Атеизм және моральдық құндылықтар
КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ҰЛТ ДЕСЕ, «ҰЛТШЫЛ» деп айыптаса, қазір дін десе, «ЭКСТРЕМИСТ», «ТЕРРОРИСТ», «ВАХАБИСТ» дейтіндер көбейді немесе атеизм және моральдық құндылықтар
Кеңес заманының басқа да халықтары сияқты қазақ халқы да, феодализмнен капитализмге өту экспериментін бастан кешірді. Кенже қалған халықтардың шаруашылық, білім, мәдениет, техника салаларында даму деңгейін көтеру идеясы дұрыс та болар. Бірақ, іс жүзінде 10-15 жылда ұлттың болмысын, мәдениетін, дінін социалистік қалыпқа (стандарт) сай қайта өзгерту мақсаты қойылды. Отарланған қазақ елінде ғасырлар бойы, христиандандыру (шоқындыру), орыстандыру жүргізіліп келсе, Кеңес үкіметі, енді, таптық тұрғыдан исламға да, православиеге де қарсы атеистік идеялық күрес жариялады. Күрес аса дөрекі және қатігездікпен жүргізілді. Социализм тұсында жеделдетіп жаңа зайырлы атеистік мәдениет қалыптастыру қолға алынды, шіркеулер мен мешіттер төңірегінде қырын қабақ ахуал қалыптасты. Ең бір ақылға сыйымсыз жағдай, мемлекет құрушы идеология марксизм-ленинизм атеистік сипатта бола тұра, киелі діни сипат та алды. Көсемдерге ғажайып пайғамбарларға тән қасиеттер таңылды, коммунизм жұмақ сияқты жарқын болашақ бейнесінде насихатталынды.
Қазақстанда, басқа да посткеңестік мемлекеттерде дінге бостандық берілгенмен, дінге байланысты ахуал ерекше болды. Еуропалық елдердің саяси және идеологиялық жүйесі реттелген, белгілі бір жөнге салынған, қандайма радикалдық ағымдармен диалогқа баруға, болмаса олардың зиянды салдарының алдын алуға мол тәжірибелері бар. Қазақстанда, басқа да жас мемлекеттерде ахуал басқаша: мешіт, шіркеулер, храмдар қиратылған, діни әдебиеттер тәркіленген, діни қайраткерлер қуғын-сүргінге ұшыраған. Бастарынан геноцид өткізген аз ғана діни қызметкерлер, имамдар, священниктер қорқынышқа терең бой алдырғандары соншалық, бүгінде енжар, жалтақ, демократиялық жағдайға, діни сенім бостандығына дайын болмады, рухани жетекші бола алмады. Сондықтан, олар елдің рухани талабын және жастардың сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Коммунистік идеология, атеизм де ізсіз кеткен жоқ. Бірнеше он жылдар бойы атеизм идеологиясын күшпен енгізу дінді тамырымен жою мақсатымен қатар жүрді. Діннің ықпалы әлсіреді, қайырымдылық, гуманистік қызметіне де тыйым салынды. Дегенмен дін тамырымен жойылмады, атеизмді сіңіре алмады, бірақ, діннің ықпалы, рухани күш-қуаты төмендеді, халықтың басым көпшілігі мешіт, шіркеуден аластатылды. Атеизмнің салқындығы, діннен үрку, үрей күтушілік Қазақстанда да байқалды. Әсіресе, ислам қаупінен қорқу көрініс алды. Басқа діндер сияқты исламның да тағаттылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейтінін, діндарлықпен бірге ізгілік пен жарастықтың ұялайтынын мойындамайтындар шықты. Кейде өркениетті Еуропа елдерінде дін қоғамнан шеттетілген деген пікір таратылды. Сол елдерде ықпалды дін мемлекеттік күш екенін қазақстандықтар білмеді. Ұлыбритания англикандық мемлекеттік шіркеу, оның басында мемлекет басшысы, монарх королева Елизавета II. Ал, евангелистік – лютерандық шіркеуге көптеген елдерде мемлекеттік мәртебе берілген; Швецияда шіркеу үкіметтің құзырында. Барлық азаматтар шіркеу салығын төлеуге міндетті, шіркеу мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, шіркеу орман мен жер иеленуші; Финляндияда шіркеудің барлық шығындары мемлекеттік бюджет және шіркеу салығы есебінен төленеді; Данияда шіркеудің басшысы король, арнаулы салықтар жиналады, священниктер мемлекеттік қызметшілер болып есептеледі; Исландияда шіркеудің басшысы президент және мемлекет шіркеудің экономикалық жағдайына жауапты.
