АТАТҮРІК
Ататүрік былай дейді: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі — ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!»
Осымен қатар, Ататүрік өз ұлтына қатысты мынадай ойлар айтады:
«Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын!»
«Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек! Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа басие бола алады!»
«Түрік ұлты деген сөз — түрік тілі деген сөз. Түрік тілі — түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі — түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!»
«Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ, өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!»
Ататүрік осы ойларды тек айтып қана қойған жоқ, оны орындаған да! Және қалай орындады десеңізші!! Өз ұлтының мерейі мен мәртебесін көтере білген Ататүрік өзінің ақыл-ойы мен іс-әрекеті арқылы халық сүйіспеншілігіне бөленді. Халықтың ықыласына ие болды. Ататүріктің халық ықыласына бөленуінің сыры неде! Енді осы ретте қазақ оқырмандарын Ататүріктің өмірімен жөне қызметімен, саяси-идеологиялық ұстанымдарымен, көзқарасымен таныстыра кеткенді орынды көріп отырмыз.
***
Ататүрік тек өз халқының, өз елінің ғана емес, бүкіл түрік («түркі» емес, түрік!) әлемінің ұлы презенттерінің бірі. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін туған халқының жарқын болашағына, туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуына, өркендеуіне арнады. Ататүрік қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық күресін басқарып, туған елін ғасырлар бойына созылған сұлтандар әулетінің өзара қырқысынан, импералистік мемлекеттердің Түркияны бөлшектеп, әлем картасынан сызып тастау жөніндегі арам пиғылынан құтқарды. Сөйтіп, Батыс үлгісіндегі, еуропалық сипаттағы жаңа түрік мемлекетін — бүгінгі Түркия республикасын құрды. Осы күн, яғни 1923 жылдың 29 қазаны күні Түркияның бас мейрамы — республика күні болып белгіленді.
…Ататүрік Грекияның Салоники (ол кезде бұл жер Осман империясының құрамында болатын) қаласында туды. Сонда арнайы әскери мектепті бітірді. Кейін әскери училищені және Стамбұлдағы әскери академияны тәмамдады.
Ататүріктің әкесі Әли Рыза бей ерте қайтыс болып, шешесі Зүбәйда ханымның тәрбиесінде өсті. Аға-інілері болмаған. Мақбүпә есімді қарындасы болған. Ол да көп жасамаған. Ал Зүбәйда ханым 1923 жылға дейін өмір сүріп, ұлының қаһармандыққа толы күрескерлік өмірінің куәсі болды.
Әскери мектепте оқып жүрген кезінде Ататүрікке бір күні математика пәнінің мұғалімі былай дейді: «Ұлым, екеуміздің де атымыз Мұстафа екен. Арамызда айырмашылық болуы үшін сенің атың бұдан былай Мұстафа Кемал болсын». Ұстазы осылай дейді де, журналға солай жаздырады. Сөйтіп, азан шақырып қойған аты сәл өзгертіліп, Ататүрік екі сөзден тұратын есім алады (Мұндай есімдер түріктер арасында жиі кездеседі). Ал кейін, 1934 жылы Түркияда фамилиялар туралы арнайы заң қабылданғанда, түрік халқының алдындағы орасан зор еңбегі ескеріліп, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (парламентінің) арнайы қаулысымен Мұстафа Кемалға «Ататүрік» деген фамилия берілді.
Сақария қаласында грек әскерімен болған 21 тәулікке созылған бетпе-бет ұрыста тамаша жеңіске жеткені үшін (бұл шайқас 1921 жылы болған) 1921 жылдың қыркүйек айында оған маршал дәрежесі (бұл кезде 40 жастағы Ататүрік армия генералы болатын) және «Ғази» («Жеңімпаз») атағы берілген еді…
Жаңа тұрпатты парламентті (ТҰҰМ) ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да Ататүрік болды (1920 жылдың 23 сәуірі). Жаңа түрік мемлекеті — Түркия республикасының бірінші Конституциясын дайындап, бекітуге де Ататүрік басшылық етті (1921). Ататүріктен кейін Түркия республикасының тарихында тағы да екі конституция қабылданды (1960 жылы, 1982 жылдары). Бұл конституциялар әскери теңкерістердің нәтижесінде қабылданса да, Ататүрік ұстанымдары, Ататүрік рухы, Ататүрік ұстанған басты принциптер күні бүгінге дейін өзгермей келеді.
Ататүрік Түркия республикасының 15 жылдығына орай елді аралап жүрген сапары кезінде 1938 жылы 10 қараша күні Стамбұлда бауыр церрозынан қайтыс болады (57 жаста). Оның денесі Анкараға әкелініп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.
Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы Түркияда да, шет елдерде де кеп жазылған. Отанында оның есімі күні бүгінге дейін үлкен құрметке ие. Түркияда ғылыми зерттеулерді былай қойғанда, Ататүрік туралы жазылған естеліктердің, оған арналған өлең-жырлар мен дастандардың өзі том-том. Ол жайында көркем шығармалар, фильмдер, спектакльдер, музыкалық туындылар да жетерлік.
Қазақ тілінде Ататүрік туралы 1990 жылдардың басынан бері қарай азын-аулақ материал жарық көрді. Аллаға шүкір, қарғыс атқыр коммунистік режим күйреп, қызыл аждаһа тоңқалаң асқан соң, Қазақстанның азат әлеммен, оның ішінде Ататүрік елімен қарым-қатынасы жақсы дамып келеді. Екі ел арасындағы барыс-келіс, Түркия туралы, Ататүрік туралы қазақ газеттері мен жорналдарында жиірек жазылатын болды, радио, телехабарлар беріле бастады. 1998 жылы Түркия Республикасының 75 жылдығына байланысты Ысрайыл Ысмайылдың «Ататүрік» атты кітабы да жарық көрді.
***
Түрік ұлтын, жаңа түрік мемлекетін заманауи өркениет деңгейіне жеткізу жолында Ататүрік жүзеге асырған реформалардың (Түркияда оларды «Ататүрік революциялары» деп атайды) негізі болған принциптердің жиынтығы «ататүрікшілдік», немесе «кемализм» деп аталады. Бұл — жалаң теория емес, Ататүрік құрған Түркия республикасы мемлекетінің практикалық тұрғыдағы тұғырнамасы, идеологиялық арқауы.
Олар мыналар:
1. республикашылдық (мемлекеттің және ұлттың тұрақты түрде республикалық құрылым жолымен басқарылуы);
2. халықшылдық (мемлекеттің халық үшін қызмет етуі және оның халық тарапынан басқарылып отыруы);
3. ұлтшылдық (ұлтжандылық, түрік ұлтының мүдделері мен мерейінің басты мақсат болып табылуы);
4. мемлекетшілдік (барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени шаралар Түркия мемлекетінің мәңгі өмір сүруін және нығаюын қамтамасыз етуі керек);
5. лаицизм (діни емес, зайырлы мемлекет жүйесі);
6. революцияшылдық (тоқырауға жол бермеу, үнемі даму, жаңару үстінде болу, әлемдік өркениеттен артта қалмау).
Бұл принциптер 1937 жылы ресми түрде Түркия республикасының конституциясына енгізілді. 1960, 1982 жылға конституцияларға енгізілген өзгерістер де бұл принциптерге нұқсан келтірген жоқ.
Осы принциптердің негізінде Түркияда Ататүріктің басшылығымен мынадай реформалар жүзеге асырылды:
саясат саласында — сұлтандық жойылып, Түркия республика болып жарияланды. Түркияның жаңа парламенті – Ұлы Ұлттық Мәжілісі ұйымдастырылды, халифат таратылды, жаңа конституция қабылданды.
құқық саласында — шариғат соттары таратылды, азаматтық кодекс және жаза туралы заңдар қабылданды, әйелдерге еркектермен тең құқықтар берілді, көп әйел алуға тыйым салынды;
білім беру саласында — латын жазуына негізделген жаңа түрік әліпбиі қабылданды, жаңа типті университеттер құрылды, білім берудің тұтас жүйесі қалыптастырылды;
лаицизмге бағыт алу жолында — дін мемлекеттен ажыратылды, дәруіштердің ғибадатханалары (текелер) таратылды. Әрине, дінге тыйым салынған жоқ;
батысшылдық бағытында — сағат мерзімі мен күнтізбе өзгертілді (1926 жылдан бастап Түркияда еуропалық жыл санау жүйесі жүргізіліп келеді), ұзындық пен салмақ өлшемдері жаңартылды, фес орнына шляпа кию, басқа да еуропалық киім үлгілері енгізілді, фамилиялар туралы заң қабылданды және тағы басқалар;
тарих ғылыми саласында — түрік тарихын шынайы тұрғыда жазу ісі қолға алынды, бұл үшін Ататүріктің өзі «Түрік тарихының басты бағыттары» атты бағдарламалық мәні бар арнайы еңбек жазды. Осы саладағы жаңа тұрпатты, жаңа идеологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіріп отыратын «Түрік тарих қоғамы» құрылды (1931 жыл) және ол күні бүгінге дейін жемісті түрде жұмыс жүргізіп келеді;
тіл білімі саласында — түрік тілін араб-парсы элементтерінен мейлінше тазартып, бүкіл халық еркін түсінетін және қолданатын деңгейге көтеру басты мақсат етілді; Ататүріктің басшылығымен және тікелей араласуымен ұйымдастырылған «Түрік тіл қоғамы» (1932 жыл) өзінің тарихында бұл бағытта орасан көп жұмыс атқарды (көптеген сөздіктөр жарияланды, ондаған мың араб-парсы сөздері түрік түбірлес жаңа сөздермен ауыстырылды, соңғы жылдары Еуропа тілдерінен енген сөздерге де түрікше баламалар табу ісі табысты жүріп жатыр), араб жазуының орнына латын жазуы енгізілді (1928 жылы);
экономикада — басқа елдердің капиталына арқа сүйеп, Осман империясы сияқты сол елдерге тәуелді, кіріптар болып қалмас үшін ұлттық капиталды ұлғайтуға, ұлттық экономиканы күшейтуге ден қойылды, «экономикалық тәуелсіздік — дербестіктің басты шарты» деп танылды;
сыртқы саясатта — түрік ұлты мен Түркия республикасы мемлекетінің әлем шеңберінде құрметтелуі мақсатында шет елдермен әрі ұлттық, әрі адамгершілік негіздегі бейбіт қарым-қатынастар жасау кезделінетін болды…
***
Ататүрік КСРО-ның құлайтынын сонау 30-жылдарда-ақ (яғни 60 жылдай бұрын) көрегендікпен болжай білген, сондықтан сол кезден-ақ Түркияның бұған дайын болуы керектігін айтқан. Мысалы, Ататүрік Түркия Республикасының 10 жылдығына орай 1933 жылы еткен салтанатты жиында сөйлеген тарихи сөзінде былай деген:
«Бүгін Кеңестік Ресей – көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Аустрия-Венгрия сияқты оның да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Бүгін қолында мықтап ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлемде сонда жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз — сол күнді күтіп отыру деген сөз емес. Әсіресе, рухани көпірлерге мән беруіміз керек. Тіл — бір көпір, наным-сенім — бір көпір, тарих — бір көпір… Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр женінен де, тарихи байланыстардан да ажырап, өте алыста қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған деңгей дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын куте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек. Бұларды кім істейді? Әрине, біз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Тіл қоғамын, Тарих қоғамын ұйымдастырдық. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайға жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз. Бұл оңай жасалына салмайды… Естуімше, шолақ ойлы кейбіреулер «Ататүріктің басқа жұмысы жоқ па, тілмен, тарихпен айналыса бастағаны несі?» дейтін көрінеді. Сөз жоқ, жұмысым бастан асады, мен бүгін озық Түркияны құруға қалай тырысып жатсам, ертеңгі Түркияның негізін қалауға да соншалықты мән беріп жатырмын. Осы жасап жатқандарымның бәрі ешбір басқа халыққа дұшпандық емес. Бейбітшілікті жақтаймыз. Бейбітшілікті жақтап қала береміз. Бірақ, тоқтаусыз өзгеріп жатқан бұл әлемде ертеңнің ықтимал өзгерістеріне де дайын болуымыз керек».
Сол жылдарда болған бір жиында Ататүрік тағы да былай деген екен: «Мен ең алдымен біртұтас түрік ұлтшылымын! («Күллі түркі халықтарына ортақ ұлтшылмын!» дегені — Ф.Ә.) Солай тудым, солай өлемін. Түрік бірлігінің күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін. Түрік бірлігіне (түркі халықтарының бірлігіне — ред.) сенемін. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түрік бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тыныштықты сол кезеңдерден табады».
Алайда, өзіндік бір жолдау, өзіндік бір есиет іспетті болған Ататүріктің бұл сөздерінен Түркияның кейінгі басшылары тіиісті қорытынды жасай алмады ма, әйтеуір, 1990 жылдардың басында Түркия Ататүріктің бұл айтқандарына дайын болмай шықты деп атап көрсетті сол тұста кейбір түрік газеттері. КСРО-ның құлауына байланысты пайда болған идеологиялық вакуумды толтыруға Түркия құлшыныс білдірмеді. Бұл әлі де жалғасып келеді. Оның арты не боларын, әрине, болашақ көрсетеді. Тек қызыл идеологияның қайтадан үстемдік құруынан Тәңірім түрік дүниесін сақтағай!
***
Ататүрік түрік жастарына былай дейді:
«Ей, түрік жастары! Бірінші міндетің — түрік тәуелсіздігін, Түркия республикасын мәңгі сақтау және қорғау!
Тірлігіңнің және болашағыңның жалғыз негізі — осы. Бұл негіз — сенің ең қымбат байлығың. Болашақта да сені осы байлығыңнан мақұрым еткісі келетін ішкі, сыртқы жауларың болады. Күндердің күнінде тәуелсіздік пен республиканы қорғауға мәжбүр болсаң, міндетіңді орындау үшін өзің тап келген жағдайдың мүмкіндіктері мен шарттарынан сескенбеуің керек! Ол мүмкіндіктер мен шарттар өте қолайсыз болуы ықтимал. Тәуелсіздік пен республикаңа қастандық жасағысы келген жаулар бүкіл әлемде теңдесі жоқ жеңіске қол жеткізуі мүмкін…
Зорлықпен және айламен ғазиз Отаныңның барлық қамалдары басып алынған, бүкіл теңіз порттарына жау жайғасқан, армиясы түгел таратылған және елдің әрбір бұрышы шын мәнінде де жаулап алынған болуы мүмкін. Осының бәрінен де қауіптісі — елдің ішіндегі билікке ие болып отырғандар жаңылысуы, қателесуі, тіпті опасыздыққа баруы мүмкін. Тіпті осы билік басындағылар өздерінің жеке мүдделерін басқыншылардың саяси мақсаттарымен біріктіруі мүмкін. Халық кедейшілік пен жоқшылық астында қалып, бүліншілікке, әлсіздікке ұшырауы мүмкін.
