Ата-ананың баласына арналған басты сыйлығы
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек.
Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы,
ол келешекте оның өміріне апат әкеледі»
Әбу Насыр әл-Фараби
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адамзат баласының өмірінің шаттыққа бөленуі, өмірінің жалғасы ұрпағының саналы болуы деп білемін.. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.
Шыр етіп дүниеге сәби келгеннен бастап, ата-ана алдында үлкен міндет тұратыны бәрімізге айқын әрине. Ол үлкен міндет – бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Сондықтан да ең бірінші өзімізді-өзіміз тәрбиелеуіміз қажет. «Не ексең, соны орасың » деген мақал да тектен текке айтылмаған.Бала өз ұясынан көрген білгенін қайталап көріп-біліп, естіп өседі. Бала алдында жаман әдеттен алыс болып, жақсылыққа жақын болсақ, болашақта осы ісіміздің жемісін көреріміз сөзсіз. Алайда кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылайша баланың бірте-бірте болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу, зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.
Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Қыз баланы қырық үйден тыйып, инабаттылықпен төзімділікті бойына сіңдірсек, ер баланы батылдыққа, ұстамдылыққа баулысақ еліміздің болашағы да жарқын болатыны даусыз.
Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ. Баланың бүгінгі іс-әрекетіне, тәртібіне бүгін назар салмасақ, ертең кеш болады. Олай болса, бір сәт уақыт бөліп,балаларымыздың мінез құлқына мән беріп,жан-дүниесіне үңіліп,пікірін тыңдап,ойымен бөлісіп отырайық.Сөз соңына айтарым өміріміздің жалғасы, шаңырақтың шырағы, болашағымыздың бағалысы – ұрпағымыздың амандығы.
Барымызды бағалайық барында….
Айдын ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