылуы аймақты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Каспий» су тұщыту зауыты Мұнайлы, Түпқараған аудандарына, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Құрық ауылдарына және Ақтау қаласының солтүстік бөлігіне тұщы су жеткізіп келеді. Зауыттың белгіленген жалпы қуаты тәулігіне 30 000 м³. Бұл алдыңғы тұщы судың берілу көлемінен 3 есе үлкен.
Аталмыш жобаға ұлттық қордан 3 млрд. 138 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда зауытта 121 адам қызмет етеді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен аймақ ақсақалдары қатысты.
«Елбасымыз өзінің жолдауында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін алдымызға мақсат етіп қойғаны баршамызға белгілі. Бүгінгі «Каспий» су тұщыту зауытының қайта жаңғыртудан өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілгеніне куә болып отырмыз. Бұл да – Тәуелсіз елімізді дамытудың, қазір өңіріміз үшін ең өзекті болып отырған ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге өз септігін тигізетініне сенімдімін. Алдағы уақытта зауыттың жалпы қуаттылығын 40 000 текше метрге дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл жоба да сәтті жүзеге асырылатынына сенемін», – деді облыс әкімі.
Зауыт су тұщыту көлемін 2 есе ұлғайтпақ. Аймақ басшысы бұл көрсеткішті келесі жылға жеткізбей қолға алуды тапсырды. Бұл жобаның аймақ үшін теңдессіз екенін айтты.
Зауыт қуатының күшеюіне тұрғындар дән риза. Солардың бірі, Мұнайлы ауданының тұрғыны Құлжан Егізқараев.
-Бұл халықтың жеңісі. Мұнайлы ауданында 40 мың халық бар. Соны сумен қамтамасыз ету үшін салтанатты жиынға қатыстық. Біз разымыз, деді ақсақал.
Айман Оңғарбайқызы