Ей, түрік болашағының перзенті!
Осындай ахуал мен шарттар астындағы сенің міндетің де түрік тәуелсіздігі мен республикасын құтқару болып табылады.
Саған қажет күш-қуат — тамырларыңдағы асыл қанда!»
***
Ататүрік айтқан төмендегі көзқарастар да әлі күнге маңызын жойған жоқ.
— Жаңа Түркияның мәні — ұлттық егемендігінде!
— Жұртымыздың иесі және қоғамымыздың негізгі бөлігі — шаруалар.
— Түрік ұлтының табиғатына және ұлттық ерекшеліктеріне ең сай басқару жүйесі — республикалық басқару.
— Дүние жүзінде өмір сүрген және өмір сүріп отырған ұлттардың ішінде рухы жағынан шынайы демократ болып туған жалғыз ұлт ТҮРІКТЕР екеніне әбден сенулеріңізге болады.
— Бізге шабыт көктен, я ғайыптан келген жоқ, біз оны өмірдің өзінен алдық.
— Жолда кетіп бара жатқан жолаушының көкжиекті ғана көруі жеткіліксіз. Міндетті түрде ол көкжиектің арғы жағын көруі және білуі керек.
— Бостандық және тәуелсіздік — менің мінез-құлқым. Мен ұлтымның және ұлы бабаларымның ең құнды мұрасы — тәуелсіздікке құштарлық сезімі кеудесін кернеген адаммын.
— Мен диктатор емеспін. Менде күш бар екендігі айтылып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Менің ойға алып, орындалмаған нәрсем жоқ. Өйткені, мен зорлықпен және мейірімсіздікпен әрекет етуді білмеймін. Мен адамдарды ренжіту емес, олардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалаймын.
— Мен істе қалай табысқа жететінімді ойламаймын. Бұған не кедергі болатынын ойлаймын. Кедергілерді жойсам, іс өзінен өзі алға басады.
— Менің күшім және қуатым халықтың маған көрсеткен сенімінен құралады.
— Балаларымызға және жастарымызға берілетін білімнің шегі қандай болса, ондай болсын, оларға ең алдымен, бәрінен бұрын Түркияның болашағына, өзіндік ұлттық келбетіне, ұлттық дәстүрлеріне жау болып табылатын барлық элементтерге қарсы күрес жүргізудің қажеттілігі үйретілуге тиіс.
— Республиканың сіздерден (мұғалімдерден — Ф.Ә.) ой-пікірі — озат, ар-ожданы — азат, ғылым-білімі — озық ұрпақ күтетінін ешқашан естеріңізден шығармаңыздар.
— Өнердің ең қарапайымы — ең құрметтісі. Етікші, тігінші, ағаш ұстасы, ерші, темірші, тағашы… — әлеуметтік өмірімізде де, әскери өмірімізде де сыйлауға және құрмет көрсетуге әбден лайық шеберлер.
— Түркия республикасының негізі — оның мәдениеті. Ұлттық мәдениет — біздің басты мұратымыз.
— Біздің дініміз — ең парасатты, ең табиғи дін. Міне, сондықтан да ол соңғы дін болып отыр. Діннің табиғи болуы үшін ол ақылға, ғылымға, білімге және логикаға үйлесімді болуы қажет. Біздің дініміз осының бәріне үйлесімді.
— Әскеріміз — түрік тірлігінің, түрік құдіреті мен талантының, түрік отаншылдығының құрыштанған көрінісі. Әскеріміз — түрік жерлерінің және Түркия мемлекеті мұратын шындыққа айналдыру жолында біздің сарп еткен жүйелі еңбегіміздің жеңілмейтіндігінің сенімді кепілі. Мен әскери қызметтің өнер сипатында болуын көбірек ұнатамын.
— Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз.
— Түрік ұлтының мінезі — асқақ. Түрік халқы — еңбекқор халық. Түрік халқы — зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. «Мен түрікпін» деген адам қандай бақытты!
— Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!
Ататүрік осындай саясаткер болған. «Алтынды тот баспайды», Ататүріктің көзқарасы мен ұстанымдары — қазақ халқына да қымбат.
Жаулары басып алып, қиратып тастаған бір кездегі ұлы империяның жұртта қалған жұқанасына айналған, дамыған державалардың алдында экономикалық жағынан кіріптарлыққа ұшырап, төменшік күйге түскен Түркияның етектегі басын төрге сүйреп кеткен есіл ерді – өзінің Тұңғыш Президентін түрік халқының қандайлық қастерлейтіні кім-кімді де ойға қалдырады деп сенеміз.
***
Мұстафа Кемал Ататүріктің билік құрған он бес жылының, бүкіл әлем үшін демей-ақ қояйық, түрік ұлты үшін, ал енді көбіне-көп Еуропа үшін де тарихи маңызын Оттоман портасының оған дейінгі жеті ғасырымен салыстыруға әбден болады.
Константинополь Мехмед ІІ-нің мұздай темір құрсанған шеріктерінің қолынан құлаған 1453 жылдың мамырынан Еуропа одағы (ол кезде Еуропа экономикалық қоғамдастығы) Түркияны Еуропа клубына мүшелікке алу жөнінде уәде еткен 1963 жылға дейінгі аралықты бес жүз жыл бөліп жатыр. Сонан бері түріктер төрешілдік шешімдерінің кезегін күтіп, Еуропа дарбазасының алдында тұр. Ол дарбазаның жеңімпаз Кемал-паша ұрпақтарының алдынан айқара ашылатынына үміт барған сайын артып келеді.
Түріктердің өткен дәуренінде бірнеше ғасырларға созылған күш-қуат пен даңқ жолы жатыр. ХVІІ ғасырдың екінші жартысына дейін өзіне теңдесер ешкім болмаған Осман империясы әлемнің аса ірі мемлекеті еді, оның билігі Солтүстік Африкаға, Таяу Шығысқа, Шығыс және Оңтүстік Еуропаға жүріп тұрды. Алайда, ХVІІ ғасырдың аяқ шеніне қарай әртүрлі ішкі және сыртқы себептерге байланысты бір кездегі қуатты державаның ыдырау үдерісі басталды. Оның жан тәсілім етуінің өзі екі жарым ғасырға созылды.
Он тоғызыншы ғасырдың аяғында тарих майданына реформаторлардың жаңа буыны – жас түріктер шықты. Ағылшын-француз ықпалынан босауға ұмтыла отырып, жас түріктер сыртқы саяси бағытты өзгертті де елді Германияны жақтап бірінші дүниежүзілік соғысқа килігуге ұрындырды. Мұның өзі Еуропа мен Осман империясының мың жарым жылға созылған текетіресі тынуының бастауы еді. 1918 жылы Мудрос уақытша бітіміне қол қойылған соң ел өзінің жерінен түгел айырылды, Антанта әскерлері Анадолыны басып алды. Түркияны жаңғыртудың османдық кезеңі осылай аяқталды.
