Асуы бір құстың да, асуы бір көптің де

Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, биік жерде орналасқан, ауа райы өзгеше, қысы қатал, жазы салқын, қасиетті де киелі өңір. Осынау өңірде Қазақстан мен Орта Азиядағы құстарға арнайы сақина салатын зерттеу орталығы жұмыс істейді. Ол ауданның Шақпақ асуында орналасқан.

Жалпы, бұл өңірде «Шақпақ ата» атауына қатысты көптеген атаулар бар. Олар: «Шақпақ асуы», «Шақпақ теміржол бекеті», «Шақпақ ата ауылы», «Шақпақ қалашығы», «Шақпақ ата әулие үңгірі», «Шақпақ желі». Мұның барлығы осы өңірде кремнийдің мол қорының табылуымен орай тарап кеткен атаулар. Оған Шақпақ тауларында от шығаратын шақпақ тастардың көп болуы сеп болғаны анық. Осы атаулардың ішінде Шақпақ асуы Күйік асуына қарағанда шағын жота. Ертеректе шығыстан шыққан Ұлы Жібек жолының керуені осы Шақпақ асу арқылы Түркібасы (Түлкібасы) өңіріне өтетін. Қазір де бұл жол батыс пен шығысты жалғастырып жатқан күре жол бойында орналасқан.

Ресейлік ғалым Е.Фенко 1964 жылы Түрксіб теміржол желісінің бойымен жүріп, жиырма жылдан аса жүргізген зерттеу жұмыстарының барысында жоғары дәлдікті геодезиялық өлшеулер бұл жердің ең жылдам көтерілуі осы Үлкен Қаратау жотасының Құлантау арқылы өтетінін анықтаған. Оның орташа мәні жылына 10-12,5 миллиметр болатынын есептеп шығарған. Бұл асуда ауа райы да құбылмалы, үнемі өзгеріп отырады. Көктем мен күз айларында шығыстан батысқа қарай бірнеше тәулік бойы секундына 35-40 миллиметр жылдамдықпен жел соғып тұратыны тағы бар. Мұны осы аймақтағы тұрғындар «Шақпақтың желі» деп атайды. Бұл кезде жыл құстары төмендеп ұшатындығын байқаған орнитолог ғалымдар құстарға сақина салу орталығын осы асуға құрған екен.

Ғылыми-зерттеу орталығының зертхана меңгерушісі Рамазан Құдабаевтың айтуынша, орталық, дәлірек айтсақ, қазақстандық зоолог ғалым И.А.Долгушиннің бастамасымен Қазақстанда құстарға сақина салатын және зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталық 1966 жылы құрылыпты.

– Шақпақ асуы – күзде құстардың оңтүстіктегі жылы аймақтарға қайта ұшып кететін бірден-бір қолайлы асуы болып саналады. Өйткені, Қазақстанның оңтүстік шығыс және оңтүстік алқабында шығыс-батысқа қарай 1000 километрге созылған биік Тянь-Шань тау жоталарының тізбегі алып жатыр. Ендік бойынша орналасқан бұл тау тізбектері құстардың оңтүстік аймақтарға өтуіне едәуір кедергі жасайды. Көптеген жыл құстары солтүстік оңтүстік аймақтарға қоныс аудару кезінде тауды жағалай ұшу қолайлы әрі биік емес асуларды іздейді. Міне, сондай қолайлы асу Шақпақ асуы болып есептеледі. Бұл асудың тағы бір артықшылығы, құстарға қажетті қоректік заттар бұл өңірде молынан кездеседі, – дейді Рамазан Құдабаев.

Орталық маманының айтуынша, бұл асу арқылы 250-ге жуық құс түрі ары-бері жыл мезгілдеріне қарай қоныс аударып отырады. Күз айларындағы кейбір күндері асудан жүз мыңдап құстар тобымен ұшып өтетін көрінеді. «Шақпақ асуы онша биік емес, шағын жоталы жер. Оның айналасында егістік пен шағын тоғайлы алқаптар бар. Мұнда биік екі жотаның арасындағы сайға ерекше берік жіптерден тоқылған үлкен торлар арнайы берік бағандарға керіп, тартылып бекітіледі. Орталық ашылған алғашқы жылдары бар болғаны 4-5 мың құсқа сақина салынған. Кейіннен тордағы жуан жіптер байқалмайтын жіңішке, берік капрон жіптермен алмастырылып, мұндай торлар бір емес, бірнеше тұсқа орналастырылған соң ғана өз нәтижесін бере бастаған. Бұған дейін жылына 2 мың құсқа сақина салынып келген болса, өткен күзде 7 мың құс торға түсіп, сақина салынды», дейді зертхана меңгерушісі.

– Осында маған дейін жұмыс істеген ғылыми қызметкерлердің айтуынша, бір күнде 12-14 мыңға дейін оңтүстіктен өз отанына оралып келе жатқан құстар тобымен торға түскен екен. Олардың барлығына сақина салынған. Мұндай жағдай жетпісінші жылдардан кейін ешбір орнитологиялық сақина салу орталықтарында тіркелмепті. Жылда түскен құстардың арасында орталықтың сырғасы салынған құстар да сирек болса да торға түсіп қалып жатады. Орталықтың тарихында мұндай жағдайлар тіркелген. Жалпы, Шақпақ атадағы сақина салу орталығында көбіне ұсақ торғай тектес құстар торға түсіп жатады. Атап айтсақ, қарлығаштар, наурыз құстар (шақшақайлар) қараторғайлар, қунақтар, сұлыкештер, кептерлер, қарғалар, шәуқарғалар. Ал, көкқарғалар, бәбісектер, боздақтар, ұзынқанат қарлығаштар торға аз түседі. Торларға құстар көбіне күндіз түседі. Түнде жапалақтар, көкектер, тентекқұстар, бөденелер, сайрауықтар түсіп қалады. Орталықтың жұмысы жақында қайта қолға алынып, 16 сәуірден бастап тор құрып, құстарды сақиналайтын боламыз, – дейді зертхана меңгерушісі Рамазан Құдабаев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы