Астанада «Астана! Бірге жарқыраймыз!» фестивалі басталды

Елордада «Астана! Бірге жарқыраймыз!» экологиялық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Шараға елорданың 97 мектебінің 4 мыңға тарта оқушысы, қала тұрғындары мен қонақтары қатысуда.

Фестивальдің басты идеясы – ақылды технологияларды қалаларда тұрақты түрде дамыту, суды үнемді пайдалану, энерготиімділікті арттыру, тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау, балаларға төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-қимылдарды үйрету.

«Бүгін біз шеберлік сыныптары арқылы балаларға «орнықты қала» деген тіркестің мағынасын барынша түсіндіруге тырысамыз. Біз оларға экологиялық тұрғыда таза ортада өмір сүру туралы айтатын боламыз. Мұнда дәрістерді қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары жүргізеді», — дейді қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан.

Оның айтуына қарағанда фестивальге республиканың 6 өңірінің өкілдері қатысып жатыр. Шара соңында фестивальдің белгісі Шымкент қаласына берілетін болады.

Негізі бұл белгі фестивальге қатысушы әр қалаға кезек – кезегімен беріліп отырады. Эко-фестиваль жыл бойы республиканың 16 өңірінде өткізіліп шықпақ.

Фестиваль аясында қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйреніп, интерактивтік квест ұйымдастырылды. Соның арқасында оқушылар энерго тиімді құрылғылар мен бизнестің әлеуметтік-жауапкершілікті тұжырымдамасымен танысып, балаларға арналған «Мен ақылды қаламды сүйемін» тақырыбындағы көптеген жобалар жөнінде біліп қайтты. Фестиваль қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен кең ауқымды флешмобпен аяқталады.

Нағашыбай Қабылбек