«АСЫЛ ӘЖЕЛЕР» АНСАМБЛІНЕ – 20 ЖЫЛ

Аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың Биназар ауылында құрылған «Асыл әжелер» ансамбліне 20 жыл толуына орай «Әжелер салған әндер-ай!» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік жиынның ашылуында сахна төріне шыққан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұргелді Қазақбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, әжелерге «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Сондай-ақ әжелерге аудан әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласына ағымдағы жылдың тамыз айына 3 күндік жолдама берілді.
Бұдан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ізгітілегін айтып, әжелерге Мойынқұм ауданының Құрметграмотасын табыс етті.
Іс-шара барысында әжелер баянның сүйемелдеуімен дәстүрлі әндер орындады. Алды сексенге жақындаған апалардың елдің көзайымы болып, бойдағы жігер мен жалынды жоғалтпай белсенді еңбек етіп жүргендері, олардың ізін басып келе жатқан өзге өнерпаздарға да өнеге. Оның үстіне мұндағы нәзік жандардың бұрын түрлі салада қызмет еткенін, сахна табалдырығын тек зейнетке шыққан шағында аттағанын естігенде таңдана түсесің. Әжелеріміздің ауыл, үйдің арасындағы той-томалақтың деңгейінде қалып қоймай, қазақ әнін үлкен сахналарда орындап, мерейін асырып жүргені қуантады.
Ансамбльдің негізін 2004 жылы мәдениет саласының ардагері Әбілхаева Дариғаш Дәулетқұлқызы бұрынғы клуб меңгерушісі қалаған.
Ансамбль жетекшісі суырып-салма ақын, дәстүрлі әндерді насихаттаушы, қазақ композиторларының әнін орындаушы-Қыбыраева Рәткүл Мәкүшқызы болды. Жиын соңында Мойынқұм ән-би ансамблінің қызметкерлері әннен шашу шашты.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».