Асыраушы саланың адымы қуантады
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Асыраушы саланы дамыту жолындағы маңызды шаралардың бірі – ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Мақсат – кооператив мүшесінен кіріс алып, еңбек өнімділігін арттыру. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне 5 жылдың ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тарту туралы тапсырма берген болатын, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 210 кәсіпорын тіркелсе, оның ішінде 171 кәсіпорын нақты жұмыс істеп тұр екен. Осы кәсіпорындарда 2 700-ге жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған. Оның ішінде басым бағытта сүт өнімін тереңдете өңдеумен 18, ет өнімін тереңдете өңдеумен 21, мақсары майын өңдейтін 5, астық өңдеумен 10, жүн-теріні өңдеумен 3, қант қызылшасын өңдейтін 2, көкөністі өңдеумен 1 және тағы да басқа кәсіпорындар жұмыс істейді.
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен 2014 жылдан бері сүт өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіргені үшін беріліп отырған субсидияның нәтижесінде кәсіпорындардың саны 18-ге жетіп, осы кәсіпорындар былтырғы жылы 682 тонна сары май, 800 тонна қатты ірімшік, 500 тонна құрғақ сүт өнімі өндіріліп, өндірілген өнімдерге жалпы 450,1 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Өткен жылы сүт бағытында 4 кәсіпорын 1 миллиард 700 миллион теңгеге, ет бағытында 4 кәсіпорын 535,2 миллион теңгеге жарақтандыру жұмыстарын жүргізді. Ал бұрнағы жылы ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 19 пайыздан өткен жылы 35,6 пайызға дейін, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктелімі тиісінше 47 пайыздан 56 пайызға дейін өсті, – дейді Қ.Аманов.
Жалпы біздің еліміз тауар тұтынуда шетел нарығына тәуелді екені белгілі. Ал қазақстандық кәсіпкерлер көбіне сыртқа шикізат экспорттайтыны белгілі. Сол үшін, яғни өзіміздің нарыққа өзіміз ие болып, нақты айтқанда нарықтан шетел тауарларын ысыру үшін, отандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті болуы тиіс.