Павлодар облысында Астана күні тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттері берілді
Астананың 20 жылдығы қарсаңында Павлодар облысында бірден екі үй қолданысқа берілді. Аймақ басшысы Болат Бақауов пәтер иелеріне жаңа үйдің кілттерін табыстады.
Бірінші көп пәтерлі үй «Сарыарқа» шағын ауданында ашылды. Бұл үйдегі пәтерлер ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, жетім балаларға, көп балалы аналарға, бюджеттік қызметкерлерге берілді.
— Мен бұл күнді ұзақ уақыт күттім, — дейді Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген зейнеткер Бекежан Алашбаев. – Өз баспанаң болғаны үлкен бақыт қой. Осы үйді тұрғызған құрылысшыларға шексіз алғыс айтамын.
Бұрынғы кезде екі қабатты үйлер тұрған «Сарыарқа» шағын ауданында осы жылыдң соңына дейін тағы 8 көп қабатты үй тапсырылады деп жоспарланып отыр.
— Мемлекет басшысы атқарушы биліктің алдына еліміздің әр азаматын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша міндет қойды. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы осыған жағдай жасап отыр, — деді Павлодар облысының әкімі өзінің құттықтау сөзінде. – Баршаңызды елордамыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін.
Сонымен бірге, осы күні Ақсу қаласында «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ың есебінен тұрғызылған бес қабатты үйдің есіктері ашылды. Бұл үйдегі пәтерлер кәсіпорынның жұмыскерлеріне табысталды.
— Өз пәтерімнің кілтіне болғаныма сене алар емеспін, — дейді «ЕЭК» АҚ-ы турбиналық жабдықтарды реттеу және сынау жөніндегі инженер Гүлім Шамратова. – Қол жетімді баспана – жас мамандар үшін өз пәтерін ие болудың таптырмас мүмкіндігі.
Энергетикалық компанияның өкілдері ары қарай да әлеуметтік баспана салатындарын айтты. Қазіргі кездің өзінде Ақсуда кәсіпорын жұмыскерлері үшін жаңа үй салынып жатыр.
Әлихан Рахметоллаұлы