Астанада Қазақстан мен Қырғызстан қорғаныс ведомстволары мұрағаттарының ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа Қорғаныс министрлігі Іс басқармасының бастығы – Қырғыз Республикасы Қарулы күштері алқасының хатшысы полковник Қанатбек Мырзабеков бастаған делегация келді.
Қазақстан тарапынан жұмыс кездесуіне Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының басшылығы қатысты.
Кездесуге қатысушылар жеке істерді ресімдеуге, зейнетақыны есептеу үшін қажетті мұрағаттық анықтамалар беруге, құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыруға қатысты мәселелерді талқылады.
– Қазіргі жастар аталарының тағдырына, қайда және қашан қызмет еткеніне, ата-бабаларының ерлігіне белсенді түрде қызығушылық танытып отыр. Қызмет бабымен біз хат алмасу форматында түрлі ведомстволармен өзара іс-қимыл жасап келеміз. Енді бізге қазақстандық әріптестерімізбен де қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік туып отыр, – деп түсіндірді сапардың мақсатын Қырғызстан делегациясының басшысы.
Өз кезегінде ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының бастығы Ләззат Әлжан қорғаныс ведомстволарының мұрағаттық қызмет саласындағы өзара іс-қимылы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.
Тараптардың пікірінше, әскери істегі көне деректерді жинастыру мен сақтау саласындағы практикалық ынтымақтастық бауырлас халықтардың ортақ тарихынан хабар береді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі