Астанада жастар мәселесін талқылайтын халықаралық конференция өтеді
Астана. BAQ.KZ тілшісі. Астанада 19-20 қазанда «Инвестиция — жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық» атты халықаралық конференциясы өтеді.
Конференция ҚР Парламенті Мәжілісі, Қоғамдық даму минстрлігі мен Азиялық даму қоғамдық ассоциациясы, Жапон елінің үкіметі және БҰҰ халықтық қоныстану саласындағы қорымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бахтияр Мәкеннің айтуынша, ауқымды шараға 37 елдің Парламент депутаттары, ғалымдар, сарапшылар, жастар мәселесі жөніндегі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысады. 200 қатысушының ішінде 116-сы шетелден келеді.
«Конференцияда көптеген мәселелерді қарастырмыз. Өзекті төрт секция өтеді. Олар: «Жастардың жұмысқа тұру мен білім алу салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейту», «Ақпарат, білім алу, денсаулық сақьау салаларындағы қызметтерге әмбебап қол жеткізу», «Азаматтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге жастардың толық қатысуы», «Жаһандану жағдайындағы жастардың мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлері». Осы тақырыптар аясында мамандар ой бөлісіп, сапалы ұсыныстар әзірлейтін болады. Конференция қорытындысында Астана декларациясы қабылданады», — деп атап өтті депутат.
Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов конференция географиясы туралы баянады.
«Конференцияға бірнеше елдің вице-министрлері шақырылып отыр. Бүгінде 10 мен 24 жас аралығындағы жастар әлем халқының 1.8 миллиардын құрайды. Тынық мұхиты елдері мен Азия аймағында Жер бетіндегі жастардың 60% өмір сүріп жатыр. Аймақта жастарды инвестициялау мәселесі маңызды мәселе болып отыр. Конференцияда осы аймақтағы сарапшылармен жастар саясатын жүзеге асыруда көпжақты келіссөздер жүргізіп, меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз», — деді А. Оралов.
Оның айтуынша конференцияға «Қазақстан жастар конгресі», Үкіметтік емес ұйымдар, «Жас Отан» жастар қанаты, «Қазақстан студенттерінің альянсы», «Қазақстан-2030» жалпыұлттық қозғалысы секілді жастар ұйымдарының өкілдері қатысады.
Әр секция тақырыбына қатысты ой бөлісуге мемлекеттік орган басшылары қатысады деп күтіліп отыр.
Фото: Нұржас Жақсыбай