Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра

Ұлы Дала. Ғасыр­лар бойы ұрпақ өсір­ген кең-байтақ қазақ жері. Халқымыз оның қадір-қасиетін жақ­сы түсініп, жоғары бағалаған. Ол тек қана біз емген жер емшегі емес, ол біздің Отанымыз, көне заманнан бері ұрпақ өсірген ата-бабаның мекені. Мен қазақпын деп ешкімнен қымсынбай кең жайлап жүретін қасиетті кеңістік.

Қай заманда болса да қазақ халқы өз жерін қасық қаны қал­ғанша қорғай білген. Осыған байланыс­ты бір-екі аңыз бен та­рихи фактілерді айта кетсек артық бол­мас. Сонау көне за­мандардың бірінде қазақ еліне кемеңгер Мәді (Моде) басшы болған деген аңыз бар. Сол аңыз ұрпақтан ұрпаққа айтылып, бүгінгі біздерге жетіп отыр.

Сол басшыға қазақтармен көрші отырған бір елдің патшасы нөкерлерін жіберіп Мәдіден өзінің ең сұлу әйелін және астына мінген тұлпарын беруді талап етеді. Мәді кеңесшілерін жинайды, бөтен елдің басшысының өктем талабын жеткізеді. Кеңесшілері Мәдіге бұлардың талабы бізге көрсеткен қорлық, оны орындауға болмайды, одан да сол елмен соғысқа шығайық деп ақыл айтады. Кемеңгер Мәді біраз ойланып отырып, бір әйелмен бір аттың құнына бола екі ел соғысып, қан төгіскені дұрыс болмас, сұрағанын беріңдер дейді көмекшілеріне.

Осыдан біршама уақыт өткен­нен кейін жаңағы көрші елдің өкіл­дері қайта келіп Мәдіге өз пат­ша­ларының қазақтан бір жер телі­мін талап еткенін жеткізеді. Мәді тағы кеңесшілерін жинайды. Ке­ңесшілері қазақ жері кең-бай­тақ, бір пұшпағын берсек одан тарылып қалмас, бергенің дұрыс д­еп кеңес береді. Кемеңгер Мәді жоқ олай етуге болмайды. Жер мемлекеттігіміздің негі­зі, аз-көп болсын бөтенге жер беру мемлекеттігімізді жоғал­та­ды. Соғыс ашамыз, ұрысқа дайын­далыңдар деп әмір беріп, ата-баба жерінің қадірін білмеген кеңесшілерінің басын алдырады.

Осы аңыз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп қазақ халқының өзінің жерін асыл қазына, мұра деп қалай бағалайтынын айқын көр­се­тіп отыр. Шынын айтсақ бұл аңыз емес, бабалар өсиеті, оны орын­дау­­ға да­йын екендігімізді талай көр­­сеттік. Кешегі «ақтабан шұ­бы­рынды, алқакөл сұлама» кезінде қазақтың көп жерін жоңғарлар басып алды, бірақ ел есін жинасымен қазақ батырлары ұзаққа созылған соғыс ашып, сол жерлерді тегісімен қай­тарып алды. Яғни бабалар өсие­тін орындады. Кеше егемендік алған тұсымызда біздердің мекені­міз қазақ жері деген аты болмаса оның басқа елдермен шекарасы ай­тар­лықтай халықаралық шарт­т­ар­мен айқындалмаған еді. Осы­ның ар­қа­сында байтақ жатқан жері­мізге көз тігіп, иемденгісі кел­ген­дері де бол­ды. Оны біздер, еге­мен­дік­тің замандастары, жақсы білеміз.

Осындай қауіп-қатерді жақсы түсініп Елбасы, Тұңғыш Прези­денті­міз Нұрсұлтан Назарбаев бар­лық көршілермен қазақ елі­нің шекарасын халықаралық дең­гейде ресми құжаттармен бекітуге егемендіктің алғашқы сәтінен бас­тап-ақ кірісті. Шекара дауы, шекара туралы келіссөздер шым-шы­тырық қиын, үлкен табан­ды­лық­ты, жан-жақты дайындықты, дип­ломатиялық шеберлікті талап ететіні тарихтан белгілі.

