АСЫЛ АЗАМАТ

АНАТОЛИЙ ИВАНОВИЧ ШЕИН — Қазақстан химия өнеркәсібінің аса ірі басшыларының бірі болды. Оның есімі мен үлкен еңбегі Жаңатас және Қаратау қалаларының тұрғындарының есінде ұзақ сақталады.
Оның атына көше және аллея берілген.
Ол 1920 жылы туылып, 1983 жылы қайтыс болды.
Мына төмендегі ұзінді естеліктерден оның бүкіл адами болмысы айқын көрінеді.
«…А.И. Шеиннің есімімен көп нәрсе тығыз байланысты екендігін айтуымыз керек. Комбинаттың өсуі мен гүлденуі, біздің өнеркәсіп орнының өндірістегі, мәдени-әлеуметтік саладағы жетістіктері үшін Ленин орденімен марапатталуы сол кісінің басшылығы кезінде болды. Сауықтыру лагерьлері, санаторий-профилакторийлер, авиа және спорт клубының дүниеге келуі, көптеген өмірлік мәні бар құрылыстардың салынуына тікелей ұйытқы болды. Осы игі істердің бастауында біздің ұлы басшымыз, асыл адам, қайырымды жан, қадірменді әкеміз Анатолий Иванович Шейн тұрды».
А.И. Перенков — Жаңатас қалалық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы;
«… Сөз жоқ, көптеген басшылардың ішіндегі ең жарқын, ең елеулі деп А.Шеинді нық сеніммен айтар едім. Оны ерекше қадірлеп, ерекше сүйдік. Ол өте-мөте қарапайым, елгезек, елге жақын жан болды. Бар жан-тәнімен жұмысқа жаны ауыратын. Оған тәкаппарлық, кісімсіну жат болатын. Адамдармен, тіпті жас баламен де шүйіркелесіп сөйлесе беретін. Ол алуан түрлі мінезді жандардың жүрегінің нәзік қылын тауып ала қоятын. Кез келген адамның пікіріне құлақ түретін.
Оның сүйікті мәтелі «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» болушы еді».
А.И. Паршин — Жаңатас қалалық партия комитетінің бұрынғы екінші хатшысы;
«…Анатолий Иванович кез келген адаммен ортақ тіл табысатын Ол сыпайы әрі ибадатты еді. Менің ойымша, оның ешқашан жаулары болған емес. Оны білетіндер оның әлдекімдердің жасаған шалдуарлық қылығын ұнатпай еске алғанын естіген емес. Ол алдына келіп отырған адамның тағдыры, хал-жайы үшін одан әрмен жаны ауыратынының талай куәсі болдық.
Оның көптеген өнеркәсіптік, өндірістік салалар бойынша білімдарлығы, білгірлігі кімді де болса таңдандыратын. Аса ірі ұйымдастырушы, ғажайып мінезді адам, нәзік психолог. Бір қызығы, ол өз әріптестерінің барлығын есімімен атайтын. Алымы жақсы жас мамандарға қамқорлықпен қарап, оларды үнемі назардан тыс қалдырмайтын еді. Анатолий Ивановичтің ұлттық кадрларды тәрбиелеудегі қызметі өте үлкен.
Үлкен өндіріс орнының басшылары Амантай Өмірзақов, Бейбіт Асылбеков, Жандарбек Қаленов – Шеиннің құнары мол өндірістік мектебінің түлектері. Ал, біздің «Қаратау» АҚ бұрынғы президенті Сүйінбек Түйтебаев та сол кісінің шәкірті болып саналады. А.И. Шеиннің басшылығы кезінде Қаратау комбинаты сегізінші бесжылдық қорытындысы бойынша Ленин орденімен марапатталды. Көптеген еңбеккерлер үкіметтің жоғарғы наградаларына ие болды. Ол кеншілер қаласы Жаңатастың гүлденуіне, комбинаттың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Осы өңірдегі барлық өзгеріс, жақсылықтарда оның қажырлы қызметінің өшпес іздері бар».
А.В. Недагон – «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бұрынғы бас директоры
(Жазушы П. Дүйсенбиннің «Сарысунама» кітабынан алынды)