АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ОҢ БАҒАЛАНДЫ

Өткен сәрсенбі күні жетінші шақырылған Байзақ аудандық мәслихатының кезекті XXXI сессиясы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Сессияға 17 депутаттың 15, аудан әкімінің орынбасары Б.Сағынбеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Зәуірбеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.
Сессияны аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Ақбаев ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өзінің функциялары мен міндеттерін орындау жөніндегі есебін берді.

-Есепті мерзім аралығында ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 12013,7 млн. теңгені (101,2%) құрады. Ондағы өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі – 134,4 млн. теңге, мал шаруашылығы – 11845,9 млн. теңге. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі жыл сайын артып, 59790 гектарға жетті. Оның 25549 га суармалы, 30241 га тәлімі егістік жер. Ауданда мал басы өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Мүйізді ірі қара – 59439, қой – 349514, жылқы – 20079, түйе – 1037, шошқа – 1618, құс – 1089029 басқа жетті.

Биылғы жылы ауданымызда жалпылама айтқанда барлық салада да жақсы жұмыстар атқарылды. Мәселен, ауылшаруашылығына байланысты тапсырмалар 100 пайызға орындалды. Биылғы жылы көктемде жауын-шашында көп болып жем-шөп мол жиналды, алда әлі жоңышқаның үшінші орымы, сүрлемде бар. Бақша дақылдары да жақсы шығып, жиналып алынды. Каналдардың толық тазаланбауынан 2-3 ауылға ғана егін суын жеткізуде қиындыққа тап болдық. Ауылшаруашылығына байланысты 40 — тай техника, тыңайтқыш, жанар — жағар май жеңілдетілген бағамен алынды. Ал мұның шаруаларға пайдасы мол болды.

Биылғы жылдың 6 айында аудан бойынша 616 шаруашылық 1 млрд. 24 млн.теңге субсидияға қол жеткізді. Шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілерінің өнім шығарылымы 47404 млн. теңгеге жетті. Мұнда 8253 адам жұмыспен қамтылған, ал бұл барлық белсенді халықтың 18,3% құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 868,1 млн. теңгеге 22 жоба қаржыландырылды.
Ауданымыздың 4 ауылындағы көшелер жыл аяғына дейін түгелдей асфальтталады, Оларға қосымша аудан орталығындағы ең үлкен деген Байзақ, Қонаев көшелерін асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Шахан ауылында мектеп салынса, Сеңкібай, Көктал ауылдарындағы мектептер биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сарыкемер ауылында 250 орындық емхана, Байзақ,Түймекент ауылдарында 30, Абай ауылында 20 келушіге арналған дәрігерлік пункттер соғылуда. Былтыр 4 елді мекенге, ал биыл Жақаш ауылында учаскелік полиция қызметкеріне арналған үй мен арнайы пункт соғылуда.
Ауданымыздағы 43 елді мекеннің 30-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, тағы бірнеше ауылға таза су қосылып, бұл көрсеткіш 92 пайызға жетпек. «Amanat» партиясы сайлауалды бағдарламасы бойынша аудан халқын 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтуымыз қажет. Ал ауылдар халқын газбен қамту биыл 100 пайызға жетіп отыр. Көктал ауылындағы клуб күрделі жөндеуден өтіп жатса, Тегістік ауылында 90 орындық клуб соғылуда. Биыл пайдалануға беріледі.

