Астананың «құрдасы» – өнердің үлкен ордасы
1998 жылы Ақмола атауы «Астана» болып өзгерген шақтан бері бірге жасап келе жатқан «Қазақ Ұлттық Өнер университеті» үшін де биыл мерейтой, жаңа белес. Жиырма жасқа толған қыз-жігіттер етек-жеңін жинап, маңайына маңғазданып қарайтыны сияқты елордамен бірге жасап, жаңарып келе жатқан бұл өнер ордасының да елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өз орнын тапқанына, өзіндік болмысымен ерекшеленгеніне сіз бен біз куә.
Алғашында «Қазақ Ұлттық Музыка академиясы» аталған іргелі өнер ордасының талай таланттың көпшілікке танылып, жемісті еңбек етуіне едәуір ықпал еткені жалпақ жұртшылыққа әуелден аян. Бүгінде университеттің колледж, бакалавр, магистратура мен доктарантурасында 3 мыңға жуық дарынды жас, келешек өнерпаздар білім алып жатыр. Жуырда ғана «Қазақстан» орталық концерт залында ҚҰӨУ-нің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтіп, оған ҚР Президенті Н.Назарбаев та арнайы қатысқан болатын. Елбасы өз сөзінде елдің бас қаласын Астанаға көшіріп, тәуекелге бел буған кезде, әсіресе, өнер адамдарының көптеп келгенін қаладым дейді. Сонымен қатар, ол мерекелік концерт барысында «Әлемде, елімізде түрлі-түрлі университет бар. Бірақ, Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің орны бір басқа» деп өнер ордасына бағасын, «Өнерлерің өрге жүзсін!» деп жас өнерпаздарға батасын берді.
Думанды кешке арнайы қонақ болған ҚР Парламентінің депутаттары, Үкімет мүшелері мен ел өнерінің майталмандары Қазақ Ұлттық Өнер университетінің жас өрендерінің қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады. Мерекелік кеште Кеңес Дүйсекеевтің «Өнер ордасы» шығармасы, Евгений Брусиловскийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсынан үзінді, Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұл» әні, шетелдік композиторлар Л.Бернстайнның «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «симфониялық билер» және басқа да шедевр туындылар орындалды.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