АСЫЛЫ ОСМАН: «ҚҰДАЙДАН БІР ЖАС КІШІ ҚАЗАҒЫМА МӘҢГІ ҚАРЫЗДАРМЫН»
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес күнтізбемізге жан жадыратып, мерейімізді өсіретін ерекше бір мереке енгізілгелі төрт жыл өте шықты. Аз уақыттың ішінде Алғыс айту күні ғұрпымызда бар ғұмырлық мерекеге айналып үлгерді. Ауызбіршілігіміз артып, бір-бірімізге деген ілтипат-құрметіміз күшейе түсті. Бұл күнде көктемнің алғашқы лебі сезіледі, сонымен бірге, жанымызға жақын жандарға ыстық ықыласпен жүрек сөзін арнап, жабыққанға жігер сыйлаймыз. Ең бастысы, бұл мерекенің құндылығы тар заманда талай ұлттың баласын бауырына басқан, адамзатты алалап бөлмеген, Алаш жұртының алтын діңгегі – дарқан мінез қазақ халқына Алғыс айтуда жатқанын жадымыздан шығармасақ деймін. Өз басым қазағыма шексіз алғысымды білдіріп, топырағын сүйіп өтемін.
1 наурыз – біздің Республика үшін бірнеше мереке тоғысқан, көктемнің алғашқы жайдары күні. Бұл күні Елбасының бастамасымен татулықтың туын желбіреткен Ассамблея құрылып, «Нұр Отан» партиясы өмірге келді. Алғыс айту күні қазақтың бағзы заманнан бергі достыққа, тілеулестікке, сыйластыққа құрылған әдет-ғұрпымен, сан жылғы салт-дәстүрімен ұштасады. Бұл күнді мен рухани күн деп есептеймін.
Елбасы бізге Алғыс айту күнін белгілеу арқылы бүкіл Қазақстан халқына сыйластықтың ұшу алаңын жасап берді. Ал аталған сыйластық пен жарасымның қандай биігінде самғаймыз, қаншалықты қадірін білеміз, ол сіздер мен біздерге, тікелей өзімізге байланысты.
Алғыс айту күні тарихи деректерде алғаш АҚШ пен Канадада тойланып, мұхиттың арғы жағынан бастау алғаны туралы айтылады. Қай ел болсын өзінің даму даңғылында, тәуелсіздік алу жолында қандай да бір қиыншылықты бастан өткеретіні сөзсіз. Алғыс айту күнінің мән-маңызы сол қиыншылықтан құтылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман орнағанына, бір жағынан, шүкір етумен, бір жағынан, сын сағатта қол ұшын созып, демеу берген ағайынға, атсалысқандарға ризашылық, ықылас-ниет білдірумен өлшенсе керек.
Алғыс деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Алғыс – ізгі ықыластың, жақсы ниеттің, көрсетілген қайырымдылық пен мейірімділіктің, ақ пейілдің жиынтығы. Осы тұрғыдан келгенде, өз басым алғысты алдымен көкте Аллаға, жерде дарқандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған, сөзі қуатты, жүзі шуақты, тілегі тұнық, ниеті ақ, тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жаны таза, жүрегі пәк, ешкімді жатсынбайтын, кісінің түріне, нәсіліне қарап бөліп-жармайтын, алысты жақындатып, аразды татуластыратын, баршаның баласын бауырына басқан, мейірімін, қайырымын аямай да, аянбай да күннің нұрлы шуағындай төңірегіне шашып, мейірімін төге білетін, бүгінгі жарқын күнге жеткізген, үбірлі-шүбірлі еткен, арынан аттамаған, мен үшін бәрінен биік қазағыма жаудырамын. Қазағымның тарихына тағзым етіп, өмір бойы құрметтеп, киелі тілі мен құдіретті сөзін қадірлеп, алдарында бас иіп өтемін.
Бұл күнді атап өтудің мақсаты айқын. Елбасының достық, татулық, толеранттылық, сыйластық, төзімділік қағидаларының негізінде Алғыс айту мерекесін жас ұрпаққа түсіндіре білуіміз керек. Қазақ халқының этнографиясын, тарихын, мәдениетін, шаруашылығы мен дәстүр-салтын, ел бірлігін насихаттаудың кілті, меніңше, мемлекеттік тілді білуде жатыр. Біз кейінгі ұрпаққа осы құндылықтарды ұғындырғанымыз абзал. Үйрену аз, білу керек, білу аз, меңгеру керек, меңгеру аз, қабылдау керек, қабылдау аз, орындау керек. Яғни, тұрған еліңнің әдетін, ғұрпын, салтын, тілін біліп, жан дүниесін ұғу – әрбір қазақстандықтың борышы болуы тиіс.
Біз Қазақстанға Грузиядағы Түркиямен шегаралас жатқан Ахалкалак деген қаладан жер аударылғанбыз. 1944 жыл болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған шағы. Ол кезде мен ес біле қоймаған, небәрі үш жасар баламын. Сол бір зұлмат заманда тып-тыныш өмір сүріп отырған елді бір түннің ішінде мал таситын вагондарға күштеп тиеп, Қазақстанға қарай жөнелтіп жіберген. Мұсылман дінін берік ұстанатын халық үшін үлкені мен кішісі, атасы мен келіні бір вагонда бірнеше ай бойы өмір сүру, қақаған қыста ас-сусыз, от-жылусыз мыңдаған шақырым жол жүру қандай қиямет-қайым болғанын елестетудің өзі қиын еді. Сондай ауыр жағдайдан жол бойы қаншама адам қырылып кетті, қаншамасы көмусіз қалды.
Осылайша бізді Оңтүстік Қазақстан облысына әкелді. Ол кезде Қазақстанда да жағдай өте нашар. Қиындықтан титықтаған халықтың әбден тұралаған шағы еді. Бірақ өзінің даласындай дарқандығымен, пейілінің кеңдігімен біздің халықты құшақ жая қарсы алған қазақтар жер аударылып келгендерге бала-шағасының аузынан бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен осы күнге жеткізді. Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ байтақ жерге ие болуының өзі – қазақтың пейіліне қарай біткен бағы деп ойлаймын. Қазақ қашанда адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, өзі дара, жүрегі бала халық қой, шіркін! Менің анам ерте қайтыс болып, үйелмелі-сүйелмелі балалар әпкем Гүлсара мен көршіміз Айтбике жеңешенің арқасында адам қатарына қосылдық. Соншалықты қиын заманда қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін мен Құдайдан бір жас кіші қазақ деген халыққа мәңгі қарыздармын.
Ұлы Даланы атақонысы еткен, жеті атасын жетік білетін, тегі мен тазалығын сақтаған қазақ халқына ризашылығым шексіз. Сөзімнің соңын:
Тұтас болсын байтақ қазақ даласы,
Аман болсын күллі қазақ баласы.
Оң болсын өмір сүрген заманы,
Сәтті болсын әрбір басқан қадамы! – деген бата-тілегіммен аяқтаймын.
Асылы ОСМАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері