Астанада 7 мамырда велоспорт маусымы ашылады. Осы күні Жеңіс күніне арналған бұқаралық велошеру өткізіледі.
Шеру сағат 9.00 «Салтанат Сарайы» аумағынан басталып, Қабанбай батыр даңғылының бойымен «Астана-Арена» алаңына дейін жалғасады және «Сарыарқа» республикалық велотрегі аумағында мәресіне жетеді.
Шара барысында велопрокат пунктері ұйымдастырылып, адамдар «Астана Bike» велосипедін пайдалана алады, ең жақын үш станция толық жасақталмақ. Қатысушыларды тіркеу сағат 8.00 басталады.
Шараға белгілі қазақстандық спортшылар да қатыспақ. Велоспортшылар болса, астаналықтарды шараға қатысуға шақырады:
«Құрметті достар, 7 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай өткізілетін велошеруге қатысуға шақырамын. Маусымның ашылуын атап өтіп, ардагерлерге тағзым етейік. Қатысушылар 7 мамырда сағат 9.00 «Салтанат Сарайының» жанына жиналады, — деді Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров. Айта кетейік, Astana Pro Team велокомандасы 6 мамырда «Джиро д’Италия» маусымның бірінші Гран турына қатысады.
«Елімізде велоспорттың жыл өткен сайын кеңінен танымал бола түсетіні қуантарлық жайт. Осындай бұқаралық велошерулер соның дәлелі. Астаналықтарды 7 мамырда өтетін Жеңіс күніне арналған велошеруге қатысуға шақырамын», — деді Astana Pro Team кәсіпқой спортшысы, Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Луценко, ол Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық үстінде.
Аталған шара адамдарды спорт пен салауатты өмір салтын белсенді ұстануға тартуға, экологиялық таза көлік ретінде велосипедті және жол қауіпсіздігін насихаттауға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етуге, сондай-ақ велоспорт маусымының ашылуына бағытталмақ. Шараны ұйымдастырушылар — Қазақстан велоспорт федерациясы және Астана қаласының әкімдігі.