Ату жазасына кесілген жалғыз қазақ аруы
1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін талай ардақты азаматтардың, ана мен баланың тағдырына балта шапты. Қазақтың арыстай азаматтарымен бірге әйелдері де арнайы лагерльлерге қамалды, балалар жетімдер үйілеріне орналастырылды. Әйелдерге де «күйеулерімен бірге қылмыс жасады, антисоветтік насихат жүргізді» деген айып тағылды 1937-1938 жылғы Совет үкіметін шарпыған саяси репрессия кезінде ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы Шонанова Шахзада Аронқызы болатын. Шахзада Шонанова (Қаратаева) туралы ғалымдар К.Нұрпейісов, Т.Омарбеков М.Қойгелдиев, Д.Сүлейменовалар зерттеген.
Шахзада Шонанова (Қаратаева) Аронқызы 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан алғыр, зерек, білімге құмар болып өседі. Оның ата шежіресіне назар аударатын болсақ, ата-бабалары ел билеген билеуші, хан, сұлтан болғандығын көреміз. Арғы атасы Әбілхайыр хан – ірі қолбасшы, Кіші жүз ханы. Соғыста батырлығымен, айлакерлігімен, айқас-шайқастарды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүз ханы болған.
Әбілхайырдың немересі Нұралының баласы Қаратай сұлтан – Кіші жүздің Батыс бөлігінің алғашқы сұлтан әкімі. Қаратай Нұралыханұлының XIX ғасырдың басынан басталатын ұлт-азаттық күресі Сырым бастаған қозғалыстың заңды жалғасы. 1771-1826 жылдары өмір сүрген, Қазақстанның батыс өңірі тарихында ерекше орны бар Қаратай Нұралыұлы да сол дәуірде қайраткерлік іс-әрекетімен, ел басқарудағы қабілетімен, Ресейдің Қазақстанды отарлауына қарсы батыл күресімен көзге түскен азамат. Өз заманындағы қоғамдық, саяси белсенділігі арқасында халқына, көршілес елдерге кеңінен танымал. Қаратай сұлтанның ұлы Бейсәліден туған Дәулетжанның шаңырағында дүниеге келген Бақытжан Қаратаев және Арон Қаратаев тікелей ұрпағы.
Шонанова (Қаратаева) Шахзада Аронқызының ата шежіресі былайша тарайды: Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай Темір – Өз Темір – Өз Темір Хожа Бадақұл ұғлан – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан –Әбусағит (лақап аты Жәнібек хан) – Өсік сұлтан – Бөлекей-Қоян сұлтан – Айшуақ сұлтан – Еріш сұлтан – Қажы сұлтан – Әбілқайыр хан – Нұралы – Қаратай – Бисәлі – Дәулетжан – Арон – Шахзада. Шахзаданың әкесі Арон Қаратаев – әйгілі Әбілқайыр хан ұрпағы, төре тұқымынан болатын, белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі еді. Бұл жөнінде дерек Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында «Қаратай сұлтан әулетінен тараған белгілі саяси, мәдениет қайраткерлер көп. Бақытжан Қаратаев, Әлікей Бейсалиев, Мұхит Мералиев, Қамбар Медетов, Шахзада, Мұхит, Шынтас, Шайхы Қаратаевтар, Лұқпан, Ғұбайдолла Мұхитовтар – Қаратайдың тікелей ұрпақтары. Қаратай әулетінен бірқатар өнерпаздарда шыққан. Қаратай сұлтанның Мерәлі деген ұлынан әйгілі әнші-сазгер, ақын Мұхит дүниеге келді. Оның ұрпақтарының да бірқатары өнерден өз орындарын алған. Текті әулеттен тараған Шахзада Шонанова (Қаратаева) өз қоғамының озық ойлы оқыған, зиялы адамы еді. Қазақтың ару қызының сыртқы сымбаты, ажары, жүріс-тұрысы туралы жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында ерекше суреттейді.
Шахзаданың бала күнінен Жымпитыдағы Бақытжан мен Арон Қаратаевтардың үйінде бірінен кейін бірі келіп-кетіп жататын талай қазақтың марғасқалары ұлт мәселесі жөнінде көптеген жайттармен бас қосулар өткізетін. Әкесі Арон Қаратаев пен анасы Хұсни-Жамалдың тәрбиесін алған Шахзадада ағасымен бірге ұлтжанды, әрі ағарту саласына, қызмет көрсету саласына бет бұрған қайраткерлік, күрес жолын таңдады. Арон Қаратев Патшалық Ресей тұсында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат атанды. Орал қаласының полиция бастығы (обер-полимейцмейстер) лауазымына дейін көтерілген. Ескі тәртіптің құлауына байланысты қызметтен кетіп, жеке меншік шаруашылығымен шұғылданған. Атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері ретінде 1928 жылы тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жерге жер аударылған.
Арон Қаратаевтың ағасы Бақытжан Қаратаев ХХ ғасырдың басында ірі қоғам қайраткері ретінде танылды. Шахзаданың анасы – Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова тарихымызға өшпес жұлдыз болып енген, қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі болатын. Ол – Жәңгір ханның немересі. 1894 жылы Бөкей Ордасындағы қыздар мектебін ашқан. Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханованың алдынан білім алған шәкірттер қатарында қазақтың қайраткер қыздары — Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) да бар. Мәншүктің анасы Әмина: «Мен бастаған ісімді аяқсыз қалдырмай, қалайда аяқтап шығатындай тиянақты болуды Хұсни-Жамал апайдан үйрендім. Ол ақылына көркі сай ерекше жаратылған сұлу жан еді. Тал бойында бір міні жоқ, киім-киісі, жүріс-тұрысының өзі үлкен мектеп болатын. Оның көркем жазуға үйреткендегі сүйріктей саусақтары, мәнерлеп оқудағы мақпал даусы әлі есімде. Ол бізге жазу мен оқуды ғана үйретіп қойған жоқ, жұрттың алдында өзімізді қалай ұстауды, жүріп-тұруды, бой күтуді ерінбей-жалықпай үйрететін. Ән салуға, еуропаша би билеуге баулитын», — деп естелік жазады. 1923 жылы Хұсни-Жамал Орынборда Алма Оразбаевамен кездескенде, шәкіртінің ел-жұртының жоғын жоқтайтын қайраткер болып жетілгеніне қуанып, «еңбегім еш кетпеген екен» деп мәз болған».
Шахзада мен күйеуі Телжан Шонанов Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында Қаз МУ ғимаратын өртемек болды деп ұсталғанда, қартайған Хұсни-Жамал Алматыда көшеде қаңғып қалды. Телжан мен Шахзада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген. «Жалғыз қыздан бір айырылып, ішерге тамақ таппай Хұсниім қатты қиналды-ау», — деп Зияда Мағзомқызы Қаратаева кейіннен талай көзіне жас алды. Бақытжан Қаратаевтың немере қарындасы Зияда апай Алматыда киім тігіп, нанын әзер тапты. Сондай ауыр күндерде Хұсни-Жамал кешқұрым уақытта Зияда туысының паналап отырған қуықтай үйіне келетін. Қартайған Хұсни-Жамал көзге түрткі болып, таныстары сырт айналды. Жәңгір ханның ақсүйектік тәрбиесін көрген, Астрахань губернаторымен тартысып-таласа жүріп, Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшін мектеп ашқан Хұсни-Жамал… Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев шығарған «Қазақстан» газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырып алып келіп, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейіткерейдің үйіне тығып, баспаханадан газет бастырып жүрген Хұсни-Жамал… Сейіткерей – Астраханьдағы дәулетті жандармерияның батылы бармаса керек. Дегенмен, Хұсни-Жамалдың соңына Астрахань мен Орынбор жандармериясы құпия аңду қойды. Шахзададай қайратты да білімді қыздың анасы Хұсни-Жамал көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алматыда көз жұмды. Аштан өлді деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргінге ұшырап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана көкірегінің үміті болар. Анасы мен қызы бірі – хандық билік құртылған заманның куәгері, екіншісі – кеңес өкіметінде қарапайым адами мақсатын жүзеге асыра алмай, бір жағынан саяси жүйенің, екінші жағынан интригалардың құрбаны болған.
Алаш қайраткері, Шахзада Шонанованың (Қаратаеваның) жолдасы Телжан Шонанұлының да өзіндік орны ерекше. Ол – алаштанушы, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ғалым. 1894 жылы Торғай облысы, Ырғыз уезі, Аманкөл болысы (қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы) №4 ауылда туған. 1908-1912 жылдарда Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, одан кейін — 1912-1916 жылдары — Орынбордағы мұғалімдер институтында оқыды. Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының «Игілік» ұйымын құруға белсене араласып, «Қазақ» газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды.
1916-1921 жылдарда Ырғыз уезінде мұғалім болды. Ал 1922 жылы Орынборда Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталыққа қызметке қабылданып, сонда 1926 жылға дейін оқыту-білім беру істерін жетілдіру – дамытумен тікелей шұғылданды. Осы игі істерді бастаушы Телжан Шонанов Қазақ білімпаздарының 1924 жылы 12-18 маусымда өткен тұңғыш съезіне, одан кейін сол жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. Осы тұста ол емлеге, тіл дамытуға, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты көптеген еңбектер мен хрестоматиялар жариялады. Телжан Шонанов «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» 1923 жылдың 15 сәуірінде мүшелікке қабылданған. 1926-1928 жылдарда ол осы қоғамның тарих-этнография секциясының төрағасы және Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болған. Көрнекті тарихшы Кеңес Нұрпейісов «Тарихи тұлғалар» еңбегінде «Қазақтың ұлтжанды зиялы қауым өкілдері 20-жылдары күшейе бастаған тоталитарлық билікке қарсы ұғым мен мәдениет саласында қарсылық қозғалысын ұйымдастырды, ұлттық рухты көтеруге қызмет етеді деген оймен арғы-бергі тарихымыздағы ұлт-азаттық қозғалыстар туралы, олардың белгілі тұлғалары жөнінде, осымен мазмұндас ауыз әдебиеті үлгілері хақында шығармалар жарияланды
Шахзада Шонанова (Қаратаева) ХХ ғасырдың басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған еді. 1920 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі.
Бірақ шыққан тегі, әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, қудаланып, біреулердің көрсетуімен 2-курста оқудан шығарылды. Деректер бойынша оған Алашордашылармен байланысты болғаны үшін айып тағылған. Қалай болғанда Шахзада Қаратаеваның тәрбиеленген ортасының өзі Алаш зиялыларының ордасы болатын.
Шахзада Қаратаева 1922-1926 жылдарда Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші болып істейді. Аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды. 1926 жылдан бастап КСРО ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі, 1928-1930 жылдарда Қызылордада Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесі бөлімінің нұсқаушысы болып орналасады. Алайда Шахзаданың есіл-дерті оқуын жалғастыру еді. Осы мақсатпен 1931 жылы Алматыға қоныс аударып, Алматы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ мұнда да «әлеуметтік тегі» бойынша бақылауға алынып, институт Шахзаданы «қоғам жұмыстарында тексеруге» міндеттелді. Осыған сәйкес Шахзада 1932 жылдың 12 наурызынан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру – бөртпе сүзек індеті жайлаған Прибайкалстройдың Спасск деген жеріне жіберілді. Сол жердегі жұмыс орнынан институтқа ол жөнінде: «Жолдас Шонанова өзін қайратты, іскер қызметкер ретінде көрсетті… Қоғам жұмыстарына қатысты… Санитарлық шаруаларды жүргізуші ретінде Шонанова ең сенімді қызметкер болды» деген мінездеме жіберілді. Осындай үлгілі мінездемеге қарамастан Шахзада тағы да 2-курста «әлеуметтік тегіне байланысты» оқудан шығарылды.
Шахзада 1926 жылдан бастап КСРО-ның ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі болған екен. Шахзада ең алдымен Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Алайда бұл оқуды Шахзаданың аяқтауына мүмкіндік бермей «әлеуметтік тегіне байланысты 2-курстан шығарып жіберілгенін растайды.
Одан кейін Шахзада Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, ол жерден де 2-курсқа келгенде шығарылады. Бірақ Шахзада өжет мінез танытады. Өзінің жазықсыз екенін айтып, одан әрі ізденеді. Оқудан шығарылғандардың арыздарын қарайтын халық ағарту комиссариатының шағым комиссиясы 1931 жылы қазан айының 25-күні мәжіліс өткізеді. Шахзада тағдырдың тәлкегімен екі рет тұрмыс құрды. Алғашқы жолдасы мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев болды. Рухы биік, өресі кең, ұлттық мүдде жолындағы саяси күресі мен қазақ әдебиетін әртүрлі бұратартушылықтардан қорғау жолындағы рухани күрестің алғы шебінде жүрген тұлғалардың бірі Ыдырыс Мұстамбаев болатын. Ыдырыс Әбілқайыр ханның шөбересі, Петербург университетінің заң факультетін бітірген көрнекті заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған Бақытжан Қаратаевпен және хан әулетінен шыққан Қаратаевтар жанұясымен сыйластық әрі туыстық қатынаста болды. Ыдырыс Мұстамбаев 1921 жылдың қыркүйек айынан 1923 жылдың қараша айы аралығында Орал губерниясының прокуроры болып қызмет істеген жылдары Бақытжан Қаратаев және оның інісі белгілі заңгер Арон Қаратаевпен жақын танысып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Заңгерлік білімі жоқ Ыдырыс Мұстамбаевқа заңгерлер Бақытжан және Арон Қаратаевтар көп көмегін тигізеді. Ыдырыс Мұстамбаев ағайынды заңгерлерден өзіне қажетті ақыл-кеңес ала отырып, өзінің заң саласындағы білімін шыңдаған. Бұл ұлтжанды қайраткерлерді ұлт мүддесі жолындағы асыл армандар мен идеялық мүдделестік тез табыстырған еді. Осы таныстық, тығыз қарым-қатынастың, сыйластықтың арты туыстыққа ұласып, Ыдырыс Мұстамбаев Арон Қаратаевтың қызы Шахзада Қаратаеваға үйленеді. Ыдырыс Мұстамбаевтың Орал губерниясындағы қызметтік кезеңінде Шахзада Аронқызы да Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші болып істеген болатын. Екі жас1922 жылы шаңырақ көтерді. Ыдырыс Мұстамбаев пен Шахзада Аронқызының шаңырақ көтергенде «тап жауларына» қарсы күресті күшейту ұраны күшіне еніп, оларға қарсы шаралардың белең алып тұрған кезі болды. Бірі кеңестік органның жауапты қызметкері, екіншісі кешегі хан әулетінен шыққан «тап жауының» қызы. Міне, осы ілікті «ұтымды пайдаланған» Ыдырыс Мұстамбаевтың қарсыластары өзі партия мүшесі, жауапты кеңестік қызметте, заңдық талаптардың орындалуын қадағалайтын органда жұмыс істей отырып, «байшылдықпен