АТАНЫҢ ЕККЕН МӘУЕБАҒЫ – ҰРПАҚҚА САЯ

Адам еткен еңбегімен, елге жасаған жақсы істерімен сыйлы. Артында ел игілігіне қалдырған істері үшін құрметтейді. Бұл, әсіресе ел басқарып, халық игілігіне сара жол, мол мұра қалдырған адамдарға тән. Сондай аға ұрпақтың бірі, әрі бірегейі-Үлгілі топырағының тумасы Мырзабайұлы Жақыпбай атаның есімін атаған орынды.

Жақыпбай Мырзабайұлы 1901 жылы ауданымыздың Үлгілі елді мекенінде шаруа жанұясында туған.1921 жылдан бастап еңбекке тікелей араласып, ауылда ұжымдастыру жұмыстарына, 1930-1932 жылдары Кеңес үкіметінің жүргізген ұжымдастыру науқанына тікелей атсалысып, жаңадан құрылған «Үлгілі» колхозының іргетасын қалауға басшылық жасаған. 1932-1938 жылдары колхоз бастығының орынбасары, 1938-1950 жылдары колхоз басқармасының төрағасы болып қызмет жасаған. 1950 жылы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында «Ванцетти» және «Үлгілі» колхоздарының негізінде құрылған «Үлгілі» колхозында 1952 жылға дейін басқарма төрағасы, 1952-1958 жылдары басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарған.

Жақыпбай Мырзабаев шаруашылыққа басшылық жасаған 1930-32 жылдары ашаршылық, 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдары сұрапыл соғыс жылдарына сәйкес келгеніне байланысты жұмысбасты болып, тиянақты білім ала алмады. Іскерлігімен халықты игі істерге жұмылдыра білді. Соғыс кезінде майданға азық-түлік, киім-кешек жіберуді назардан тыс қалдырмады. Іскер басшы шаруашылықты басқарған жылдары әсіресе соғыстан кейін колхозда егіс көлемі ұлғайып, «Қызыл қайнар» алқабынан қосымша 2500 гектар тәлімі тың жер игеріліп, ақ егіс суармалы жерлерге су жүйелері тартылды. Қант қызылшасы, тағы басқа да дақылдар егіліп, жоғары рекордтық өнім алуға қол жеткізілді. Мал басы көбейіп, «Құм» өңірі мен «Көделі» жайылымы төрт түлікке толды.

Аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың орталығы-«Үлгілі» ауылы қоныстанған жеріне бас жоспар жасалынып, жаңа көшелердің жобасы сызылып, соның негізінде инфрақұрылымдар жүргізілді. Тұрғын үйлер, мектеп, әкімшілік ғимараты, тағы басқа да әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарын дайындаудың шеберханасына айналды. Қазіргі таңда сол жасалған бас жоспар негізінде ауыл аумағы ұлғайып, соңғы жылдары жаңа көшелер пайда болып, көшелерге асфальт төселіп, көгілдір отын тартылып, бау-бақша, тал-дараққа көмкерілген ауылға айналды.

Ауылда 450-ден аса отбасы, 2500-ге тарта халық тұрады. 10-нан аса ынтымағы жарасқан әртүрлі ұлт өкілдері бір атаның баласындай өмір сүруде. Бір орта мектеп, екі балабақша, екі кітапхана, медициналық амбулатория, клуб үйі, пошта, интернет жүйесі қызмет көрсетуде. Округте 100-ден аса шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, жеке кәсіпкерлер, кооперативтер және сауда нүктелері қызмет жасап, халықты жұмыспен қамтып келеді.

1958 жылы зейнетке шығып, шаруашылыққа сіңірген еңбегі, елге жасаған жақсылығы жоғары бағаланып, «Құрметті колхозшы» атағына ие болған Жақыпбай Мырзабаев 1982 жылы 6 желтоқсанда қайтыс болды. 1998 жылы ауыл тұрғындары іскер басшының сіңірген еңбегін бағалап, ауылдың орталық көшесіне Жақыпбай Мырзабаевтың есімін берді.

“Тау алыстаған сайын биіктей береді” демекші, осыдан 100 жыл бұрын еңбек жолын бастаған, 40 жылға жуық ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан атпал азаматқа ұрпақтары аталарының есімі берілген көшенің кіреберісіне іскер басшының қысқаша өмірбаяны, еңбек жолы жазылған ескерткіш-тақта орнатып, есімін ұлықтады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Мемлекет басшысы: «Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі» деп атап көрсеткендей, жас ұрпақ ескерткіш-тақтадан атаның өмірі мен еңбек жолын, жасампаздық іскерлігін білетін болады. Аға буынның өткен жолы олардың бойында патриоттық сезімді оятып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыратындығы анық.

Жақыпбай Мырзабаевқа арнап орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатына ауыл ардагерлері, тұрғындар, атаның ұрпақтары қатысты.

Шара барысында еңбек ардагерлері А.Мұратбаев, О.Қожамжаров, М.Алдабеков, ауданның Құрметті азаматы Ф.Шаухаров естеліктерімен бөлісті. Ауданның Құрметті азаматы Назым Қуанышбаева, еңбек ардагері Нағима Даусариева лента қию рәсімін жасады. Әрмен қарай аға ұрпақтың есімі ұлықталып, рухына құран бағышталды.

Әділхан Садуақасов, ауданның Құрметті азаматы. Үлгілі ауылы.