Асық ойнаған азбайды

«Асық ойнаған азады,

Доп ойнаған тозады.

Бәрінен де қой бағып,

Құйрық жеген озады» — дегенді айтқан ата-бабалаларымыз, өз заманының тіршілік талабына сүйене отырып айтқан-ау, сірә. Болмаса, бүгінде ала допты алөкпе болып қуғандар да (әрине, футболшылар) ақшалы ғой.

Сонымен, әңгіме ауаны асық ойындарына ауған біздер, яғни балаларымыз бен немерелеріміз асфальтта өсіп жатқан қалалықтар, қара жердің шаңын шығара шуылдасып ойнайтын асықтың баланы мергендікке, шымырлыққа, ұтқырлыққа баули отырып, денсаулығының да мықты болуына әсері көп екенін енді ғана түсінгендейміз.

Асық ойнаған азбайды

Осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар облысы бойынша, ұлттық құндылықтарға, соның ішінде ұлттық ойындарға жанашыр азаматтардың ұйымдастыруымен «Асық party» атты жоба  ұйымдастырылып, өткізілгені жайлы жазған едік. Игі бастамаға риза болып, ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға рахметімізді жаудырғанбыз.

Ал енді жуырда  «Қазақстан-zaman» ЖШС-і Бас директорының орынбасары, «QAZAQSTAN ZAMANY» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Рая Ескендір, №137 мектеп директорының орынбасары Шалқар Рахманұлы және мен, Жанбақыт Мерекеұлы әділқазылық еткен, керемет бір іс шараның куәсі болдық.

Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты №51 балабақшада «Асық party» атты шара, яғни, жарыс өте қызықты өтті. Онда алдымен жеткіншектер асық атып сайысса, кейіннен әкелі балалы жұп болып, асық атудан отбасылық сайысқа түсті. Олар: Қайыркен Саят (әкесі Рахат), Кан Артур (Артем), Дарибай Данияр (Ерлан), Әділжан Әліби (Кенен), Минал Ернұр (Ерлан), Калашников Богдан (Дмитрий). Біркелкі қазақы киінген қатысушылар жарысының нәтижесінде жеңімпаздар да, өзге қатысушылар да бағалы сыйлықтарға ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Осы өткен «Асық party» жарысының ерекшелігі, қазақты айтпағанда, сол маңда тұратын жиырма бес ұлт өкілінің балалары тәрбиеленіп жатқан орыстілді балабақшада өткендігі және Алматыдағы қазақ балабақшаларының алдын орап кеткендігі бізді ерекше сүйсінтті.

Жарыс соңында осы кішкене ғана «патшалықтың» патшайымы Фарида Қызырханқызы өзі бастап, бізді балабақшадағы салт-дәстүрлерге арнаған бөлмелермен таныстырды, сондай-ақ бізге ол кісімен қазақ тілінің маманы Ғазиза Мамытханова жетекшілік ететін, арнайы жабдықталған қазақ тілі кабинетінде отырып, еркін әңгмелесудің сәті түсті.

Жанбақыт Мерекеұлы: — Фарида Қызырханқызы, есіктен енгеннен қазақы үлгіде безендірілген қабырғаларға қарап, орыс балабақшасы деп ойламағанымыз рас. Оған қоса, тәрбие көзі де ұлтымыздың салт-дәстүрімен сабақтасып жатыр екен. Осының бәрі басшының басқару біліктілігі мен ұлтжандылығына байланысты деп білеміз. Мүмкін болса, сұқбатымызды өмірбаяныңыз бен осы балабақшадағы еңбек жолыңыз жайлы қысқаша әңгімеден бастасаңыз.

Фарида Қызырханқызы: — Алматы облысы Нарынқол ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келіппін. Марқұм әкем — Қызырхан да, анам — Гүлшаруан да электрик болып қызмет етті. Отбасында он ағайындымыз. Барлығымыз  Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында тұратын  нағашы әжемізде тұрып,  педагогикалық колледжді бітірдік. Мен бұл оқу орнын 1991 жылы тәмамдап, бір жыл ауылда мектепте қызмет еттім. Кейін қайтадан Есік қаласына оралып, ақыл-есі кеміс балаларға арналған мектепте сабақ бердім. Одан кейінгі жылдар ішінде Алматыға қоныс аударып, Қыздар Педагогикалық университетінің қазақтілі мен әдебиеті факультетін тәмамдадым, отбасылы, балалы-шағалы болдым. Сол кезде балаларымды балабақшаға орналастыра алмай қиналған кезім есімнен кетпейді. Әйтеуір, бір күні осы №51 балабақшаға келгенімде, өте көреген де білімді меңгеруші балаларымды балабақшаға,  өзімді қазақ тілі маманы ретінде жұмысқа қабылдап, үлкен көмек көрсеткен еді. Ол кезде балабақшада қазақ балаларының саны өте аз, оның үстіне қазақ тілі пәнінің маманының өзі өзге ұлт өкілдері екен. Біраз уақыттан кейін әдіскер болып жұмыс атқардым. 2009 жылы қалалық Білім басқармасы мені меңгеруші етіп тағайындады. Бүгінде іргетасы 1954 қаланған балабақшамызда 243 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшаға электрондық жүйе арқылы қабылданады. Тәрбиешілеріміз әр кез білімдері мен біліктіліктерін көтеріп отырады.

Ж.М: — Біз тура осы «Асық party» деген атаумен павлодарлық әріптестеріміздің облыс көлемінде өткізген шарасы жайлы жазған едік. Меніңше, сіз бұл бастамамен біраз жылдардан бері айналысып келе жатқандықтан, «Асық party» идеясының авторы да өзіңіз сияқтысыз.

Ф.Қ: — 2014 жылы Қазақстан бойынша, 77 балабақша «жаңа технологиялы-эксперименталдық алаң» тізіміне енді. Олардың ішіне Алматыдан енген 6 балабақшаның арасында балалар денсаулығын шыңдау, шынықтыру технологиясы бойынша ізденіп, жұмыс істеуі тиіс, біздің №51 балабақша да бар.  Біз неге бұл денсаулық жүйесін таңдадық? Өйткені, қазіргі кезде ата-аналардың негізгі талабы: баласы мектеп табалдырығына әріп танып барсын, қазақша, ағылшынша үйренсін екені анық. Бұл орынды талап. Бірақ, олар бала денсаулығын шыңдауға қатысты мәселені ескере бермейді. Балабақшада болмаса да, үйлерінде қолдарына планшет, ұялы телефон беріп қояды. Әйтеуір, мазаларын алмай, тыныш ойнап отырса болды. Бұл баланы дене қимылдары ойындарынан алшақтады.

2015 жылы Алматыда педагогикалық оқулар өтіп, оған қатысушылардың бәрі шетелдік озық технологияларды қолдану тәсілдерін көрсетіп жарысты. Біздің балабақшадан Инга Иальерьевна Ким деген білікті маманымыз қатысып, 2 орынды иеленді. Бостандық ауданынан қатысқан бір балабақша тас технологиясы бойынша қорғап, 1 орын алды. Дәл осы жерде маған неге өзіміздің асықты ойын түрінде ғана емес, оқыту, дамыту, шынықтыру құралы есебінде пайдаланбасқа деген ой келді. Осы ойымды ұжымдағы әріптестеріме айтқанда, олардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері екендіктеріне қарамастан, бірауыздан қолдап, түрлі пайдалы ұсыныстар айтып, асық жинауға атсалыса бастады. Жүрген жерімізден, той-томалақта асық жинай жүрдік. Мен дереу асықты толық зерттеуге кірістім. Әрине, асық майлы зат болып саналады. Сондықтан, оларды калциленген содаға салып, екі жарым сағат қайнаттық. Нәтижесінде шала мүжілген асықтар тазартылып, бала қол-аяғын жарақаттап алмас үшін, өткір тұмсықтары жонылды.

1-3 жасар сәбилер үшін, асықты тесіп тізбек жасадық. Осылайша, жас ерекшеліктеріне қарай асық ойындары күрделене түсіп, үлкен бір әдістемелік құралға айналды. Әсіресе, күндізігі ұйқыдан оянған балалар бірі бүк, бірі шік, бірі омпай жатқан асықтан жасалған денсаулықты нығайту жолақшаларын табандарымен басып жүрген кезде, денесі тітіркенгеннен денсаулығы да жақсара түседі. Тіпті, бүгінде жалпақтабандықтан бастап, тіл кемістігіне дейін емдік қасиеттері бар екендігі айтылып жүр. Әрине, айта берсек, асыққа қатысты пайдалы ойындар көп. Солардың бірі, асықтар тігілген қолғап. Оны балалар қолдарына киіп алып, бір-бірінің арқасы мен қолдарына массаж жасайды. Бұл қолғаптың ерекшелігі сол, ол қытайдың кез келген массаж жасайтын құралдарынан артық дәрежеде екендігі. Екіншіден, асық құрылысы сүйектен болғандықтан, адам ағзасы үшін өте пайдалы екен.

Ж.М:  Ал енді, естуімізше, асықтарыңызды Астанада өткен ЭКСПО Халықаралық көрмесіне де апарған екенсіз. Сол жайлы әңгімелесеңіз.

Ф.Қ: — Иә, «Болашақ» мектепке дейінгі мекемесі, «Форте Банк» т.б. бірлесіп ұйымдастырған бір жобаға қатыстым. ҚР Білім және ғылым министрлігінен асыққа қатысты бір ролик жасап беруімді сұраған соң, ролик жасап бергенмін. Сөйтсем, мен жасаған ролик көп көрермен жинап, жоғарыда айтқан жобаға өтіп кетеді. Осыдан соң, маған асықтарымды алып, Астанаға бір күнге келіп кетуім керектігін айтып, шақырды. Қасыма №152 балабақша меңгерушісі Гүлзия Әбдірахманқызын ертіп, асықтарымызды алып, артынып-тартынып Астанаға аттандық. Ол жерде де біздің көрмемізді көріп, таңданыстарын білдіргендер мен қолдаушылар көп болып, жартылай финалдан финалға өтіп кеттік. Осы жоба барысында финалға өткендер жобаларын ұстаздардың тамыз конференциясында да көрсететіні, ары қарай ЭКСПО-ға шығарылатыны айтылды. Ал оған әлі он күн бар. Біз болсақ, Астанаға бір-ақ күнге келген адамдармыз. Үйде екі жасар балам, отбасым қалды. Кетейін десем, «Болашақ» мектепке дейінгі мекемесіндегілер, қалуым керектігін, өйткені, бұл жобаға аса үлкен мөлшерде қаражат бөлінетіндігін айтты. Тәуекелге бел буып, қалуға тура келді. Межелі он күн де өтті. Келісім бойынша, асықтарымызды ЭКСПО алаңына түнгі мезгілде орналастырамыз деген ұйымдастырушылар үн-түнсіз. Өзім телефрн соғып, хабарлассам, асықтарыңыз қойылмайтын болды дейді. Дегенмен, таң атысымен асықтарымызды алып ЭКСПО алаңына келдік. Ондағылар кіргізбейді. «Болашақтың» бір директоры бір журналистке айтып, басқа жағынан кірдік. Біз кірсек, жобаға қатысушы тоғыз үміткер түнде кіріп, орналасып алыпты. Ұйымдастырушылардың «қоймайсыңдар» дегеніне қарамай, жағаласып жүріп, асық көрмемізді жайдық. Амалдары таусылған олар, ендеше «Асық технологиясы» деген атын өзгертуіміз керектігін, олай етпесек, таныстырып, сөйлемейтінімізді айтты. Бұл уақытта көрсетілімге 10 минут қана қалған болатын. Біздің табан астында ойластырған атауларымызды жақтырмаған ұйымдастырушылар өздері тарапынан «Этно-Мантиссори» деген атауын ұсынды. Бұл атауды жақтырмасақ та, қаншалықты намыстанып, қобалжысақ та, бізге көнуден басқа амал жоқ еді. Сонымен, бұл алаңда да көрермен ең көп жиналған көрме біз болдық. Оны Білім министрінің өзі де көрді, әрі құлағдар болды. Көрмеде асығымызға қызыққандар кейбір асықтарымызды қолды қылып та кетті. Одан бөлек, телефондарымызды алып, бірлесіп, бизнес-жобаға айналдырайық дегендер де табылды. Осы орайда, айта кетер жайт, көрмеге келген өзге тоғыздың жобалары да заманға сай жаңа технологияларға негізделген бизнес жобалар болатын. Ал біздің асықтарымыз бизнес-жобадан гөрі педагогикалық тәрбиеге бағытталған. Дегенмен, Білім министрі финалистерге мектепке дейінгі мекемелердің бәрі осы технологияларды қолданысқа енгізуі керектігі туралы арнайы хат жіберілетіндігін айтқан еді. Бірақ, хат әлі келмеді…

Түйін: «Асық party»-ды алғашқылардың бірі болып өткізген №152 балабақшадан қабылдып алған №51 балабақшадан шара соңында эстафетаны №137 мектеп қабылдап алды. Рас, Фарида Қызырханқызы — аталмыш жобаның авторы болсын, мейлі болмасын, оның бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар. Бірақ, ұлттық құндылықтарымыздың құнын құйтақандай ғана асықтан тауып, ұрпақ қажеттілігіне жаратып жүрген ұлтының ұлтжанды қызына қалай риза болмассың. Ендігі мәселе — «Асық party» эстафетасының жалғастылығы мен өміршеңдігі. Ол сақталса, қазақтың салт-дәстүрі де сақталмақ.