Астана қаласы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау тәртібіне көше бастады

25 маусым күні Елордадағы Ақмешіт көшесіндегі «WellHouse» тұрғын үй кешені ауласында, БАҚ-өкілдерінің қатысуымен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау жобасын жүзеге асыру шарасы болып өтті. Шара аясында тұрғындар арасында ҚТҚ сұрыптап тастау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Жоспар бойынша тұтас қала аумағында, қыркүйек айының соңына дейін пластик, қағаз, шыны секілді

өңделетін қалдықтарға арналған сары түсті контейнерлерден 6 мыңнан астамы орналастырылатын боады. Тұрғындар бұл жәшіктерге пластик, металл, қағаз қалдықтармен қоса көлемі шағын электронды техникаларды тастауларына болады. Кезекті шара барысында ең алғашқы 19 сары контейнер «Есіл» ауданында орналасқан төрт тұрғын үй кешенінде орналастырылды. «Шілдеде 45 аулада осындай 200 жәшік қойылады деп жоспарлануда. Жалпылай алғанда, қалада сары түсті 6276 контейнер пайда болады» дейді жобанытаныстырушылар. «Біз қоқысты бөліп жинаудың ең қарапайым жүйесін таңдап алдық. Қайта пайдаланылатын шикізат сары контейнерге түскеннен кейін қалдықтарды өңдейтін зауытқа жеткізілетін болады. Қанатқақты жоба өңдеу тереңдігін 25 %-ке жеткізуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Айнұр Сұлтанғұлова.

Жоба ауа ластауыштарының мөлшерін,қалдықтар жеткізілетін полигондар санын азайтып, табиғи ресурстарды сақтауға, оларды үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталмыш жобаны қала әкімдігі «Оператор РОП» ЖШС-мен бірлесіп іске асырып жатыр. Сары контейнерлерді Қазақстанда жасалған мамандандырылған жаңа техниканың 25 бірлігі босатып тұрады.

«Қағаз қалдықтарынан картон қораптарды, гигиеналық бұйымдарды жасауға болады. Шыны болса, түрлі құтыларды, пластик, металл шелектерді, легендерді жасау үшін қайта қолдануға жарамды», – деп түсіндірді «Оператор РОП» ЖШС-нің басқарушы директоры Сергей Юрча. Оның айтуына қарағанда, жыл сайын Астанада 300 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар қалыптасады екен. Бұл, шамамен, тәулігіне 1000 тонна. Қалдықтардың аталмыш көлемінің 45% – қайта қолданылып, өңдеуге жарамды шикізат.

Экологиялық шарадан кейін БАҚ өкілдеріне Астана іргесіндегі қалдықтарды өңдейтін зауыт жұмысы таныстырылады.

Ерқазы Сейтқали