Аттылы сақшылар тәртіпті қадағалайды

Оралда саяжайлардағы, жағалаулар мен қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы қоғамдық тәртіпті атты полиция қызметкерлері қадағалайды.

Орал қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына қарасты кавалериялық взводы 2017 жылдың соңында ашылды. Кавалериялық взвод сақшылары аз уақыттың ішінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қыруар іс тындырып, адамдардың тыныштығын бұзғандардың жолын кесіп үлгерді.

Взвод ғимараты қаланың Зачаганск кентіндегі облыстық ішкі істер департаментінің құқықтық тәртіп пен арнайы дайындықты қамтамасыз ету базасында орналасқан. Аталған взводта 25 адам жұмыс жасайды.

Аттылы полицейлер жазда жағалауларда ішімдік ішу, мас күйінде суға түсу секілді оқиғаларды болдырмауға атсалысады. Сонымен қатар қала маңында көптеп орналасқан саяжай қауымдастықтарында да ұрлық-қарлық, бұзақылық оқиғалары жиі орын алады. Мұндай жерлерге көп жағдайда қызметтік көлікпен бару мүмкін емес. Сол себепті тұрғындардың қауіпсіздігін атпен аралап күзету әлдеқайда жеңілірек.

Полицей-кавалеристер үздіксіз қызмет атқарып, өздеріне бөлінген аймақтың тыныштығын күнделікті қадағалайды. Кавалериялық взводтағы қызметкерлер ауысыммен жұмыс жасайды. Оларға тұрғындардан түрлі шақыртулар да түсіп жатады. Қылмыстық оқиға орнына лезде жететін сақшылар бірқатар заңбұзушылықтардың алдын алған.

Айталық, жыл басынан бері Оралда кавалериялық взвод 2804 қоғамдық тәртіп бұзу фактілерін анықтаған. Мас күйіндегі 106 адам айықтырғышқа оқшауланған. 10-нан астам суық қару тәркіленіп, 20 есірткі заты табылып, 7 қылмыс ашылған екен.

Кавалериялық взводқа жұмысқа алынатын сақшылар өз жұмысына жауапкершілікпен қараумен қатар мал патшасы – жылқының тілін білуі тиіс. Бұл ретте әрбір полиция қызметкері өздеріне бекітілген сәйгүлікті баптап, олардың жай-күйі мен тазалығын қадағалайды. Мұндағы қызметтік аттардың барлығы да – жергілікті тұқымнан. Қамбар ата түлігіне қамқорлықпен қарайтын қызметкерлер күн ыстықта оларды тынықтырып, уақтылы суарып тұрады. Қыста қатты аяздарда тоңдырмай жабулап, мұзға таймау үшін тұяқтарын тағалайды. Өте қатты тайғақта жылқыларды сыртқа шығармайды. Алыс саяжайларға оларды арнайы көлікпен апарады. Сонымен бірге қызметке іріктеліп алынған арғымақтарды баптайтын арнайы жұмысшылар бар. Олар аттардың жем-шөбін беріп, тағалап тұрады. Ауырып тұрған жылқыларды емдейтін ветеринарлық дәрігер де бар. Мұның барлығы – бұйрықпен бақылауға алынған іс-шаралар.

Кавалериялық взвод сақшылары қайырымдылықпен де айналысып, мүмкіндігі шектеулі балалармен иппотерапия әдісін жүргізеді. Сал ауруына шалдыққан жеткіншектерді атпен серуендетіп, олардың денсаулықтарын нығайтуға біраз үлес қосқан. Қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты бұл шара уақытша тоқтатылыпты.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы