АТА-БАБА АРУАҒЫ ҚОЛДАП ЖҮРЕДІ ДЕГЕНІ РАС ПА? Немесе Зараның сұрағына жауап

Сұрақ: Сайттарыңыға жарияланған АТА-БАБА  АРУАҒЫ ҚОЛДАП ЖҮРЕДІ ДЕГЕНІ РАС ПА? Атты мақалада  рух қолдамайды, қолдай алмайды деп кесіп айту орынды емес. деген сөзді қалай түсінеміз?

Шариғатымызда бәрі анық. Дініміз — толық. Ғалымдардың назарынан осы жағдай тыс қалып қалған ба? Осылай бірте-бірте «әруақ қолдай гөр» дегенге өтіп кетпейміз бе?Жауап берсеңіздер. Сіздерден жауап келмесе, ҚМДБ пәтуа бөлімінен сұраймын. Құрметпен, Зара

 

Жауап: Саламатсызба, біз Mazhab.kz діни ағарту порталы Павлодар орталық мешітіне қарастымыз. Егер Мүфтиятқа сұрақ жолдағыңыз келсе Muftyat.kz немесе Fatua.kz сайтына сауал қоюыңызды сұраймыз.

Ал енді бұл мақаладан мақсатымызды ашықтайық:

Көпшілік халық арасында «Аруақ қолдасын» деген сөз адасушылық тіпті күпір деген ой қалыптасып қалған, расында кезінде бұл сөзді дін ғалымдары және билермен ақындар қолданған, мысалы:

13- хикмет.

Мен «Екінші дәптер» айттым сізге жәдігер,

Аруағымнан медет тілеп оқы түгел,

Дұға қылайын, Өзіне жеткерсін Пәруәрдігер,

Рахман ием, арызданып келдім, міне.

 

138- хикмет

Шын ғашықтар үнемі тірі, өлген емес,

Аруақтары жер астына кірген емес.

Діндар обид, бұл мағынаны білген емес,

Шын ғашықтар халайықтың Қызыры болғай.

(Қожа Ахмет Иссауи)

 

Қожаберген ұстазым,

Бұхара барып оқыған.

Төрт-бес тілді үйреніп,

Көкейге берік тоқыған.

Жалаулы найза, қобызды,

Домбырасын қолға алған.

Қамалға шабар алдында,

Шығарып өлең толғаған.

Жырын сүйген баршасы,

Болмаса кейбір оңбаған.

Алла, аруақ жебеу боп,

Жорықта жолын оңдаған.

Қиын-қыстау кезеңде,

Намысын қозғап өлеңмен.

Батыр-ақын ұстазым,

Қолың қолға дем берген.

(Бұқар жырау)

 

Дін жолын ол түзеткен,

Хақ зіһкірін берік тұтқан.

Халайыққа жол көрсеткен,

Ғаусыл Ағзам, сенен Медет!

Кәміл дүр сенің пірлерің,

Барша білер сырларын,

Түркістан-дүр жерлерің,

Хазірет Сұлтан, сенен Медет!

(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы)

 

Физули, Шамси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз — бу һәммаси,

Медет бер, я шагири фәрияд.

(Абай)

 

Бала берсе тезінен, —

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы,

Артылып туса өзімнен!

(Ақтамберді жырау)

 

Анау бір жылы аттанған,

Ғаскерді қырғыз қырғында.

Ол хабарды ел біліп,

Көп батырмен сен жүріп,

Көзіңнің жасын көл қылып,

Қырылған ғаскер басының,

Қасына барып тұрғанда.

Ақ боз атты шалғанда,

Мойныңа кісен салғанда.

Бабай Түкті Шашты Әзіз,

Сауап бата алғанда.

Тілеуің қабыл болғанда,

Басыңа қыдыр қонғанда,

Ұмыттың ба соны, Абылай?!

(Үмбетей жырау)

 

Қайыры жоқ байлардан,

Ел қонбаған шөл артық.

Жапанды суы суалып,

Бақа сорған көл артық.

Желеп, жебеп жүретін,

Жұма сайын келетін

Иманы бар өлі артық.

Аман болса от бітер ,

Ел жайлаған жер артық .