Мемлекетімізде іштей атеизм әртүрлі көрініс алды. Сырттан таңылып жатқан пікірді колдай жөнеліп, елімізде ислам тым асқынып бара жатыр, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай, мемлекетіміз клерикалданып, немесе дінге бой ұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде бұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал, ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық. Төркініміз Кеңес үкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді, бүгін дін десе, әсіресе, ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «вахабист» дейтіндер көбейді. Шындығында, мұндай анықтаманы тек сот бере алады. Әлі де болса, дінді жау көрмесе де, идеология саласында бәсекелес көреді. Жастардың көбірек мешітке баратыны, болмаса, ерекше киінсе, осыдан жасырын қауіп іздеушілер табылды. Жаңарған діни сананы елдің басын біріктіретін мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдырудың орнына дін мен халықтың, дін мен мәдиниет арасына бөгет салуға, елді жікке бөлуге тырысу байқалады.
Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметкерлер де өз қызметін тым кең мағынада түсініп, өз қызметтерінде өз құзыреттері шеңберінен асып жатады, мемлекеттік басқа органдардың қызметін алмастыруға тырысушылық бой көрсетеді. Қай салада да барлығын бақылап, «ашса алақанымда, жұмса жұдырығымда болсын» деген ниет ойдағыдай нәтиже бермейтіндігі белгілі. Тізгіндеп, күнде «достық» әңгімеге шақыру адамды ашындырып, өзіне өзі қол салуға дейін апарады. Экстремизммен күресті желеу етіп азаматтардың жеке ісіне араласу да орын алуда. Кейде қылмыстық қақтығыстардың астарына діни мән берушілік жиі кездеседі. Қауіп-қатердің себебін діннен ғана іздеу, олар әлеуметтік басқа да себебтерін іздеуді шектейді. Бұл, біріншіден, көрші славян елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарының барлық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға тырысушылығынан туып отыр. Бұл, әсіресе, Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді. Екіншіден, діндарлықты – «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бару күрделі ізденіс. Орыс ақыны А. Вознесенский айтқандай, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмаған ұрпақ енді көп дүниені ой елегінен өткізуде.
Атеизм негізінен Еуропа мәдениетінде христиандыққа оппозиция ретінде пайда болған құбылыс. Бірақ, атеизмнің басты қызметі дінді сынау емес еді. Оның негізгі қызметі бұрын да, бүгін де – табиғатты, қоғамды ғылыми тұрғыдан түсіндіру, адамның танымдық және жасампаздық қабілетін қалыптастыру, содан кейін барып дінді сынау болды. Атеизмді тек материалистік философиямен байланыстыру да қате. Ол идеалистік философияға да тән. Ф.Ницше, А.Камю, Ж.П.Сартр, Б.Расселді айтсақ та жеткілікті. Тәуелсіздік пен жариялылық октябрь төңкерісінен кейінгі көптеген қайғылы уақиғалардың, жаппай қуғын-сүргіннің, аштықтың бетін ашты. Кеңес үкіметі дін қызметкерлеріне, мешіт пен шіркеулерге қарсы аса қатігездік бағыт ұстанды. Бұл заңсыздық халықтың ашу-ызасын туғызып кеңес идеологиясына, әсіресе, «ғылыми атеизмге» қарсылықты қоздырды. Озбырлық, дөрекі кеңестік атеизм әлем тарихында қалыптасқан атеизмнен бөлек құбылыс еді. Қатыгез құдайсыздық ілімі рухани өмірдің барлық салаларына – әдебиет, өнер, поэзия, хұқық, гуманитарлық ғылым-білімге қарсы жұмсалды. Өткен қылмыстарды сынау айналып келгенде атеизмді балағат сөзге айналдырды, ал, оны қолдаушылар қиянатшыл, кесапат, мәдени ескерткіштерді қиратушылар, жаппай қуғын-сүргінге жауапты деп айыпталды.
Отарланған қазақ елінде ұлт-азаттық қозғалыс діни сипат алып, дін әртүрлі әлеуметтік және саяси күштерді топтастырды. Дәстүрлі мәдениет, оның ішінде діни құндылықтар, орыстандыру саясатына қарсы ымырасыз қарсылық көрсетті. Сондықтан, қазақтар тоталитарлық атеизмге ұлтсыздандырушы, дін бұзғыш идеология ретінде қарады. Атеистік білім мен тәрбие қазақ ұлтының санасында өз ізін қалдырғанмен терең тамырын жая алмағандықтан, атеистер тәуелсіздік тұсында діни сенімге қарсы бас көтермеді. Ал, православтар – атеистер христиан құндылықтарын бағалай бастады. Коммунистер де сырттай болса да атеизмнен бас тартты. Енді, атеизм «қартая» бастады. Аға ұрпаққа санасына сіңген наным-сенімнен айырылу қиын болса, жаңалыққа үйір жастардың дінге қызығушылығы тез өсті.
Постатеистік Қазақстанда, басқа да бұрынғы социалистік елдерде атеизм мен адамгершілік мәселесі төңірегінде пікірталас туды. «Жаратушыға сенімнен, пайғамбарларды оның елшілері танудан, Қасиетті кітаптарды мойындаудан тыс адам бойында кісілік, ізгілік қасиеттер болуы мүмкін емес» деген пікірді этикалық имманентизм концепциясы қолдайды. Кеңес билігінің дағдарысы, посткеңестік елдердегі моральдық құлдилаудың себебін діннің әлсіреуінен деп түсіндіреді. Айналып келгенде, бұл проблема атеистік қоғамда тәрбиеленген ұрпаққа, олардың кісілік ұстанымына дін тұрғысынан көзқарасына тіреледі.
Қарапайым халықты айтпағанда, Коммунистік партия өкілдерінің бірқатарына іштей, үстүртін болса да дін қағидаларын ұстану тән болған, діні жұмсақ, мейірімді, қайырымды адамдар олардың қатарында аз болмағаны белгілі. Сонымен бірге, олар социализм тұсындағы әлеуметтік әділдікті, ғылым мен білімнің, мәдениеттің дамуын жоғары бағалап, атеистердің дін өкілдерінің мінез-құлқын сынауын да мақұлдаған. Сөйте тұра, социалистік идея мен діни уағыздардың кейбір тұстарының, әсіресе, тәрбие мәселесінде үйлесуін бағалаған. Француз философы Клод Адриан Гельвеций дінаралық қақтығыстарды ешқандай ақыл-парасатпен ақтауға болмайтындығын айта келе, мына өсиет-әңгімеге назар аударады. Көрнекті суретші түсінде жұмақтың қақпасына көтерілсе, оны қасқабас, сақалы беліне түскен, қолында кілттері бар бір қария таңғалдырады. Зер салып қараса, ол әулие Петр екен. Апостол жұмақ қақпасының алдында отыр. Бір топ адам оған қарай бет алады. Бірінші болып католик келеді: «Мен өмір бойы осы дінді ұстандым, ізгілікті, рақымшыл адаммын», – дейді. «Олай болса», – дейді әулие, – жұмақта католиктер отыратын қатарға өт». Одан кейін протестант көрінеді, ол да өзін кісілік қасиетім мол, ыждаһатты жанмын деп таныстырады да, сондай жауап алады. Одан кейін Бағдат, Басыр, басқа қалалардан келген мұсылмандар өздерін мейірбан, кеңпейілді адамдармыз дейді. Әулие Петр мұсылмандарға да құрметті орын ұсынады. Ең соңында тағы бір адам жақындайды: «Сен қай дінді ұстанасың? – деген Апостол сауалына: «Мен, қасиеттім, ешбір дінді ұстанбаймын, бірақ, мен де, мейірбан, жанашыр адаммын», – дейді. «Олай болса, сенің де өтуіңе болады, бірақ, сені қайда отырғызамын», – деп қиналады әулие. Себебі, жұмақта діндарларға ғана орын бар. «Орынды өзің таңда, парасатты дегеннің қасына отыр» дейді әулие. Адамдардың наным-сеніміне бұйрық-зорлық жүрмейді. Гельвеций тағынан кеткен корольдың: «Үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ, солардың ішінде бір сәтте, дәлме-дәл бір уақытты көрсететін екі сағат жоқ. Қалайша мен дін мәселесінде барлық адамдар бірдей ойласын деп мәжбүрлеймін? Қандай ақымақтық, қандай астамшылық!», – деп кеш болса да өкінгенін айтады. Бұл мысалдан тек діншіл адам ғана емес, дінді ұстанбайтындар да ізгілікті, иманды, берекелі, болмаса кесірлі, рақымсыз адамдар болуы мүмкін деген ой туады.
Ресейдің «Наука и религия» журналының бетінде өткен «Верующие и атеисты в современном обществе» атты пікірталаста мынадай ой айтылды: «Отказывать атеистам в нравственности невозможно. Наши деды, отцы воспитывались и формировались в атеистическом обществе и при этом были потрясающими в моральном план людьми. Конечно, в советском обществе были и верующие, но ведь были и те, кто вполне сознательно считал себя атеистом и при этом был носителем высоких нравственных принципов». Биязы, өзара сыйластық жағдайға өткен бұл пікірталас діндегі адам өзінің мәңгілігіне сенеді, ол оның атеистерден үлкен артықшылығы деген ой айтылды. Ал, атеист о дүниені мойындамайды, тек осы дүниеде ғана өмір сүреді, оның артында игілікті ісі мен амал- әрекеті қалады, қайырымдылығы мен мейірімділігі оның атын өлтірмейді деген пікірмен айтыс аяқталды, бұл атеистердің артықшылығы делінген.
Ресейдің дінтану әдебиетінде Апостол Иаковтың «Вера без дел мертва» пікірін жиі келтіреді. Игілікті іс жоқ жерде дін жансыз деген ойды білдірсе керек бұл көзқарас. Іс дегенде еңбек, жұмыс, қаракет, шаруа, отбасы, мінез-құлық тұтынатын дін жолына, бағытына үйлесуі туралы айтылған болса керек. Игілікті істі діндегілер мен дінді қолдамайтындар жеке адамдар атқаруы мүмкін. Ал, діні әлсіреген елде адамгершілік құндылықтар да әлсірей береді деген ой басым.
Дін тұрғысынан «бүгін Еуропаның келбеті өзгеруде, кейде, тіпті, христиандықтан кейінгі Еуропа» деп жатады, христиандық құндылықтар өз мәнін жоя бастаған. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламент делегациясының құрамында Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барғанымызда, біз үшін өте ыңғайсыз жағдайдың үстінен шықтық. Бағдарламаға сәйкес, бізді Антверпен қаласының губернаторы қабылдады. Қабылдаудан кейін ғимараттың бір шетінде салтанатты шара өтіп жатырғанын байқадық: музықа, ду қол шапалақ. Барсақ, екі жігіт некелесіп, достары туыстары оларды құттықтап жатыр екен. Жындыханада болғандай әсер алып сыртқа шықтық. Келесі кездесуіміз қаланың священнигімен еді, ол бізді күтіп отыр екен. Алғашқы сауалымыз біржынысты неке туралы болды. Священник «Біздің қоғам азды. Жаратушы біреуімізді ер, екіншімізді әйел етіп, жұптасып, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге бұйырды. Біз болсақ, біржынысты некені заңдастырып, Жаратушыға, табиғатқа қарсы іс жасап жатырмыз» – деді. «Сіздер, – деп сөзін жалғастырды ол, – депутат екенсіздер, біржынысты некені қолдайтын заң қабылдамаңыздар. Естеріңде болсын, сіздер құрметтеп қарсы алып, қонақ қылып жүрген біздің лауазымды адамдар, депутаттар, министрлер, басқалардың да бірқатары біржыныстық некеде тұрады. Сіздер оны білмейтін де шығарсыз».