Осман империясының соңғы соғысына айналған бірінші дүниежүзілік соғыстың басында-ақ Уинстон Черчилль: “Осынау зілзалада даудан басы арылмаған, қирап, қаусаған, қалтасы тесік Түркияның күні не болар екен?”, деген еді. Түркияның жеңілісі Осман империясы аумағының тез арада-ақ бөлініп алынуына әкеліп соқтырды. Антантаның әскери флоты Босфор мен Дарданелл бұғаздарына кірді. Ағылшындар мен француздар Мосул мен Искандерун маңайын басып алды. Италиялықтар Оңтүстік-Батыс Анадолыны және маңайлас жерлерді, соның ішінде Антальяны бақылауда ұстады. Антанта флотының көмегімен грек қарулы күштері 1919 жылдың мамырында Измир маңына келіп түсті де, Батыс Анадолыдағы гректерді қорғаймыз деген сылтаумен ашықтан-ашық соғыс интервенциясына кірісіп кетті.
1919 жылдың мамырында Эгей теңізіне жақын жердегі таулы өңірде партизан соғысы өріс алды. Қарсылықтың бастауында неғұрлым білімді және отаншыл топ – әскери кадрлар тұрды. Олардың көбі жас түріктердің жаңғыртушылық көзқарасын қолдайтын. Күресті таяуда ғана аяқталған соғыстың батыры, “Ыстамбұлдың құтқарушысы” атағына ие болған генерал Мұстафа Кемал басқарды. Әскер мен халықтың көмегіне сүйенген Кемал уақытша үкімет құрып, интервенттерге қарсы соғыс қимылдарын өрістетті. Кемалшылдық революциясы басталды. Сұлтан Кемал жасақтарына қарсы “ғазауат” жариялады. Ел азамат соғысының отына оранды.
1920 жылғы 10 тамызда Севрде Антанта державалары мен сұлтан үкіметінің арасында бейбіт шартқа қол қойылды, осы арқылы Түркияның бөлінуі мен кіріптарлыққа түсуі құжатталды. Сұлтан үкіметіне іс жүзінде Анкара мен Қара теңіз жағалауы арасындағы жер ғана қалдырылды. Түркияның басым бөлігі Антанта елдерінің бақылауына және ықпалына түсті.
Жаңа парламент – Түркияның Ұлы ұлттық жиналысы (ТҰҰЖ) Анкарада шақырылды, жиналыс М.Кемалға қосымша өкілеттіктер берді. 1922 жылдың 26 тамызында түрік әскерлері барлық майданда шабуылға шықты. Түріктерге қарсы әскерлердің негізін құраған грек армиясы тас-талқан етіліп, түрік жерінен тез-ақ тайып тұрды. 1919-1922 жылдардағы грек-түрік соғысы жеңіспен аяқталды.
1920-1922 жылдар аралығында М.Кемал және оның жақтастары шығыстағы, оңтүстік пен батыстағы жау әскерлерін талқандап, Ресеймен, Ұлыбританиямен, Франциямен және Италиямен бейбіт келісімге келді. 1922 жылдың қарашасында соңғы сұлтан – Мехмед VІ британ әскери кемесіне мініп алып, елден қашып шықты.
1923 жылдың 29 қазанында Түрік Республикасының құрылғаны жария етілді, бір жыл өткен соң оның Конституциясы қабылданды. Дәл сол күні Ұлы ұлттық жиналыс Ғази Мұстафа Кемалды Түрік Республикасының президенті етіп бірауыздан сайлады.
Ол Осман империясының жеті жүз жылдық тарихын тәмамдаған, жаңа мемлекет – Түркияны құрған адамға айналды.
Соғыс барысында қол жеткізген беделі мен Түркияны азат етуші деген даңқына арқа сүйей отырып, М.Кемал батыл және түбегейлі өзгерістерге еш жалтақсыз кірісті. Кемалшылар өткен күнмен ат құйрығын кесісу және жаңа тұрпатты ұлтты қалыптастыру алға басудың міндетті шарты деп санады. Отаншыл күштерді біріктірудегі ұйымдық бастау ретінде түрік ұлтшылдығы идеясы ұлт-азаттық соғысы жылдарында дүниеге келді. Ол ұлыдержавашыл османшылдықтың, жас түріктік пантүркизм мен панисламизмнің орнын алмастырды.
Оның алдындағы екі ғасыр бойында үнемі дерлік жеңіле бергеннен, империяның іштей іріп-шіруінен түріктердің ұлттық сағы әбден-ақ сынған еді. Оны қайта көтеруді алдымен зиялы қауым сөз етті. Сондықтан да Ататүріктің: “Түрік болу қандай бақыт!” деген атақты сөзі әлемдегі басқа жұрттарға қыр көрсетудей естіліп, қайта өрлеп жатқан елдің ұлттық идеясының арқауына алынды.
Ішкі саясатта ұлтшылдық бұқара халықты революциялық жаңғыруларға жұмылдырудың басты тетігіне айналды. Түрік ұлтшылдығы қағидаты конституцияға және билік құрушы Халықтық-революциялық партияның бағдарламасына енгізілді.
Ататүрік алға қойған міндеттердің соншама жойқындығын түсіну үшін 1920-шы жылдарда христиандық Еуропа мен мұсылмандық Түркияның арасында түпсіз шыңырау жатқанын есте ұстау, екінші жағынан алғанда, Еуропа десе әділетті түрде түрік мемлекеттілігінің өзін құртып жібере жаздаған қас жауын көретін мұсылман еліне еуропалық даму жолын ұсынған Ататүріктің батылдығы мен көрегендігіне дес беру керек. Еуропаландыру мен секуляризацияға, яғни мешіт меншігін мемлекеттендіру немесе зайырлануға қайтпастай бағыт ұстау күшті ішкі қарсылыққа тап болды. Елде Кемалдың батысшыл үкіметін құлатып, дәстүрлі мұсылмандық тәртіпке қайта оралуды мақсат тұтқан бірнеше ірі бүліктер көтерілді.
Осының бәрі түрік лидерін беделге салып, белден басуға, өз реформаларын жүргізуде ең алдымен өзіне шын берілген армияға арқа сүйеуге мәжбүр етті.
1920 жылдың сәуірінде сайлау нәтижесі бойынша Анкарада жаңа парламент (меджлис) – Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысы өз жұмысын бастады. Жиналыс М.Кемалды төраға етіп сайлады. Сол жылғы қыркүйекте, соғыс қызу жүріп жатқан кезде М.Кемал Ұлы ұлттық жиналыстың қарауына “саяси, экономикалық, әкімшілік және әскери мәселелерді қамтитын басқаруды жүзеге асыру бағдарламасын” ұсынды. Алғаш рет “Түрік мемлекеті” деген ұғым енгізілді. Сөйтіп, Осман империясынан аты да, заты да бөлек жаңа геосаяси субъектінің дүниеге келуі заңды тұрғыдан бекітілді.
Түрік мемлекеті республика деп жарияланды. Меджлис депутаттар арасынан сайлайтын президент қызметі енгізілді. Республиканың тұңғыш президенті болып М.Кемал сайланды, ол кейін бұл қызметке 1927, 1931 және 1935 жылдарда қайта сайланды.
1924 жылы меджлис қабылдаған Негізгі заң бойынша елдің барлық азаматтары түріктер деп жарияланды.
Кемал өзінің парламенттік тобын Халықтық-республикалық партияға (ХРП) айналдыратынын жария етті. Жаңа құрылған партия парламенттің жаңа құрамының сайлауында жеңіске жетті. Оның сардар төрағасы болып Мұстафа Кемал сайланды. М.Кемал ХРП-ға жариялы оппозицияны өз серіктестерінің қатарынан құруға екі рет әрекет жасады, оның екеуі де сәтсіз аяқталды: оппозициялық партия, кәдімгі бір магнит сияқты, кемалшылар арасындағы керауыздарды ғана емес, жаңа режімнің бітіспес қарсыластарын – билікке қарсы қолына қару алып шығудан тайынбайтындарды да өзіне тарта беретін болды.
Жаңа үрдістерді жұртшылықтың қабыл алуын жеңілдеткен маңызды жағдаяттардың бірі билік дәстүрінің сабақтастығы болғанын атап айту керек. Осман дәуіріндегі мемлекет ұйымдастырудың негізгі қағидаттарынан бас тарта отырып, кемалшылар дара билік феноменін сақтап қалды, оны тіпті күшейте түсті.
Түркиядағы демократияның орнығуы – даму деңгейі және саяси мәдениет дәстүрлері жағынан әрқилы мемлекеттердің әмбебап демократиялық құндылықтарға қол жеткізуінің қандайлық сан түрлі болуы мүмкін екендігінің жарқын мысалы.
Ататүрік Еуропаға ашылар өз терезесін елде батыстық зайырлы мұраттарды жападан жалғыз жүріп деуге болатындай жағдайда зорлап шығарды. Оның дінге қарсы жасаған жаңарыстары аянбас қарсылыққа ұшырады, бұл бағытпен келіспейтіндер жазалаудан қорыққаннан ғана іштен тынды. Сол жылдарда түрік халқына өз тағдырын өзі шешу құқы берілген болса, көпшілік дауыспен Түркия классикалық тұрпаттағы мұсылман елі күйінде қалар еді деген де пікір бар.
1920-шы жылдардың басында бұрын да ешқашан онша күшейіп көрмеген түрік экономикасы толық қирауға жақын жағдайда еді. Осман империясы ұзақ уақыт бойы батыс елдерінің экономикалық жартылай отары, шикізаттық шылауы болып келді. Мемлекеттің белді әскери және әкімшілік күші саналатын түріктердің өзі саудада және өндірісте империяның өзге этностарына ақысын жіберіп жататын. Этностық тұрғыдан алғанда осман экономикасында армяндар мен гректердің ықпалы басым еді: 1913-1915 жылдардағы өнеркәсіп орындарының санағы бойынша өнеркәсіп капиталының 50 пайызы гректерге, 20 пайызы – армяндарға, 5 пайызы – еврейлерге, 10 пайызы – шетелдіктерге тиесілі болатын. Тұтастай алғанда, этностық түріктер импорт және экспорт операцияларымен, көтерме және бөлшек саудамен шұғылданатындардың арасында тек 5-10 пайызды құрайтын.
Мемлекет өнеркәсіптік тұрғыдан дамыған елдерге қарап қорынатын мінезден құтылу үшін көп жұмыс жүргізді. Шетелдік тәжірибенің бәріне бас ие беретін әдеттің орнына “Біз тіпті батыстық жұмысшылардан, кәсіпкерлерден, банкирлерден, ғалымдардан да артық жұмыс істей аламыз” деген жаңа ұран келді. Өз күшіне деген сенімді үкілеп ұстаудың арқасында түріктер өздерінің мүмкіндіктеріне көз жеткізіп қана қойған жоқ, енді олар осы заманғы технологияларды сәтті игере алатын, нарықтық қатынастарға кіріге алатын болды.
Ұлттық экономиканы реформалаудың басты қағидаты ретінде Кемал этатизм идеясын ұсынды. Этатизм қағидаты тек мемлекеттік реттеуге және аралас экономика құруға ғана тірелген жоқ. Кемал үкіметі ресми түрде азаматтардың және олардың қауымдастықтарының жекеменшіктік кәсіпкерлігін жандандыруға шақырды. Алайда кәсіпкерлер саудаға, үй құрылысына, алыпсатарлыққа сұғына кірісіп, тек тез арада байып қалуды көздеді, ұлттық мүддені, өнеркәсіпті дамытуды ойларына да алған жоқ. Сондықтан да Кемал өнеркәсіп пен көліктің елеулі секторларына мемлекеттік меншік орнатты. Екінші жағынан, үкімет шетелдік инвесторларға базарларды ашып берді. Шетел инвестицияларын тартумен қатар кемалшылар үкіметі шетелдік концессияларды жоюға кірісті. Олардың бір бөлігі жойылды, бір бөлігі сатып алынды.
Үкіметтің жергілікті тоқыма өнеркәсібін қолдауының қызық бір түрі 1925 жылғы желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес жүзеге асырылды. Мемлекеттік қызметкерлер отандық өндіріс матасынан тігілген киім киюге міндетті болды, тіпті ол мата шетелдікінен 10 пайызға қымбатқа түссе де солай етуге тиіс. Бағаның айырмашылығы мемлекеттік мекемелер мен муниципалитеттер есебінен жабылды.
1929-1939 жылдардағы керемет күйзеліс түрік экспортын қысқартып, ұлттық экономикаға зардабын тигізді. Түрік лирасы құлдырап кеткен 1929 жылғы күзде үкімет шетелдік азаматтардың қатысуымен жасалатын мәмілелерге қатаң бақылау орнатты. Индустрияландыруды жеделдету үшін мемлекет зауыттар, шахталар мен электр станцияларын салды. 1930-шы жылдардың орта шеніне қарай Түркия банктердің капиталын пайдалана отырып, өндіруші өнеркәсіпті дамыта бастады, фабрикалар салуға кірісті. Мемлекеттің экономикалық өмірге белсенді араласу бағыты 1980-ші жылдарға дейін жалғасып келді, онан кейін Т.Озалдың үкіметі мемлекет меншігінен алу және жеке бастамашылықты қолдау саясатына ауысты. Жалпы, экономикадағы этатизм саясатының Түркияға бергені көп. Елдің өнеркәсіптік дамуының негізі қаланды, тек 1933-1939 жылдардың аралығында шектелімді өнеркәсіп өнімінің құны үш есе артты. 1930-шы жылдарда Түркия әлемде өнеркәсіп дамуының қарқыны бойынша үшінші орын алып тұрды. Ататүрік билік құрған кездегі Түркияның экономикалық дамуы абсолютті сан көрсеткішін басқа елдермен салыстырғанда да ерекше болды.
Түрік елінің қоғамдық және парасаттық-рухани өмірінің барлық пішіндері өзгерді. Тіпті бүгінгі күннің биігінен қарағанда да бастамалардың батылдығы мен реформалардың қандайлық шешімділікпен жүзеге асырылғандығы қайран қалдырады. “Біз өркениет жолына түсеміз, соған жетеміз… Кейіндеп жүретіндер өркениеттің буырқанған толқынына көміліп қалады… Өркениет деген өте қуатты жалын, оны елемейтіндер сол отқа күйіп, үйітіліп кетеді…”. Ататүріктің бұл сөздері өтпелі қоғамдар үшін қазір де, арада сексен жыл өткен кезде де көкейкесті. “Өркениет” дегенді “жаһандану” сөзімен алмастырса жетіп жатыр.
Түрік қоғамын жедел жаңартудың кілті оның секуляризациялануы болды. Тарихи өлшеммен қарағанда болмашы мерзімнің ішінде ислам әлемінің көшбасшысы – ірі держава өзінің өмір сүруін тоқтатты, ал оның орнына келген ел халқының 90 пайыздан астамы исламды ұстанатын әлемдегі тұңғыш зайырлы мемлекетке айналды.
Елді зайырлы мемлекетке айналдырудың жолын тазарта отырып, кемалшылар исламдық ортодоксияға ашықтан ашық қарсы шықты. М.Кемал атам заманнан келе жатқан шейх-уль-ислам – мемлекеттің бірінші үлемі лауазымын жойып жіберді. Шариғат бойынша соттауға тыйым салынды. Барлық діни мекемелер мемлекеттің қатаң бақылауына түсті. Алайда, лаицизмге – зайырлы реформаларға қарсылық кемалшылар күткеннен күштірек болып шықты. Дінбасылар өздері соншалықты жек көретін режіммен күресудің кез келген мүмкіндігін пайдаланды. Мысалы, 1925 жылғы күрдтер көтерілісін “құдайсыз республиканы” құлатып, халифатты қалпына келтіруге шақырған дәруіш шейхтерінің бірі бастады. Күрес кей-кейде тіпті аяусыз жүрді. 1930 жылы мұсылман фанатиктері жас офицер Құбылайды өлтірді. Оны қоршап алып, жерге жыққан да, “Алла акбар!” деп айқайлап тұрып, басын тот басқан арамен езгілеп кескен, сол кезде жиналған тобыр адам өлтірушілерді қолдап, айқайға басқан. Сонан бері Құбылай кемалшылдықтың “киелі азапкері” сынды саналып келеді.
Секуляристік реформалар өте ұзаққа созылды әрі ауыр тиді. Алайда, Кемал басты мақсатына бәрібір қол жеткізді. Түркия зайырлы мемлекетке айналды, ал ислам бұрынғы ықпалынан айырылды.
Дінді мемлекеттен бөліп алғаннан кейін кең ауқымды құқықтық реформа жүргізілді. Бірнеше жылдың ішінде елде жаңа заңнамалық негіз жасалды. Ол қоғамдық өмірдің барлық қырларын қамтыды. Бұл орайда түріктің ұлттық құқығын қалыптастырудың үлгі-қалыбы ретінде дамыған еуропалық елдердің заңнамалық нормалары пайдаланылды. Университет газеттерінің бірінде сол жылдардың құқықтық кірмелілігін арқау еткен күлкілі мақала шыққан. “Түрік азаматы деп кімді айтамыз?” деген сұраққа студенттер: “Түрік азаматы деп Швейцарияның азаматтық құқығы бойынша үйленетін, Италияның қылмыстық кодексі бойынша сотталатын, Германияның іс жүргізу кодексі бойынша соттасатын, Францияның әкімшілік құқығы бойынша басқарылатын, исламның қағидалары бойынша жерленетін адамды айтамыз”, деп жауап берген.
Жаңа азаматтық кодекс қабылданғаннан кейін зайырлы билік орындары дәстүрлі қоғамның ең бір киелі тұсына – отбасылық-діни өмірге алғаш рет сұғына кірді. Көп әйел алуға тыйым салынды, заң әйелге айырылысу құқын берді, некенің бұзылуын енгізді. Түрік әйелдерінің құқықтары ер кісілермен теңдестірілді. Олар ресми қызметтерге тағайындалу мүмкіндігін, дауыс беру және парламентке сайлану құқын алды. Моногамия және гендерлік теңдік қағидаты түрік қоғамының рухына көп өзгеріс әкелді.
Тарих үкіметтің өз халқының тілін дәл Түркиядағыдай батылдықпен өзгерткен басқа мысалын көп біле қоймайды. М.Кемал тіл реформасын жаңа Түркия мен түрік ұлтын құрудың маңызды бөлігі деп қарады.
Осман империясының шек-шеңберінде түріктер көптеген этно-лингвистикалық топтардың бірі еді. Араб тілі дін мен дін заңының басты тілі болатын. Парсы тілі өнердің, әдебиет пен дипломатияның тілі еді. Әкімшілік және әскери элитаның іскерлік тілі ретінде қолданылатын түрік тілінде араб-парсы кірме сөздері бықып жүретін.
Тіл революциясы ресми түрде 1928 жылы басталды. Көп ұзамай араб әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Ұлттық жиналыстың көптеген мүшелері жаңа әріптерді бес жылдың ішінде бірте-бірте енгізуді жақтады. Алайда Кемалдың тізеге салуымен әліпби реформасы үш айдың ішінде жүзеге асырылды! Ұлттық жиналыс түрік әліпбиін енгізетін және 1929 жылғы 1 қаңтардан бастап араб әліпбиін қолдануға тыйым салатын заң қабылдады.
Республика Президенті енді ел мұғаліміне айналды.
Жаңа әліпби түрік тілінің ерекшеліктерін танытуға әлдеқайда бейімдірек еді. Жаңа ұрпақты араб әріптерін үйренуден құтқара отырып, әліпби реформасы оларды оттомандық өткен күннен, оның мәдениеті мен құндылықтар жүйесінен жұлып алуға тиісті еді.
Тіл араб-парсы кірме сөздерінен түбірлі түрде тазарып, олардың орнын түрікше баламалары алмастырды. Осы мақсатпен Мұстафа Кемал 1932 жылы тіл қоғамын құрды. Қоғам тілден алынып тасталатын жат сөздердің тізімін жасап, жариялады. Зерттеушілер олардың орнына түрік диалектілерінен, өзге түркі тілдерінен, көне мәтіндерден баламалы басқа сөздер іздестірді. Сай келетіндей ештеңе табылмаған жағдайда жаңа сөздер ойлап табылып жатты. Екінші жағынан, еуропалық тілдерден терминдер тілге кеңінен кіріктіріле бастады. Тілдің демократияландырылуы түрік қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы мәдени-лингвистикалық айырымды жойды және ұлтты ұйыстыруға септігін тигізді.
Кемалдық жаңартудың сипатты белгілерінің бірі түрік қоғамы өмірінің барлық қырларын батыстандыруға ұмтылу болды. Бұл ұмтылыс сондай-ақ киім-кешекті және жүріс-тұрыс қалпын өзгертуді, ататек енгізуді де қамтыды. Мұстафа Кемал бір сөзінде былай дейді: “Достарым! Өркениетті халықаралық киім біздің ұлтымызға лайықты әрі жарасады, біз солай киінетін боламыз. Бәтеңкені немесе кебісті де, шалбарды, көйлек пен пенжакты да киетін, галстукты да тағатын боламыз. Әрине, мұның бәрі басымызға не киетінімізбен бітеді ғой. Басымызға киетініміздің аты – “шляпа”.
Бір сөзінде М.Кемал паранжыға шүйлікті. “Әйелдердің бетін жауып ұстау әдеті біздің ұлтымызды күлкіге ұшыратады”, деп санады ол.
Шенеуніктердің бәрі “әлемнің барлық ұлттарына бірдей” костюм киюін талап ететін арнаулы декрет те шығарылды. Кемалшылардың бұл әрекеттеріне бірбеткей исламның көзқарасы тиісінше болды. Әл-Әзхар университетінің ректоры және Мысырдың бас мүфтиі сол кезде былай деп жазды: “Мұсылман еместің киімін киіп, соған ұқсауға тырысқан мұсылманның ақыр аяғында соның дінін қабылдаумен, сол сияқты жүріп-тұрумен тынатыны белгілі. Басқаның дініне бейімделіп, өз дінін жек көргеннен шляпа киетіндердің кәпірге жататыны сондықтан… Басқа халықтардың киімін кию үшін өзіңнің киіміңнен бас тарту деген жындының ісі емес пе?”.
Кемалшылардың Осман дәуірінен қол үзуін көрсеткен алғашқы қадамдардың бірі мемлекет астанасын Ыстамбұлдан Анкараға көшіру болды.
Ол кезде Ыстамбұл десе алдымен еске Осман империясы сарт ете қалатын. Османшылдық түріктердің өзінің мұсылман уммасына – сұлтан-халифтің барша билігін мойындайтын ондаған миллион мұсылмандар қауымына сіңіп кетуін жоққа шығармайтын. Анадолы революциясы кезеңінде Ыстамбұлда өз халқына өзі соғыс жариялап, ұлттық мүддені сатып кеткен сұлтан үкіметі тұрған болатын. Оның үстіне Ыстамбұлдың космополиттік сипаты бар: әлі күнге дейін қала халқының едәуір бөлігін гректер, еврейлер, армяндар құрайды. Ол кезде Ыстамбұлда компрадорлық буржуазияның ұстанымы мықты еді. 1920-шы жылдарға дейін текті де бай түріктер өздерін османдар дегенді ұнататын, түріктер деп олар Анадолы даласының шаруаларын атайтын.
Анкараны жас түрік мемлекетінің жаңа саяси орталығы ретінде таңдап алу әу бастан-ақ оны қаусап қалған Осман империясының астанасына әдейі қарсы қоюдың көрінісі еді. Елдің географиялық орталығына жақындығы да Анкараны басқа қалалардан бөлектетіп тұратын.
Қаланың даңқты тарихы бар, дәуірлеген кездері де болған. Алайда, Кемал революциясы басталарда Анкара халқының саны 30 мыңнан да кем, шеткері жатқан шағын қалашық еді. “Таймс” газеті 1923 жылы былайша келемеждеп жазды: “Ең бір өзгенің бәрі өміре қапсын дейтін түріктердің өздері астанадағы өмірдің ыңғайсыздығын мойындайды, сығырайып тұрған оншақты электр шамдары қоғамдық жарық беру деп саналады, үйлерде краннан ағып тұрған су атымен дерлік жоқ, Сыртқы істер министрлігі делінетін кішкентай үйшіктің жанындағы темір шарбаққа есек немесе жылқы байлаулы тұрады, ақаба су көшенің ортасымен ашық ағып жатады, осы заманғы нақышты өнер анистен жасалған жаман арақ – рака ішумен және үрмелі оркестрдің ойынымен бітеді, парламент мәжіліс құратын үй крикет ойнайтын үйден үлкен емес”.
Ол кездегі Анкара дипломатиялық өкілдіктер үшін лайықты үй де тауып бере алмайтын. Олар астанада барынша аз болып, Ыстамбұлға тезірек тайып тұру үшін станса басындағы ұйықтайтын вагондарды жалға алуды жөн көретін.
Астана мәртебесі бәрін де өзгертті. Анкара атымен басқа қалаға айналды. Астана халқының өсуі назар аударарлық – 1920 жылы Анкара халқы 30 мыңнан аспайтын; 1927 жылы – халық саны 75 мыңға; 1940 жылы – 155 мыңға; 1950 жылы – 286 мыңға; 1960 жылы – 646 мыңға; 1985 жылы – 2,2 миллионға жетті.
1935 жылдың 1 қаңтарынан ататек енгізілді. Түріктердің көпшілігі өздерінің ататектерін өздері ойлап тауып алды. Қарапайым халық онша бас қатырып жатпай, ататегін кәсібіне, тұрған жеріне, туған жеріне қаратып шығара берді. Алғашқылардың бірі болып Мұстафа Кемалдың өзі де ататек алды. Ұлы ұлттық жиналыс оған Ататүрік деген ататек берді. Осы заманғы Түркия тарихында бұл ататекке ең лайықты адам Мұстафа Кемал екендігін мойындау керек.
Ататүрік тұлғасының ауқымдылығы елді өзгертіп жіберген жаңарыстардың ауқымына сай. Оның бүкіл өмірі қарағайға қарсы біткен бұтақтай.
Ататүрік – жеңіліс білмеген қолбасшы, қатал жауынгер, дана саясаткер, ғажайып ұйымдастырушы, батыл реформатор, патриот, ұлтқа әке болған ұстаз. Әрбір ірі тарихи қайраткер сияқты, оның да бітімі бөлек. Ол саяси тұрғыдан сыпайы ұғым-түсініктердің қасаң қалыпты шек-шеңберіне сыймайтын, кәдуілгі кісі кейпіне келмейтіндей тым ұлы адам еді.
Талай тұста оны замандастары түсінген жоқ. Жаулары оны ғайбаттап жатты. Қазірдің өзінде, талай уақыт өткеннен кейін талайлар оны беделге салып, белден басты, демократиялық қағидаттарды бұзды деп жазғырады. Солай деушілер оның саяси ерік-күшінің арқасында ғана артта қалған елді еркіндік пен демократия жолына бұрудың мүмкіндігі туғанын естен шығарып ала береді. Оның шешімдерінің қуаттылығының арқасында ғана экономикалық өрлеуге қол жеткенін ұмыта береді. Оның айтуы бойынша орталық биліктің қуатты күш-жігер жұмсауымен ғана дәстүрлі сана мен қоғамдық құрылысты өзгертудің сәті түскенін қаперден тыс қалдыра береді. Тарихты жорамалмен жалғастыра береді. Жағдаятты ескере бермейді. Фактілерді байқай бермейді.
Оның өзі де тарихтың бір бөлігіне, аңыздың бір бөлігіне айналған.
Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал (1881-1938 жылдар) 1881 жылғы 19 мамырда сол кезде Осман империясына қараған Македония аумағындағы Салоникиде туған. Оның әкесі кейіннен ағаш материалдарын сатуға көшкен орта деңгейлі кеден шенеунігі, анасы шаруа әйелі еді. Әкесі өмірден ерте кетіп, балалық шағын аш-жалаңаш өткізген Мұстафа Кемал кейін мемлекеттік әскери мектепке түскен. Орта әскери білімді Салоникиде және Монастирде (Битола) әскери училищеде алған. 1905 жылы Ыстамбұлдағы Бас Штаб Академиясын бітіріп, жоғары әскери білім алып шыққан. Оқу жылдарында Мұстафа өзін қабілетті студент ретінде танытады. Әсіресе математика мен әдебиеттен, французшаны игеруден ерекше көзге түседі. Оның есіміне Кемал (“Кемел”) деген атау сол кезде қосылған.
Оқу кезінде Мұстафа және оның достары революциялық идеяларды ұстанатын құпия “Ватан” (“Отан”) қоғамының негізін қалайды. М.Кемал әскери адамның биік мансабына тез-ақ жеткен. Ол – 1911-1912 жылдардағы итальян-түрік соғысының, 1913 жылғы Екінші Балқан соғысының және 1914-1918 жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы.
Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ ете қалған кезде М.Кемал өзі шайқасқан майдандардың бәрінде де сеніп тапсырылған әскерлерге шебер басшылық ете білді. 1915 жылдың сәуірінен ол Галлиполи түбегінде британ қолын жарты айдан астам уақыт бойы ұстап тұрды, сол шайқастан кейін “Ыстамбұлдың құтқарушысы” деген атқа ие болды. Бұл түрік әскерінің бірінші дүниежүзілік соғыстағы сирек жеңісінің біреуі еді. Жауынгерлерді жеңіске жігерлендірген: “Мен сендерге шабуылға шығыңдар деп бұйырмаймын, мен сендерге шайқаста жан тапсырыңдар деп бұйырамын!” деген атақты сөзін ол дәл сол жерде айтқан.
Осман армиясының Антанта әскерлерін шайқаста жеңген жалғыз генералы М.Кемал десе де болады: 1916 жылы ол басқарған командование орыс әскерлерінің Эрзурум түбіндегі шабуылын тойтарған. Сакарья өзені бойындағы жеңістен (1921 жылдың 23 тамызы мен 13 қыркүйегінің арасы) кейін М.Кемал ұлттық батырға айналды. Ұлы ұлттық жиналыс оған маршал атағына қоса құрметті “Ғази” (Жеңімпаз) лауазымын берді.
1922 жылдың тамызында түрік әскерлері барлық майданда шабуылға шықты. Басқыншылар туған жерден қуылды. Бейбіт бітім шарты жасалды. Түрік Республикасы құрылды.
1923 жылдан бері ол – Түрік Республикасының тұңғыш президенті. Кейіннен ол қызметке бірнеше рет қайта сайланды.
1938 жылы 10 қарашада көз жұмды. 1938 жылғы 26 желтоқсанда Түркияның Ұлы ұлттық жиналысы Ататүрікке қайтыс болғаннан кейін “Мемлекеттің мәңгілік Басшысы” атағын берді.
Кемалдың ресми өмірбаянының ұзын-ырғасы осы. Оның сыртында көзі тірісінде-ақ ол жайында аңыздар қалыптаса бастаған. Осынау дара тұлғаның бөлек бітімін және ол қатысып, ол ұйымдастырған оқиғалардың оқшаулығын ескере келгенде бұған таңданудың да жөні жоқ.
Оның өмірі мен бейнесі қандай да бір мифологиялық архетиптің аясына сыйғандай. Ол ұлттың Азат етушісі, Құтқарушысы, Жауынгері, мемлекеттің Ұйыстырушысы, Дана әмірші, нұрлы болашақ жолындағы Күрескер, түріктердің Атасы болды.
Пұтқа бас ұрғандай қастерленіп келген неше түрлі тұлғаларға табынудың тас-талқаны шыққанын көрген осы заманғы скептик байқаушыға түрік көшбасшысының киелілендірілген кейпі аңызға алданғыш сананың кезекті бір сарқыншағындай сезілуі мүмкін. Жоғарыда айтылған атақтардың бәрін ол миығынан күле тұрып тыңдайды.
Онысы қате. Неге десеңіз, бұл жағдай – классикалық мифология парадигмасының сұлбасы нақты адамның шын атқарған істерінің ұзын-ырғасымен сәйкес келетін аса сирек жағдай.
Ол адамдарға заңдар мен қоғамдық құрылым тәртібін әперді. Отбасылық қарым-қатынас жүйесін, киім-кешектегі ынтызарлық пен жүріс-тұрыс қалпын өзгертті. Ол елге жазу алып келді, белгілі бір дәрежеде жаңа тіл алып келді. Ол елдің ортасына түрік Ғарышының жаңа киелі орталығын – республикалық мемлекеттіліктің бейнесі болып табылатын жаңа астананы орнатты.
Ататүрік ұлы адам еді, сонымен бірге ол адамға тән нәрсенің бәрі де тән пенде де болатын. Барлық бөлек бітімді тұлғалар сияқты, Ататүріктің артықшылықтары да, кемшіліктері де бадырайып көрінетін, сонысымен де оның атын аңызға айналдыруға қызмет ететін.
Алғыр ақылды, әзіл сөзге ұста болғандықтан да, талай тұста сөздің отына өзі май құйып тұратын. Ілгерішіл офицерлердің көбі сияқты, Кемал күшті ішімдіктерді дұрысырақ көретін, осы арқылы да дәстүрлі моральдің қасаң қағидаларына жаны қастығын және бір байқатып қоятын. Француздың бір журналисі Түркияны жалғыз маскүнем, жалғыз саңырау (премьер-министрді айтқаны) және үш жүз керең-мылқау (яғни, парламент) басқарады деп жазғанда Ататүрік былай деген: “Ол адам қателеседі, Түркияны жалғыз ғана маскүнем басқарады”.
Кемалды Петр І-мен жиі салыстырып жатады. Аңызға айналған орыс патшасы сияқты, Мұстафа Кемал да жаңа жөн-жосықтарды енгізгенде дәйім өзі жеке үлгі көрсетіп отырған. Сол жылдардағы фотографияларға және замандастарының естеліктеріне қарағанда, Кемалдың өте кербез екендігі, талғаммен киінгені көрініп-ақ тұр. Оның әйелдердің көз құрты болғандығы, жақсы дастархан мен көңіл көтеретін жөндемді жер десе жанып түсетіндігі жайында жайылған талай әңгіме бар.
Республиканың бірінші жылдығында-ақ ол би кешін ұйымдастырады. Жиналған ер азаматтардың көпшілігі офицерлер еді. Мемлекет басшысы олардың бикештерді биге шақыруға бата алмай тұрғанын байқайды. Әйелдер болса ұялшақтап, билеуден бас тартып жатады. Сонда ол оркестрді тоқтатады да, даусын көтере шығарып былай дейді: “Достарым, мына әлемде түрік офицерімен билеуден бас тарта алатын тым болмаса бір әйел табылады дегенге мен сенбеймін! Ал енді – кеттік, бикештерді биге шақырыңыздар!”. Солай дейді де өзінің бикешін ортаға шығарып, үйіріп ала жөнеледі.
Ататүріктің кез келген әрекеті оның өз басының ынтызарлығының көрінісі ғана емес, ең алдымен өмірінің басты мұратынан айнымастығының айғағы. Тұрмыста да, өзімен-өзі оңашада да ол бүкіл ел білетіндей реформатор күйінде қалған. Оның бауырға басқан сегіз баласы – жеті қызы мен ұлы болған. Қыздардың бірі – Сабиха Гекчен түріктің тұңғыш ұшқыш әйелі. Мұндай мысалдарды Ататүріктің өмірінен көптеп келтіре аламыз.
Мұстафа Кемалдың идеялары мен қағидаттары, оның реформалары бүгінгі Түркияның саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірін өзгертті. Кемалшылық қағидаттары түрік қоғамын жедел жаңғыртуда басты бағыт-бағдар болды. Бүгінгі Түркия өткен ғасырдың басында күлден көтерілген Феникс құстай болып тұрған ахуалдан атымен бөлек ел. Осыдан біраз уақыт қана бұрын құрлықтағы ең артта қалған елдің қарқынды экономикалық дамуы құрметпен қаратпай қоймайды. Ұлттық психологиядағы өзгерістер қайран қалдырарлықтай. Мәдениет пен спорттағы, сауда мен құрылыстағы, халықаралық саясат пен қызмет көрсету саласындағы жетістіктер тәнті еткізеді. Бүгінгі Түркия толық құқықпен экономикалық жағынан дамыған елдердің қатарына қосылуда, Еуропа достастығына одан әрі кіріге түсуге дайындалуда және кеудешіл үмітпен болашаққа көз тастауда.
Осының бәрінің бастаушысы бір адам – Мұстафа Кемал Ататүрік. Барша түріктердің Атасы.
Авторы: Сауытбек АБДРАХМАНОВ.