«ҚАТЫН ӨЛДІ, ҚАМШЫНЫҢ САБЫ СЫНДЫ»

Деген сөз сонау заманда Қарашашы өліп, оны қайғырған Жиренше шешеннің аузынан қалған сөз екен деген аңыз бар. Жиренше 14-15 ғасырда өмір сүрген ділмәр данышпандардың бірегейі деп есептелінеді. Сондай-ақ Қазақ хандығын құрған Әз-Жәнібек тұсында оның уәзірі болған. Әрбір тұлғаның жеке өмір жолы мен тарихы бар. Мен уәде еткендей, қазақтың құндылықтарын бойында сақтап, оны дәріптеп ұстанған Қарашаш сұлу жөнінде жазуды жөн көріп отырмын. Жиренше атамыздың алғашқы жары Қаракөз қайтқан соң ол көп уақыт үйленбей жүріпті. Ойлаған сынына дәл қыз кездеспейді, кез келген қызды ұнатпайды. Сөйтіп жүргенде бір жігіт кездесіп, жолдас болыпты, өзі үндемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жігітке қарап: «Жол қысқартайық», «Ағаш қазан қайнатайық», «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен» сынды сөздерімен жігітті сөзге тартып, оның жауабын күтеді. Жігіттің түйсігі Жиреншенің жұмбағына жете бермейді. Сонымен екеуі бір елге жақындағанда, жаңбыр құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешіп, қапқа жауып отырып қалады. «Мына қызда бір сыр болар» деп Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен, Жиреншеге қыздың көркі ұнайды. Енді ақылы қандай екен деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?» дейді Жиренше.
— Мен басқа қыздарға еріп ақымақ болайын ба? — дейді қыз.
— Олар қалай ақымақ болды? — дейді Жиренше.
— Олардың ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жоқ, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отындары жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, отынымның ығына өзім отырдым; менің су болған жалғыз-ақ шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ; үйге барғанда отынымды жағып, шапанымды кептіріп аламын,— дейді. «Ақылын қарашы» деп шешен ішінен бір ой келеді. Бұл қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді данышпанға. Осылай біраз сыналып, сөзден жеңілмеген Қарашаш Жиреншенің жары болады.

Біздің ауыз әдебиетімізде ол екеуі жайында аңыз өте көп.
Қарашаш анамыз қазақ келіншектері үшін даналықтың символы. Өз жарына сенімді тыл болып, хан жасырған жұмбақтардың шешімін бірге тауып, оған барынша қыл айтып, көмекшісі болған. Аңыздарда оны ешқашан қайын жұртымен ұрыспаған, сыйластық, құрмет, адалдық, сүйіспеншілікті бойына сіңірген жан болған деседі. Күйеуіне сүйеу болған келіншек, онымен күреспей, керісінше көмек беруге тырысу керектігін ұғынған. Ақылымен, ісімен жарды қалай сыйлауды дәлелдеген. Қазіргі заманның келіншектері сонау Еуропаның психологтарынан ілім іздеп, ілгері дамыған елдерге ұмтылғысы келеді. Ал өзіміздің тарихымыз, мәдениетімізге үңіле білсек, керемет келіншектердің бар екеніне көзміз жетеді…

Ал Қарашаш өмірден өткенде Жиренше үйінде болмапты.
Жарының қазасын естірту хан Жәнібекке бұйырыпты. Жиренше шешен елге қайта оралып ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
— Әкесі өлген қалай болады?
— Әкесі өлсе, асқар тауы құлағанмен бірдей болады.
— Шешесі өлген қалай болады?
— Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
— Ағасы өлген қалай болады?
— Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Інісі өлген қалай болады?
— Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Апа-қарындасы өлген қалай болады?
— Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
— Қатыны өлген қалай болады?
«Менің Қарашашым өлген екен ғой» деп күйінген Жиренше қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті…

Салтанат Аширбай жазбасынан.