Елбасы осындай қайрат­керлікті, дайындықты көрсете білді және қазақ үшін жер иен дала ғана емес, ол асыл қазына, баға жетпес асыл мұра екенін де көршілерге келіс­сөз барысында жеткізе білді. Сондықтан да болар, сол кездегі Қытай елінің басшысы Цин Цзямин Назарбаев мырза! Сіздің жү­рек­тен шыққан сөзіңізден сіздің хал­қыңыздың, Сіздің өзіңіздің ата мекен­деріңізді қанша қадірлеп, сүйе­тіндеріңізді сезіп тұрмын. Осы менің басшылық тұсымда екі ел арасындағы шекара мәселесін шешу ісіне кірісейік, деген екен. Міне, осындай шеберлікпен жүргізілген келісімдер арқылы Қазақстан Қытаймен, Ресеймен, басқа да көршілерімен шекара тура­лы халықаралық дәрежедегі келі­сімшарттарға қол жеткізді. Осы ресми келісімшарттар Бірік­кен Ұлттар Ұйымына тапсыры­лып, тіркелді. Нәтижесінде Қазақ­стан шекарасы бүгінгі таңда әлем­ге белгілі, біздің жеріміз туралы қауіп-қатерден сақтандыра алатын өте маңызды құжат. Осы жұмыс­та үлкен қайраткерлік пен ұлт­жан­дылықты көрсете білген Нұрсұлтан Әбішұлын өз кезегінде баба­лар өсиетін орындай алған Ұлт пер­зенті деп мадақтауымызға негіз бар.

Ал енді ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты қай­рат­керіміздің қарымды ісі­мен де әлем мойындаған қазақ жері шетелдіктерге  саудаланады деген алып-қашты әңгіме, тіпті еш­қан­­дай негізі жоқ ақпарат ел ішіне тез тарап, алаңдаушылық біл­дір­генін көріп отырмыз. Негізі жоқ дейтінім, сонау егемендіктің алғашқы жолдарында «Жер туралы» заң қабылданғаннан бас­тап оның тарихын мен жақсы білемін. Ол заңда да, 25 жыл ішін­де алынған басқа заңдармен рес­ми құжаттарда да ешуақытта жерді, ауылшаруашылық жерін шетелдіктерге сату мәселесін қара­ған да, шешім қабылдаған да жоқ. Президент арнайы қадап айтқан «жер ешкімге сатылған емес, сатылып жатқан жоқ, сатылмайды да» деген сөздер жер мәселесіндегі қисынсыз пікірлерге тос­қауыл қойып, өрекпігендер саба­сына түсуі керек.

Сонымен қатар, 1 шілдеде күшіне енетін жерді пайлану туралы жаңалықтардың мәнін тереңірек түсіне білуіміз керек. Біріншіден, ауылшаруашылық жерлері тек Қазақстан азаматтарына ғана сатылады. Осының маңызы зор. Өйткені, иесі жоқ жерлерді арамшөп басып кеткенін және құнарлылығы төмендеп бара жатқанын баршамыз көріп отырмыз. Осындай жерлерге ие болып, оны шаруашылық айналымына қосуға мемлекет тарапынан ел азаматтарына жақсы мүмкіндік жасалған. Жер сатып алатын болсаң оның құнының жартысын бірден төлейсің, қалған жартысын он жыл ішінде төлесең болғаны.

Тағы бір жақсы мүмкіндік бар. Осыдан 5-6 ай бұрын Пар­ла­ментте ауылшаруашылық кооперациясы туралы заң қабыл­данды. Ол заң фермерлер шаруашылығын біріктіріп, мемлекеттік емес, өзін өзі бас­қаратын, өз табысын мүше­леріне өзі бөлетін өнді­рістік кооперативтер құруға жол ашты. Бұл бұрынғы колхоз іспет­тес, бірақ мемлекеттік жүйеге ба­ғын­байтын, өз жұмысын өзі жобалап іске асыратын ұжымдар. Олар құрылған жағдайда жерге сұраныс көбейетіні сөзсіз. Аталмыш заң олардың да жер сатып алуына жол ашып отыр.

Қазақстан жері ұлан-ғайыр, аз ғана халық оны сатып алып, ие бола алмайды. Сондықтан заң ауылшаруашылық жерлерін өз азаматтарымызға да, шетел азаматтарына да жалға беруді көздеп отыр. Ауылшаруашылық жерлерін жалға беру әлемде кеңінен дамы­ған шаруашылық тәсілі. Жалға жер алып, оның түсімінен жақсы табыс тауып отырған шаруашылық қожалықтарын мен АҚШ-та, Израильде, Германияда, әлемнің басқа елдерінен де көрдім. Біздің жеріміз көп, ол текке жатпай тіпті, шетелдіктерге айтылған мер­­зім­ге жалға беріліп, ол ел игі­лігі­не жұмыс істесе бұны неге қол­да­масқа. Біздің ата-баба­лары­мыздың өсиетінде жерді беді­рейтіп текке сақта деген жоқ. Қайта оны барынша пайдаланып, ел тұрмысын жақсартуы керек деген аманат бар. Жалға беру ісі, оның мерзімі, дұрыс пайдалану тетіктері, қайта мемлекетке қайтару тәртібі, бар­лығы толық заңдастырылған. Қорыта айтсақ, Қазақстанның ауыл­шаруа­шылық жерлерін эко­но­ми­ка­лық дамудың сүбелі факторына айналдырудың кезеңі келді. Алдымызда белсенді жұмыс күтіп тұр. Іске сәт, ағайындар!

Кенжеғали САҒАДИЕВ,

академик