байланысты», «тап жауымен» туыстасты деген айыптаулармен өлкелік комитетке оның үстінен арыздар жазумен болды. Ыдырыс Мұстамбаевтың Орал губерниясынан Ақмола губерниясына ауыстырылуының астарында тікелей оның Қаратаевтармен қарым-қатынаста және туыстықта болуы жатты. Ыдырыс Мұстамбаев Ақмола губерниясының прокуроры болып істеп жүрген кезінде «тап жауларымен» туыстығы бар деген оңды-солды қыр соңынан қалмай қойған айыпталулардан кейін Шахзада Аронқызымен ажырасуға мәжбүр болған. Кейін 1931 жылы Шахзада Алматыда бірге жұмыстас болған әрі отбасының досы энциклопедист-ғалым Телжан Шонановпен бас қосады. Осы кезеңде Телжан Шонанов Қазақ педагогикалық институтында доцент болып жұмыс істейді. Шахзада Шонанова 1933-36 жылдарда педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, Халық ағарту комиссиаратында, ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында кіші қызметкер сияқты түрлі қызмет атқарды. Жас қызметкердің тынымсыз әрі табанды ізденісін байқаған Халық ағарту комиссары Жүргеновтің шақыруымен ол бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым, хатшы, кейін әдіскер кеңесші болып қызмет істейді. Бірақ 1936 жылдың басында бұл қызметтен де босатылды. Шахзада сонда да мойымады. 1936 жылы жасы 33-ке келсе де, белгілі бір мамандық алуға талпынған жас қайраткер Шахзада Шонанова (Қаратаева) ҚазМУ-дің биология факультетінің 2-ші курсында оқуға мүмкіндік алды. Бірақ бұл жолы да оқу еріксіз үзілді. 1937 жылы 19 шілдеде жұбайы Телжан Шонанов «халық жауы» деген жаламен тұтқындалды. Артынша Шахзада да тұтқынға алынады.
19 жасынан қызметке кірісіп, мәдени-ағарту саласында көптеген іске ұйытқы болған, халыққа адал қызмет етуді армандаған, саяси қудалауларға мойымаған Шахзада Шонанова не бары 34 жыл өмір сүріп, сұрқия саясат құрбаны болды. Осы кезеңде ел арасында 1937 жылы жаппай айыптауда азаматтар бірінің үстінен бірі арыз жазып, өзін-өзі қыруға себепші болды деген пікірлер бар. Шахзаданы айыптау НКВД үшін аса қажет болған сияқты. Өйткені онсыз жоғары оқу орындарында ұлтшылдық ұйымдардың әрекетіне қалай сендіруге болады. Ал Шахзада қай жағынан алса да ыңғайлы болып шықты. Шыққан тегі де, күйеуінің «Халық жауы» ретінде тұтқынға алынуы, сауатты болуы, көптеген Алаштық зиялы азаматтармен араласуы бәрі де бұлтартпас айғақ ретінде ойластырылған. Мысалы, 1938 жылдың 6 қаңтарындағы хаттамада Шахзада өзін антисоветтік ұйымға 1926 жылы Ыдырыс Мұстамбаев тартты деп «мойындаған», 13 қаңтардағы жауабында «ҚазМУ-да оқыған кезде мен студент жастар арасында күнбе-күн антисоветтік, ұлтшылдық насихат жүргіздім. Контрреволюцияшыл, буржуазияшыл, ұлтшылдық идеясын кеңінен тарттым» деген сөздер жазылған.
Сонымен қатар, НКВД жендеттері 1936 жылы 20 қазанда Қазақ Мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл Фараби атындағы ҚҰУ) болған өртті де Шахзаданың мойнына артқан. 1936 жылғы 21 қазандағы жасалған актіде көзімен көрген куәгерлердің мәлімдемесінде өрт Совет көшесі, 9-ші үйде (қазіргі Достық көшесі бұрышы) анатомия кабинетінде болған. НКВД актісінде әдейі өртелген десе, НКВД-нің республикалық басшысы Лев Борисович Залинге көргендер оны абайсызда болған жайт деп жауап берген. Соған қарамастан 1938 жылдың қаңтарында өртті әдейі ұйымдастырған деген жаламен Шахзада Шонанова (Қаратаева) мен оның «сыбайластары» тұтқындалады. Сөйтіп, бұл іс бойынша адамдардан жауап алынады. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің №06007 Ш.Шонанова ісінде Шахзаданың 1938 жылы 17 қаңтардағы жауабында «1936 жылы күзде ҚазМУ-ды өз қолыммен өртедім, соның нәтижесінде университет үйінің негізгі бөлігі жанып кетті» деп қол қойған. Куәгерлердің жауабында «өрт лезде басылып, іле-шала сөндірілген. Аса көп залал болмаған, анатомия бөлмесіндегі кітаптар, құрал-жабдықтар далаға шығарылған» деп көрсетілген. Жазықсыз жалалы болған Шахзада Шонанова (Қаратаева) «өкіметке қарсы қылмысы үшін» ату жазасына кесіліп, 1938 жылы 9 наурызда жұбайы Телжан Шонановтан он күннен кейін Алматы түрмесінде атылған. Оған «1926 жылдан буржуазияшыл-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер Одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығында қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновпен байланыста болған. 1936 жылы ҚазМУ ғимаратын әдейі өртеген» деген кінә тағылған. Сондықтан ең жоғарғы ату жазасына кесілген. Үкім сол күні орындалған.
Шахзада туралы алғаш зерттеген –доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова. Ол Алматыдағы мемлекеттік архивтен №06007 істің №1 томын тауып, 1938 жылы 5 қаңтар күні тұтқынға алынған Шонанованың өз қолымен толтырған «Тұтқындалушының анкетасымен» танысқан. Онда Шонановтар отбасының Алматы қаласында Красина көшесі, 51 үйде тұрғанын, Шахзаданың әлеуметтік тегі бай-полуфеодал деп көрсетілгенін анықтаған. Ш.Шонановаға сол кездегі Қылмыстық Кодекстің 58 бабы бойынша «антисоветтік ұлтшылдық ұйымдармен байланыста болды, ұлтшылдық жұмыстарды белсенді жүргізді» деген айып тағылған деп көрсетеді. Шахзада Аронқызы 1958 жылы «қылмыс құрамының жоқтығына» байланысты ақталған. Бұған қатысты құжаттар БҚО Мұхит Мерәлі атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында да сақталған. 1938 жылдың 9 наурызында «халық жауларының әйелдерінің» ішінде тек жалғыз Шахзада ғана атылған. НКВД-нің бұл «таңдауы» тегінен-тегін болмаса керек. (мәселе оның шыққан тегінде – Қаратай сұлтан, т.б.тікелей қатысында).
Шахзаданың өмірінің соңғы сәтінен дерек сақталыпты. Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының төрағасы Санжар Жандосов пен атқарушы директоры Сәуле Айтмәмбетова-Сүгірова ҰҚК-нің көмегімен 1937-38 жылдары «халық жауларын» кімдер атқанын, қайда көмгенін іздестіру нәтижесінде Сәуле «Эпоха» газетінің 2006 жылғы 40-санында мынадай дерек жариялады: «…сол қантөгістің тірі куәсі табылды… Бұрынғы кісі өлтірушінің айтуынша, «халық жауларын» түн ішінде НКВД ғимаратының терең қазылған жертөлелеріне апарып, сол жерде атқан». «Халық жауларын» үш сағат бойы атып, содан соң мүрделерін жабық әскери машиналарға тиеп, Әлі аулына апарған. Бұл 1932 жылдың ашаршылығында барлық тұрғыны қырылып, қаңырап қалған ауыл еді. Балшықтан соғылған үйлердің орындарында жартылай құлаған қабырғалар ғана сорайып тұр. Міне, сол қабырғалар арасында солдаттар күндіз шұңқырлар қазатын да, ал түнде ол шұңқырларға жазықсыз атылған адамдардың мүрделері тасталған. Қаңырап тұрған бұл ауыл жанында жаңа ауыл да бар еді. Оның тұрғындарына көне ауылға жақындамау жөнінде бұйрық берілді. Бұл бұйрық: «көне ауылға аса қауіпті індеттен өлген жылқылар көміліп жатыр»,- деп түсіндірілген».