Демократияның екінші жағы да бар. Еркіндік әкесінің қызына үйленуіне, баласының анасына үйленуіне, еркек пен еркек, әйел мен әйелдің некелесуіне, денем өзімдікі деп, оны сатып жезөкше болып, табыс табуға жағдай туғызып отыр. Еуропада балалардың 30% некеге тұрмағандардан туады. АҚШ – та балалардың тек 50% әкесі, не анасы бар, жалғыз бастылар көбеюде. Әрине, Еуропада шынайы христиандық та бар, тақуа, құлықты, діндар азаматтар да көп. Сондықтан, христиан дініне деген салқындыққа, бұл рухани дағдарысқа үлкен алаңдаушылық білдіріп, адамгершіліктің қазығын Еуропа да діннен іздеуде.
Ғылыми әдебиетте шынайы діндар адамдар мен дінде жоқ адамдардың кісілік қасиеттері туралы пікірталастар толастар емес. Шынайы діндар адамдарға тән мейірімділік, рақымдылық, риясыз шын көңіл, қайырымдылық, ықыластылық, кішіпейілділік, өкіну, опық жеу шынайы діндарларға да, дінде жоқтағыларға да тән болғандықтан біреулер дінде жоқ адамдар болмайды десе, екіншілері құдайсыз да әділ қоғам құруға болады деседі.
Жеке адамның дін таңдауына хұқы бар. Ал, тұтастай дінінен айырылған ұлт, ұлттық қасиетінен, мемлекетінен айырылады. Психология ғылымында Томас теоремасы деген қағида бар. Мысалы, банктің болашағына сенбей, салымшылар өздерінің қаржыларын ала берсе банкротқа ұшырайды. Сол сияқты тілінен безіп, дінінен, ділінен шыққандар көбейе берсе, сан сапаға айналып, ұлт бірте-бірте ыдырай береді, мемлекет те күйрейді. Сенім-тұтастық пен бірліктің кепілі. Қоғам шындығында біртұтас организм, бүтін денедей. Сол организмнің бір мүшесіндегі өзгеріс басқа мүшелеріне әсер етеді. Ұлттың рухына салған жарақат уақытпен де емделмейді, оның рухында мәңгі із қалдыруы мүмкін. Дін тазартушы, демеу беруші, жарақатты жазушы, сауықтырушы ем, әлеуметтік организмнен зиянды қалдықтарды шығарушы деп бекер айтылмаған. Адам өзінің табиғи қажеттілігін қанағаттандыруға қандай мұқтаж болса, рухани азыққа, тазаруға мұқтаж. Адамдардың рухани болмысын кейде жер асты пайдалы қазбаларына теңейді. Жер қойнауындағы рудалар табиғи шикізат қана, оларды жуып тазартылғаннан, өңдегеннен, кейін олар таза алтынға, күміске, алмазға айналады. Сол сияқты, бейнелеп айтқанда, адамдарды да діндер тақуалыққа тәрбиелейді, болмаса бойында жиналған у ауыр індеттерге ұласуы мүмкін, тіпті, организмді күйретуге, ыдыратуға әкеледі. Тәуелсіздік, дербес мемлекеттік, ұлттық тіл, ортақ дәстүр мен дәстүрлі мұсылмандық құндылықтар ұлтты ұйыстыруға мүмкіндік туғызады.
философия ғылымдарының докторы