Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXІІ сессиясы өтті

2018 жылдың 10 желтоқсан күні Мұнайлы өңірде Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде облыс  әкімі, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев кіріспе сөзімен бастап, баяндама жасады. Өз баяндамасында облыс әкімі Елбасының  2018 жылғы 5 қазанында жарық көрген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында көрсетілген «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде, «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бойынша облыс көлемінде жүргізіліп жатқан аукымды жұмыстарға тоқталып өтті.

Сондай-ақ, Атырау облысы бойынша ҚХА Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын іске асыруда, «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» республикалық акциясы аясында, «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында облыс қөлемінде 2018 жылы 220 000 адамды қамтыған маңызды іс-шаралар атқарылғанын және «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен «Елсана» руханият клубы арасында меморандумға қол қойылғанын, сонымен қатар 2019 жыл Жастар жылында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Жол картасы жүзеге асырылатынын айтып өтті.

Сессия барысында «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Л.Ли, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Короблев, «Жаңғыру  жолы» республикалық жастар қозғалысының  Атырау облысы бойынша  өңірлік штабының көшбасшысы И.Рашид сөз сөйледі.

Сессия соңында ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлестері үшін ҚХА «Бірлік» алтын медалімен, «Құрмет» грамотасымен және «Алғыс хатымен», сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Л.Прокопенконың құттықтау хатымен, Атырау облысы мәслихатының «Алғыс хатымен» этномәдени  бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушылары және аудан сарапшылары марапатталды. Сессияның ашылу жұмысына Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ-сінің өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, этномәдени  бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушылары және Бақ өкілдері қатысты.

                                                                     Атырау облысы әкімі аппаратының

                                                                     Қоғамдық келісім КММ

                                                                     баспасөз қызметі