Астық нарығы жариялылыққа бет бұрмақ
Маусымның 14-і күні Елордамызда еліміздің астық өндірісін жебейтін тағы бір алқалы жиын өтті. Халықаралық ұйымдардың өкілдерімен қоса АШМ-ге қарасты мекемелерінің қатысуымен өткен жиналыста, еліміздің астық нарығының жариялылығын арттыру жобасы талқыға түсті. Бұл шара «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтарын ақпараттық қызметпен қамтамасыз ету жүйесі» (AMIS) жұмысының елімізде ресми түрде қолға алынып жатқандығымен байланысты болып отыр.
Аталған ұйым әлемдегі алпауыт елдер бірлестігі (G20) Ауыл шаруашылығы министрлерінің ортақ шешімімен 2011 жылы құрылған. Қазақстан бұл ұйымға 2011 жылдан мүше болып келеді. Аталмыш ұйымның басты мақсаты — азық-түлік нарығының тұрақтылығын арттыруға және нарықтардың тұрлаусыздығына жол бермеу үшін саяси күштерді ықпалдастыруға бағытталған халықаралық жүйе құру. «Бұл жүйемен тығыз байланыста болу, Қазақстан экономикасының өзекті секторы болып табылатын астық өндіру саласының жариялылығын арттырып, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», — дейді жиналысқа қатысушылар. Жиналыста сөз болған «Қазақстан астық нарығының жариялылығын арттыру» жобасын БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мен «Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкі» қаржыландыратындығын еске сала кеткен жөн. Алдағы уақытта аталмыш жоба төңірегінде қарым-қатынасты арттыру және негізгі әріптестер арасында диалог жасау мақсатында Астана, Алматы және Қостанай қалаларында астық өндірушілер мен экспорттаушыларға, сауда компаниялары мен әріптестерге, Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдеріне арналған AMIS жүйесін презентациялау шаралары өткізілетін болады.
Күн санап әлем назарын аударып келе жатқан Қазақстан астық өндірісі саласы алдағы уақытта Халықаралық ұйымдардың қолдауымен астық нарығы саласындағы ақпараттарды ашық жариялап отыратын болады. Бұл елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіруге серпін бермек. Осы арада көрші Қытай елінің қолға алып жатқан бастамаларын қаперге алудың да зияны жоқ деп ойлаймыз. Қытайдың ғаламтор желілерінде әр өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің күнделікті баға жағдайын арнаулы мекемелер ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Бұл әдіс ауыл шаруашылығы өнімдері саудагерлері үшін таптырмайтын дереккөз саналатындықтан, нарықтағы бәсекелестік пен сапалы өнімге деген сұранысты өтеп келеді. АШМ тарапынан қолға алынып жатқан бұл үрдіс елімізде де өз жемісін береріне сенім мол.
Ерқазы Сейтқали