Атына заты сай оқу ордасы
Тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі. Еңсемізді енді тіктей бастаған уақыттардан бергі кезеңдерде түбі бір түркіліктің негізінде қос ел ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. 1990 жылдың желтоқсанында екі ел арасында білім беру жүйесінде, ғылыми жобалар жасау, мамандар мен ғалымдармен тәжірибе алмасу, ортақ мәдени шаралар жүргізу ісі жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл келісім ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған мәдени байланысты қайта жандандырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығының Стамбул университеті өкілдерімен кездесуі осы рухани байланыстың заңды жалғасы іспетті. Түркия елінен келген делегация құрамында Стамбул университетінің ректоры, профессор Махмут Ак, осы ЖОО-ның проректоры, профессор Байрам Мерт Саврун мен университеттің бас хатшысы, профессор Метин Кучук болды.
Кездесу барысында негізгі мәселелер бойынша екі университет арасындағы ынтымақтастықтың даму жолдарының жоспары, атқарылатын жұмыстардың бағыты қарастырылып, ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ұлттық университетте Юнус Эмре атындағы мәдени орталықтың ашылатындығын жеткізді.
Жоғары оқу орындарының арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Стамбул университетінің ұстанымдарының ұқсастығы көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз етуге негіз болуда. Алдағы уақытта студенттермен және оқытушылармен алмасу белсенді жүзеге асатын болады. Биылғы жылы ҚазҰУ-ға Түркиядан 20 шақты студент оқуға жіберіледі деп күтілуде.
Өз кезегінде Стамбул университетінің ректоры, профессор Махмут Ак мырза жақын арада университет көлемінде әл-Фараби орталығының ашылатындығын айтып, технопарк мәселесіне тоқталды.
«ЕлАна» ақпарат