АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, АСТАНА
Кезінде тұңғыш Президент ұсынған атауды қайтаруға байланысты заңды шешім қабылданды. Елімізге қайырлы болған әсем де асқақ бас қаламыздың маңызы одан кеміп қалмас. Ұлтымызды дүние жүзіне мәшһүр еткен жердің киесі бар, құты бар. Соны аялап, ардақтаған халқымыз тек елордасының ғана емес, әрбір сүйем жерінің қадірін біледі.
Кеше ғана осында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII сьезіне қатысушылардың да осындай тұжырымға келуі — еліміз үшін үлкен абырой, баға жетпес бедел болса керек.
Сондай-ақ, жыр алыбы Жамбыл бабамыздан қалған қасиетті сөздер мен өнегелі істер де халқымыздың жадында деп ойлаймыз. Ел аузында жүрген сондай естеліктің бірі — атын Мирзоян (бүгінгі Тараз) қаласына бергенде, оның айтқанын көрген, естіген куәгерлер кейінгі ұрпаққа жазып жеткізгені. Есімі шартарапқа, дүние жүзіне танылып, тараған тұста да ақын өз есімін қалаға беруді қаламаған. Мұның үлкен тағылымы бар. Елінің түп-төркінін, тарихын жақсы білген абыз ақсақал, жыр жампозы:
«Атыңнан айналайын, Әулиеата, Атыңды мен алды деп болма қапа» деп тәу етіп, кешірім сұрапты деседі… Міне — көрегендік, міне — әулиелік.
Кейіннен бұл жөнінде ақын Асқар Тоқмағамбетов бір естелігінде: «Пойыз Жамбыл станциясына тоқтағанда, одеялын жамылып жатып алды. «Жарықтық Әулие ата, атыңды мен тартып алғаным жоқ, халық солай атады», деп Әулие атаның алдында айыпты адамдай жатып қалды. Тек Алматыға жақындағанда барып орнынан көтерілді», — дейді.
Ал тарихқа бойласақ, ХVІІІ және ХХ ғасырлар аралығында шаһар Әулиеата деп аталып, тек 1997 жылы ежелгі Тараз атауы қайтарылды. Бабамыздың “Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деген өсиеті де халықтың қалауына табан тіреуді меңзесе керек. Сондықтан мұндай шешімнің халықтық мәні, адами сипаты бізге елдік мәселелерге тереңінен саралап қарауды аманаттайды.
Дархан МЫҢБАЙ