С.Айтмәмбетова: «1937-1938 жылдары атылған адамдар тізімін қолымызға алғанда біз НКВД «машинасының» демалыс, мейрам дегенді білмей күндіз-түні жұмыс істегенін ұқтық. Әр күні 40-50 адам атылған. Олардың бәрі де НКВД ғимаратының жертөлесінде атылған»,- деп жазады.
Осы қантөгіске қатысқан жендеттің айтуынша, «машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. Тізімде жалғыз ғана әйел адам болғандықтан, бұл жердегі әйел ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова деген жорамал бар. Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылғандардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған. Бұл дерек Шахзаданың қазақтың ерекше қайратты қызы екенін және өмірінің соңғы сәтіне дейін қайратынан таймағанын көрсетеді. Телжан Шонанов пен Шахзада Аронқызы Қаратаеваның артында ұрпақтары қалмаған. Тек бауырына басқан ұлдары – Жақыптың есімі ғана аталады. Жақып сол жылдарда Донбаста, Сталино қаласында индустриялдық құрылыс институтының студенті екен. Сол Жақыптың кейінгі тағдыры туралы мағлұмат өкінішке орай таба алмаған.
Бүгінгі күні осы Қаратаевтар әулетінің нәзік жанды өкілі бірақ бойында тектілік пен ұлтшылдық тұнған, дәрігер, ұстаз, қоғам қайракері Шахзада Аронқызы Қаратаеваның құрметіне өзінің туған елі Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да мемориалдық ескерткіш тақтайша орнатылған. «Қазақстан РТРК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының қызметкері, белгілі журналист Гүлмира Тілеубаева дайындаған «Аяздағы ақ шуақ» фильмі осы Шахзада апамыздың тағдырына арналған.
Шахзада Шонанова (Қаратаева) Қазақстан, тіпті Ресей тарихында өзіндік із қалдырған саясаткерлер, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Қаратай сұлтанның әулетінен ХХ ғасырдың зиялы қауымы ішінде марғасқалары, асылдың тұяғы – Бақытжан және Арон Қаратаевтардың ұрпағы. Қазақ елінде, алғашқы классикалық оқу жүйесінің негізі салынған қазақ мектебін бірінші болып – Бөкей Ордасында Жәңгір хан ашса, сол мектептің білімімен сусындап, әрі қарай қазақ қыздарын оқытуға, әйел балаларға білім беруге арналған алғашқы мектепті ашқан және қазақ арасындағы алғашқы әйел-ұстаз атанған – Жәңгір ханның бел ұрпағы Жәңгірханқызы Хұсни Жамал мен Арон Қаратаевтың туған қызы осы Шахзада Шононова (Қаратаева), сонымен қатар, Алаш қайраткерлері Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаевтар шығарған «Қазақстан» газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырын алып шығып, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейіткерейдің үйіне тығып, баспаханадан газетті бастырып жүрген Хұсни-Жамалдың қызы ретінде де назар аударарлық тұлға.
Шахзада Шонанова (Қаратаева) ХХ ғасырдың басында Қазақстан жерінде саяси қозғалыстар мен алмағайып кезеңде қазақ зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, адамгершілік қасиеті, кішіпейілділігімен және тамаша дәрігерлік біліктілігін көрсетіп, алғашқы дәріген қыздардың санатында болып ұлт мүддесі үшін қызмет жасады. Дарынды педагог-әдіскер және ғалым-ұстаз ретінде кеңінен танылған. 1926 жылдан бастап КСРО-ның ағартушы қызметкерлер Одағының мүшесі болған. 1937 жылы 19 шілдеде Шахзада жолдасы Телжан Шонановпен бірге Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында ҚазМУ ғимаратын өртемек болды, өкіметке қарсы ұлтшыл, әрі тап жауларының ұрпағы деген айыптар тағылып, ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы.
Жинақтап, дайындаған: Шынар Молданиязова,
БҚО, Сырым ауданы