Қасым Аманжол: Үнемі біреуден рұқсат сұрау — медианы тұсаулайды

Алматы қаласында өткен аптада «Цифрлық сауаттылық: кәсіби құзырет, қауіпсіздік және тұтыну» тақырыбында «InternetCA-2019 Орталық Азиядағы саласының дамуы» Х орталықазиялық интернет-форум өтті. Форумда «Желідегі дезинформация: кім жауапты?», «Сайлау: аудиторияны ақпараттандырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі», «Медисауаттылық және цифрлық қауіпсіздік», «Медиадағы нәсілшілдік» секілді бірнеше өзекті мәселелер талқыланды. Біздің назарымызды аудартқан сессия — «Баспасөз бостандығы: бұл мүмкін бе?». Осы сессияда спикер болған Азаттық радиосының продюсері, белгілі журналист Қасым Аманжолды әңгіме тарттық.

 

— Қасым мырза, сізді осы күнге дейін Алматыда өткен медиа форумдардан мүлде кездестірмедім. MеdiaNet ұйымдастырған форумда спикер болуға не түрткі болды?

— Шынында да, форумдарға жиі бармаймын. MеdiaNet спикер ретінде шақырғаны рас. Форумдарға үнемі баруға мүмкіндік бола бермейді. Өйткені, өзімді практик әрі алғы шепте негізгі жұмыс атқаратын журналист деп есептеймін. Бұл форумға қатысатын журналистер практикамен емес, теориямен ғана айналысады деген сөз емес. Көбіне жұмыстың ыңғайынан қол тимейді. Осы жолы журналистер қауіпсіздігі, оның ішінде «Азаттық» журналистеріне жасалған қысым тақырыбы бойынша баяндама жасауға шақырды. Бас тартпадым. Соңғы кезде Азаттық журналистерінің жұмыс істеуі қиындап кетті.

— Осыдан бір-екі жыл бұрын «Азаттық» журналистері медиа форумдардан белгілі бір тақырыптарда, Азаттықтың контентіне сай тақырыптарды топтап хабар тарататын. Осы жолы спикер ретінде шақыруының себебі неде деп ойлайсыз?

— Азаттықтың соңғы уақыттардағы негізгі оқиғаларды бүкпесіз таратуы, ең негізгі, күрделі, даулы, наразылық оқиғаларынан тікелей хабар таратуы жұрттың назарын аударды. Азаттықтың тікелей репортаждарын күтетін адам саны күн сайын артып келеді. Қыстан бері басталған халық толқулары мен наразылықтарынан тікелей репортаж тараттық. Интернеттегі белсенділігіміз еселеп ұлғайды. Mеdia Net-тегі әріптестер де бұған қатысты қызығушылық танытып жатқан шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар, Азаттық серіктесі «Настоящее время» телеарнасының басшысы Кирилл Сухоцкий де баяндама жасады.

— Бірнеше жыл болды қатарынан түрлі медиа форумдарға қатысып келемін. Сөз бостандығы арнайы сессияда қаралмайтын. Көп жағдайда расизм, киберқауіпсіздік, мемлекеттік тапсырыс, әлеуметтік желідегі өшпенділік тілі (ғадауат тілі), діни жат ағымдардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі секілді тақырыптар жиі сөз болатын. Сөз бостандығының мінберлерден айтыла бастауы жақсы құбылыс.

— Біріншіден, бұған билік транзиті, билік жүйесіндегі түрлі өзгерістердің басталуы себеп болуы мүмкін. Алдымызда сайлау бар дегендей… MеdiaNet бұл тақырыпқа саналы түрде барды деп ойлаймын. Ең қызығы, Қазақстанда медиа форум өтіп, бір бөлігін Сөз бостандығына арнай отырып, оған Азаттық журналстері қатыспаса таңғалуға болар еді… Мен мұны еш пафоссыз айта аламын. Қазір қоғам интернетке, оның ішінде әлеуметтік желіге ауып бара жатыр. Жас буын жаппай әлеуметтік желіде отыр. Азаттық қазір әлеуметтік желіде аса белсенді медианың қатарында.

— Билік транзиті жүріп жатса да, «дәстүрлі медиа» қозғалыссыз отыр. Бұған не себеп?

— Меніңше, дәстүрлі медиа команда күтіп отыр. Бізде журналистика азаматтық институт ретінде өзін-өзі дамыту функцияларынан айырылып қалғанына көп жыл болды. Журналистикаға билік тарапынан қолдау білдіру керек. Азаматтық институт ретінде өз бетінше, өз ішінде өзін-өзі дамытқан жөн. Бәсекеге қабілетті болу керек, әртүрлі оқыту жүйелері пайда болып, тәжірибе жинақтап, әлемдік тәжірибе ішінде шыңдалу қажет. Журналистика қоғаммен бірге өзінің барлық функцияларын дамытуға тиіс еді. Ал Қазақстанда соңғы он жылда билік тарапынан енгізілген тоқырау болды. Азаматтық институттар мүлдем дерлік тоқырауда жатты. Журналистика да, оның ішінде «дәстүрлі медиа» деп отырмыз, дәл солай аюдың қысқы ұйқысы сияқты тыныш ұйқыға кетті. Бұл ұйқыдан Азаттық халықаралық медиа болғасын азат болып қалды. Қазақстандағы бөлімшеден хабар таратып жатса да, Азаттық халықаралық медиа стандарттармен жұмыс істейді, қаржы көзі де тәуелсіз. Біз тәуелсіз, бейтарап, халықаралық деңгейдегі массмедиа саналамыз. Сондықтан дәстүрлі медиадан озатын жері көп. Қазақстанда Азаттықпен бәсекелесетін, қазақ және орыс тілдерінде Қазақстанның негізгі оқиғаларынан тәуелсіз ақпарат тарататын халықаралық медиа жоққа тән. BBC, Аl jazeera, Еuronews жоқ бізде. Қазақстанда «дәстүрлі медиа» сырттан бұйрықты күту деңгейінде қалып қойды. Егер Қазақстандағы журналистика азаматтық институт ретінде өз бетінше дамыған, қалыптасқан бағыт, сала ретінде тәуелсіз болса, ол ешкімнен бұйрық күтпеген болар еді. Әрбір оқиғаға байланысты өзіндік баға беріп, сараптама жасап, зерттеу жасап, өз бетінше дамып, дәл осы форумда қазақстандық дәстүрлі арналар мен басылымдар жүрген болар еді. Өкініштісі, ең бірінші кедергі сырттан үлкен бір ағаның, үлкен бір басшының рұқсатын күту. Қазақстан медиасына тұсау боп тұрған нәрсе — үнемі біреуден рұқсат күту.
Негізгі мәселе — журналистер арасында өз бетінше бастама жасау, өз бетінше ұсыныс жасау, біздің қоғам үшін маңызды тақырыптарды анықтап, қалай көрсетуіміз керек, оны біз бермесек болмайды, басқа ешкім көрсетпейді деген тұрғыда әділ, адал бәсекелестікке ұмтылу мәселесінің аздығы. Бір жағынан, әрине, журналистер мен орта дәрежелі менеджерлер тарапынан болып жатқан бастама мен мұрындық болуға талпыныстың аздығы, оның барлығын тоқтатып тастап отыратын жоғарыдағы «ағаның» рұқсаты. Екіншіден, кәсіби дамудың аздығы. Қазақстан бітеу мемлекет емес, Шығысына да, Батысына да есігін ашқан, әлеммен байланысы бар мемлекет. Яғни қазақ журналистерінің халықаралық тәжірибесінің аздығы байқалады. Шетелге бару дегенді туристік сапар деп қабылдайды. Бұл да бір кедергі деп есептеймін.

— Бұдан біраз уақыт бұрын Қазақстан ақпарат кеңістігінде BBC-дің бөлімшесі ашылып, қайта жабылғанын білеміз. Болашақта BBC секілді халықаралық медиа алпауыттарының елімізде жұмыс істеуі мүмкін бе?

— Әбден мүмкін. Егер билік транзиті толығымен жүзеге асып, журналистиканы азаматтық институт ретінде дамытайық деген билік тарапынан сәулелі ойдың ұшқыны болып жатса, журналистика саласын дамытуға болады. Біріншіден, кәсіби мамандарға, белсенді азаматтарға, тікелей медиа менеджментке байланысты.

— Медиа форумда Сөз бостандығы бойынша Орта Азия мемлекеттерінен келген спикерлер де болды. Әлемдік индексті қоя тұралық, Орта Азия мемлекеттерімен салыстырғанда, Қазақстанның жағдайы қалай екен?

— Орта Азия елдерінің ішкі жағдайын толық зерттеген адам емеспін. Қазақстанды Орта Азия мемлекеттерімен салыстырғанда орта деңгейде шығар деп бағамдаймын. Қазақстанда Қырғызстан деңгейіндегі Сөз бостандығы жоқ. Түркіменстаннан гөрі Өзбекстаннан ілгері сәттері көп. Форумда әріптестерімнің баяндамаларын тыңдадым. Әсіресе Қырғызстаннан келген спикерлердің белсенділігі ұнады. Дәл осы форумда Қырғызстандағы медианың дамуы — интернеттегі, әлуеметтік желідегі, билікпен қатынастағы, бизнеспен қатынастағы — бүкіл политрасын қамти алды. Қырғызстан медиасын толық болмаса да, белгілі бір дәрежеде ашып берді.

— Азаттық журналистеріне жасалынатын қысымды білеміз. Оны Азаттықтың тікелей репортаждарынан көріп отырмыз. Белгілі бір жақтан қысым болса да, халықтың ықыласы, Азаттыққа деген сенімі күн сайын артып келе жатқанын да көріп отырмыз. Оған да себеп те жоқ емес…

— Кез келген басылым тірі организм секілді. Халық, қоғам сатқындықтарды ешқашан ұмытпайды. Егер массмедиа сатқындық жасамаса, қашан да әділ, адал мейлінше бейтарап түрде, қоғамдағы ең маңызды мәселелердің ортасында жүрсе, тірі организм секілді дамиды, өзінің беделін, абыройын қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда халықтың ықыласы Азаттық журналистеріне берілген баға деп есептеймін. Біз ешқандай оқиғада сатылған жоқпыз. Сондай команда қалыпастырдық. Азаттық шын мағынасында медиа брендке айналды.

─ Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан КАРИПОВ