Аталар, мешіттен неге қорқасыздар?
немесе исламды қаралаушылар
Қазіргі таңда ислам діні қанатын кеңге жайып келеді. Тек қана мұсылман мемлекеттері ғана емес, тіпті көптеген Еуропа елдерінің өкілдері де бұл хақ дінімізге кіріп жатыр. Тәубә! Өзіміздің жастарымыз тура жолға түсіп, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ә.с.) ізімен ергендері көңіл қуантады. «Ақырзаман жақындағанда адамдар топ-тобымен ислам дінін қабылдайды» деп Құранда жазылғаны бәрімізге аян.
Алайда ауылдардағы ислам дінінің ахуалы өте төмен деп айтсам қателеспеймін. Өйткені біздің қарттарымыз дінге бет бұрғылары келмейді. Мысалы, өзімнің Қызылорда облысындағы Аққыр деген ауылымда ата-әжелер жастары келсе де арағымен, картасымен қоштасқылары жоқ. Әке-шешеммен ауылға жыл сайын барып тұрамыз. Ауылдағы марқұм атам Айғали өте діндар кісі болатын. Жасы тоқсанға келсе де намазын тастамады. Жұма намаздан да қалған кездері аз. Ал қазір мешітке жұма намазға барсақ, үш-төрт-ақ жамиғат отырады. Олардың өзі кішкентай балалар немесе 20 жасқа дейінгі бозбалалар. «Неге ақсақалдарымыз, ақ жаулықты аналарымыз ең болмаса жұма намазға келмейді?!» деп іштей налыдық. Тіпті олардың өздеріне барып діни насихат та оқыдық. Бірақ олардың сылтаулары: «Уақыт жоқ, мал, бақша қарау керек немесе…» деп жерге қарайды. «Ау, ата, ахиретіңізді неге ойламайсыз? Кейін құдайдың алдында не деп жауап бересіз?» деп әкем шыр-пыр болса да, олар үндемей құтылатын. Менің оларға қатты жаным ашитын. Сонда олар мәңгілік өмір сүрем деп есептей ме екен?! Өзім жас болсам да қазірден бастап ахиретімді ойлаймын. Осы кезде бір ғибратты әңгіме есіме түсті. «Жеті-сегіз жасар бала намазын уақытылы оқып, әр жұма намаз сайын мешітке барып жүретін. Бәрі оны мақтап «молда бала» дейтін. Бір күні мешітте отырғанда оған бір кісі амандасып, жөн сұрасқаннан кейін: «Балам, мен сені ылғи мешітте көремін. Намазыңды оқисың, садақаңды бересің, бірақ неге ерте бастадың? Әлі ойын баласы емессің бе, әне, анау балалар құсап далада асыр салып ойнамайсың ба?» деп сұрады. «Ағай, мені жас дейсіз бе? Өткен апта менің құрдасым қайтыс болды. Еш имансыз, намаз оқымай кетті бұл жалғаннан. Мен ахиретімді ойлаймын, сол бала сияқты иманнан жұрдай бұл дүниеден өтем бе деп қорқамын» деген екен.» Иә, кішкентай ғана баланың өзі осылай қорықса, біз неге қазірден бастап ойланбаймыз, бауырларым?!
Ислам діні керемет дамып жатқанымен, хақ дініміз өте қатты бұзылып кетті. Қазіргі ислам небір тармақтарға бөлінді. «Салафизм», «уахабизм» сияқты жат ағымдар қаптады. Мысалы «уахабизмді» шығарған Англия мемлекеті екенін бірі білсе, бірі білмейді. Исламды жаман етіп көрсету үшін «террорлық дін» деген айып тақты. АҚШ, Англия секілді алпауыт елдер дінімізді бар күшін салып бұрмалап, жамандап, қаралауда. Тіпті арнайы ислам дінін жоюға арналған институттар, ғылыми зерттеу орлықтары ашылған. 2001 жылы 11 қыркүйекте болған террорлық актіні ұйымдастырған америкалықтардың өздері екенін қазір бүкіл әлем біледі. Бірақ менің ойымша, олар ислам дінін қанша тырысса да құрта алмайды. Бұған тарих куә. Қаншама крест жорықтары, небір әскерлер дінді жоқ қылуға аттанған. Алайда олардың өздері тарих сахнасынан жоғалды. Исламды жеке Алланың өзі ерекше қамқорына, қорғауына алған.
Қазақ жастарына айтарым, исламға бет бұрған өте ғажайып нәрсе. Бірақ адасушылықтан сақтанайық. Небір жат ағымдарға ермей, өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстансақ бәрі ойдағыдай болады. Ал қарттарымыз ахиретін сәл болса да ойланса екен. Кеңес үкіметіндегі түсінікті тастап, арақтарын қойып, намаздарын оқып құдайды еске алса нұр үстіне нұр болар еді. Сіздер мәңгілік өмір сүрмейсіздер ғой, қайран қарттарым!
Нұржан Айғали