Ауданымыздағы өзекті мәселенің бірі- халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып отыр. Үй кезегінде тұрғандар көп. Үй соғуға жерді алып, оған үй соқпай отырғандарда аз емес. Ондай жерлерді қайтып алып, жер сұрағандарға берген дұрыс болады. Ауданда 39 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Былтыр соның төртеуін бастауға әрекет жасалған. Алайда қаражатқа байланысты бұл тоқтап қалды. Былтырғы жылғы аудан аумағында болған жарылыс, қатты соққан дауылдың да біраз зардабы тиді. Алдағы уақытта да игілікті істер жалғаса беретін болады, — деді аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы. Сондай-ақ ол кейбір ауылдардағы шағын көшелерге камера, жарық шамдарын орнату, асарлатып үй салу, спорт алаңшаларын соғу тағы басқа да демеушілер тарапынан атқарылған жұмыстарға да тоқтала кетті. Аудандық мәслихаттың депутаты Асылбек Жантаевтың басшылығымен Суханбаев ауылдық округіндегі 3 ауылға ауыл атаулары жазылған қақпа мен ауылдар төлқұжаты, ал депутат Алтынбек Жамишжановтың демеушілігімен Үлгілі ауылында шағын футбол алаңшасының соғылуына байланысты алғысын айтты.
-Біздің Суханбаев ауылдық округінде жақсы жұмыстар бар. Ауылда суармалы жерлер ұлғайып келеді. Бұған Көкөзектегі су қоймасының пайдасы көп тиіп отыр. Бұл үшін ауыл халқы аудан басшыларына алғысын айтуда. Ауылда спорт залы, спорт алаңшасы демеушілер көмегімен соғылып, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы есебіне өткізілген. Алайда олар ғимараттың жылу жүйесін жүргізгенімен алаңша газоны мен татанинге көмек бермей отыр. Ал ауылда 38 бала дзюдо күресімен айналысып, оның екеуі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Ауылдарға кіре беріске бейнебақылау қойылса, округтегі 2 мектеп, бір балабақша қазандықтары газға қосылса деген тілегім бар. Көкөзек ауылына интернет керек.Содан соң Суханбаев мектебінің 2,5 метрлік қоршауын ауыстыратын кез келді. Сынған, қисайған бетондар балалар өміріне қауіпті,- деді депутат Асылбек Жантаев.

Бұдан кейін депутаттар Гүлсім Ешеева мен Құралай Үкібаева сөз алып өз ауылдарындағы атқарылып жатқан жақсы жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ Талас ауылындағы тозып бара жатқан Мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтарып алу, Спорт кешенін соғу, Сармолдаев көшесінің екі бұрылысын асфальттау, орталық көшеге жаяу жүргінші жолы белгісін қою, Көктал ауылындағы Спорт кешенін жөндеуден өткізу, Мырзатай-Көктал ауылдары арасындағы (жол бойындағы) қураған ағаштарды ретке келтіру, көп қабатты бұрынғы жартылай соғылып бітпей қалған мектеп ғимаратын пайдаға жарату, спортшылар үшін қонақ үй соғу мәселелерін көтерді.

Көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімі Б.Қазанбасов жауап берді. Бұл жерде білім және спорт саласы облыстық тиісті басқармаларға қарағандықтан аудандағы бұл салаларға бюджеттен қаржы бөлінбейтіні айтылды. Алайда аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы тиісті басқармаларға шығып, көтерілген мәселеге қозғау салынатынын, ал оған депутаттардың да атсалысуы керектігі айтылды. Басқада айтылған мәселелер назарға алынып,олардың орындалуына жұмыс жасайтындарын жеткізді. Осы жерде аудандағы пилоттық жобаға енген 4 ауылға келесі жылы қомақты қаржы бөлініп, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша аталған ауылдарда көптеген жұмыстар атқарылатынында атап өтті.

Сессияда «Аудандық мәслихаттың» Экология табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері «жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстары туралы» тұрақты комиссияның төрағасы Мырзағали Мәдімаров есеп берді. Аталған мәселе аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында талқыланып, тиісті ұсыныстар жасалған.

Сессияда аудан әкімдігі жанындағы бірнеше комиссиялардың құрамдарына өзгерістер енгізілді.

Сессияда қаралған мәселелерге байланысты шешімдер қабылданды. Аудандық мәслихаттың кезекті ХХХІІ сессиясының күн тәртібі туралы депутаттарға хабардар етілді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.