Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндері

«ЭКСПО — 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Маңғыстау облысының «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты өнер күндері өтеді. 15-18 тамыз аралығында барлығы 38 мәдени шара өтеді деп жоспарланып отыр», — деп хабарлайды  Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Мәдениет күндерінің ашылуы 15 тамыз күні сағат 21.30-да ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда басталды.

Ашылуға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және 350 өнерпаз қатысты. Концерттік бағдарламада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Дарын сыйлығының лауреаты А.Қосанова, Тамара Асар, Камшат Жолдыбаева, Ғалымжан Жолдасбай, Лұқпан Жолдасов өнер көрсетті. 16 тамызда «Шабыт» шығармашылық сарайы Жамбыл Жабаев атындағы  концерт залында сағат 19.00-да ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешке 53 өнерпаз қатысты. Сондай-ақ, Дарын сыйлығының лауреаты Тамара Асар, Ғалымжан Жолдасбай  және «Жорға» халықтық би ансамблінің фольклорлық концерті өтті. Ал кешкі мезгілде конгресс-холлда Маңғыстау облыстық М.Өскінбаев атындағы филармониясы А.Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дәстүрлі ән-күй-жыр саздарының концертін өткізу жоспарда бар. Оған 70 әртіс қатысады. 18 тамыз күні сағат 19.00-де  М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының «Шыңырау» спектаклі өтеді. Барлығы 45 әртіс қатысады деп жоспарлануда. Сонымен қатар 15-18 тамыз күндері Этно-ауыл аймағында да түрлі мәдени шаралар өтеді. Жалпы, Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндеріне барлығы 567 өнерпаз қатысады. Оның 20 қолөнер шеберлері, 233 кәсіби ұжымдар мен әртістер және 120 этномәдени бірлестіктерінің көркемөнерпаздары. Елорда төрінде өткен дүбірлі думан туралы газетіміздің алдағы нөмірінде кеңінен баяндайтын боламыз.

Ерқазы Сейтқали