Жолың түссе жоқтарсын

Көлеңкелі жер артық.

Мұндай байдын жиһанда

Барлығыннан жоғы артық

(Әбубәкір Кердері)

 

Алаштың аруағы

Жебесін, қолдасын!

Ақсақал тілей көр,

Сапарды оңдасын!

Жасаған жар болып,

Қазақтың еліне,

Жасасын, сақтасын,

Алаштың ордасын!

(Жүсіпбек Аймауытов)

 

Сонымен біздің аталарымыз бұл сөздерді қолданып адасуға түстіме немесе тіпті күпірлікке  кеттіме? Құдай сақтасын! Ол кісілер дінін бізден гөрі тереңірек білген!

Ал қазіргі имамдарымыздың бұл сөзді қолдануға болмайды дегенінде жаны бар, себебі қазіргі кездің мұсылмандары бұл сөзді түсінбейтіндей жағдайға жетті. Дінімізде хадистен алынған қағида бар: «адамдарға ақылы жетпейтін нәрсені айтпаңдар! Әйтпесе олар Алланы және Алла елшісін өтірікке шығаруларын қалайсыңдарма?!». Демек имамдарымыздың болмайды дегенінен мақсат адасушылық немесе күпірлік деген үкім шықпайды, бірақ біршама дін қызметкерлерінің өздері де бұл сөздің дұрыс мағынасын түсінбейді. Бұл сөздің дұрыс мағынасы:

Аруақтар Өздігінен пайда-зиян тигізбейді, бар болғаны Алланың рұқсаты және жаратуымен біреудің жақсылығына себепкер бола алады, шапағатшы болады, ізгі өткендері біз үшін дұға ете алады, орысша айтқанда поддержка береді деген мағынада ғана, осы айтқанымызға дәлел:

Әбу Аюб Ансари (радиаллаһу анһу) жеткізген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) айтты: «Момынның жаны алынғанда рахмет тұрғындары болған Алланың пенделері оны дүниеде сүйіншіні қарсы алғандай тосып алады, сосын «достарыңа мұрша беріңдер, расында ол қатты қиындықта болды» деп бір-біріне айтады, содан соң (марқұмнан) «пәленше кісі не істеді? Пәленше қыз қалай істеді, тұрмысқа шықтыма?» деп сұрасады, сонда (марқұмнан) бұрын қайтыс болған кісі жайлы сұрап қалады, (марқұм) «ол менен бұрын қайтыс болды» деп жауап қатады, (рахмет тұрғындары): « Расында біз Алланыкіміз және оған қайтамыз, ол тозақ шұңқырына кетіпті ғой, ол жер нендей жаман орын, нендей  жаман тұрақ» деседі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) айтты: «Расында сендердің амалдарың бақилық болған  жақын туған-туыстарыңа көрсетіледі, егер жақсы болса қуанып, сүйінші сұрасады да «Я Аллам бұл сенің кеңшілігің, оған нығметіңді толық ет» деп тілейді, ал егер жаман болса: «Я Аллам өзің риза болып, саған жақындататын амалды көкейіне салғайсың» деп дұға жасайды». (Сахих. Табарани және Ибн Мубарак жеткізді).

 

Қорытынды:

Енді дін қызметкерлерінің бәрі болмайды деп бұрынғылардың бұл сөзді дұрыс мағынада қолданғандарын ескертпесек, онда бұл біздің Ата-бабаға қиянатымыз болады, себебі қарапайым халық оларды адасуда айыптағанда үндемей қолдаған секілді болып қаламыз. Ата-баба аруағының алдында жүзіміз жарық болсын деп осы мақаланы жарияладық.

Ескерту: бұл мақалада сәтсіз немесе түсініксіз сөздер таңдалған болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дегендей!

Алдағы уақытта және бір рет тексеретін боламыз. Алла білуші.

«Аруақ қолдауы» жайлы төмендегі қонақта дастархан басындағы сұраққа жауап ретінде аудио баяндаманы тыңдап шығуыңызды өтінеміз!

 

ҚМДБ-ның Павлодар өкілдігі Пәтуа бөліміне жауапты маман

Елбек Тасболатұлы