Астананың Байқоңыр ауданында жаңа ХҚО ашылды
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астана қаласы Байқоңыр ауданының тұрғындары үшін жаңа фронт-офис ашты. Бұл – Елордадағы 10-шы халыққа қызмет көрсету орталығы. Салтанатты іс-шараға мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов және Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов қатысты.
Еске салсақ, Байқоңыр ауданы Астанадағы Сарыарқа және Алматы аудандарының кейбір бөліктерінен құралған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ұйымдастырылған жаңа ХҚО Абай даңғылы, 80 үй мекен-жайында орналасқан.
«Тағы бір фронт-офистің ашылуы астаналықтардың таңдау мүмкіндігін ұлғайтып, басқа бөлімдердегі жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Ғимарат кең және ыңғайлы болғандықтан, азаматтарға қажетті секторлардың барлығы бар: жеңілдік терезесі, қоғамдық қолжетімділік пунктілері, өзіне-өзі қызмет көрсету және ЭЦҚ беру секторы, сондай-ақ миграциялық полиция қызметкерлерінің секторы мен кассалар», — деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» төрағасы Абылайхан Оспанов.
Жаңа бөлім үш қабатты ғимараттың 2 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын бірінші қабатында орналасқан. Бұл жерде операторларға арналған 13 жұмыс үстелі, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 15 жұмыс орны және электрондық цифрлық қолтаңба берілетін 4 үстел бар. Сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеп, құжаттарын дайындаумен айналысатын миграциялық қызмет мамандарына 4 жұмыс орны қарастырылған. Оның үстіне тұрғындар мемлекеттік бажды бөлімнің аумағында ашылған кассаларында төлей алады.
Байқоңыр аудандық ХҚО-да мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға да барынша жағдай жасалған: пандустар, жеңілдік терезесі, шақырту тетіктері. Бөлімге келушілер үшін арнайы автотұрақ та бар.
Ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында да «Азаматтарға арналған үкіметтің» бөлімдері, яғни жылжыматйын мүлікті тіркеп, зейнетақы мен жәрдемақыны есептейтін бэк-офистері орналасқан.
Еске сала кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Астана қаласындағы ХҚО-лардың мекен-жайы:
Есіл аудандық №1 бөлімі – Мәңгілік ел даңғылы, 30;
Есіл аудандық №2 бөлімі – Сауран көшесі, 7;
Алматы аудандық №3 бөлімі – Достық көшесі, 13;
Алматы аудандық №4 бөлімі – Тәуелсіздік даңғылы, 32;
Байқоңыр аудандық №5 бөлімі – Абай даңғылы, 80;
Сарыарқа аудандық №6 бөлімі – Сейфуллин көшесі, 22;
Сарыарқа аудандық №7 бөлімі – С409көшесі, 13;
Сарыарқа аудандық №8 бөлімі – Республика даңғылы, 43;
Мамандандырылған ХҚО – 20-40 көшесі,2;
Миграциялық ХҚО – Иманов көшесі, 31.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
Баспасөз қызметі