Атырау қаласының бастауыш, жалпы орта білім беру ұйымдарынан заңсыз құжаттар сұрату фактілері анықталуда

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, Атырау қалалық білім бөліміне қарасты кейбір орта және бастауыш білім беру ұйымдарының қызметіне «Жасырын тұтынушы» әдісі арқылы қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізген болатын.

Бақылау жүргізу жұмысы «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша жүргізілді.

Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 179 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі-Стандарт) негізінде жүзеге асырылады.

Осы стандарттың 9-тармағына сәйкес, бұл қызметті көрсету үшін қызмет алушылар келесідей құжаттар талап етіледі.

  •  осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес өтініш;
  • 2008 жылға дейін туылған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • көрсетілетін қызметті алушының жеке басын растайтын құжат (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);
  • денсаулық жағдайы туралы анықтама № 063/у нысанды және «Бала денсаулығы паспорты» № 026/у-3 нысанды медициналық анықтамалар;
  • баланың 2 данада 3х4 сантиметр өлшеміндегі фотосурет.

Алайда, қоғамдық бақылау жүргізу нәтижесінде бірқатар білім беру ұйымдары тарапынан стандарт талаптарын өрескел бұзушылық фактілері анықталды.

Атап айтқанда, білім беру ұйымдары ата-аналардан оқушының
жеке іс-қағазын, оқушының және ата-анасының мекен-жайы туралы анықталарын, ата-аналарының жеке куәлігінің көшірмелерін, ата-анасының жұмыс орны туралы анықтамаларын, оқушының 3*4 көлемді фотосуретінің 6 данасын, оқушының туу туралы куәлігінің нотариус куәландырған көшірмелерін, ата-анасының неке туралы куәліктерінің көшірмелерін, тіпті
ата-аналардан көк түсті файл папкалар әкелуді талап еткен.

Бұдан бөлек, кейбір білім беру ұйымдарында мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін құжаттар сағат тек 09:00-ден 15:00-ге дейін қабылданған.

Бұл ретте, атап өтетін жайт жоғарыда аталған стандарттың 8-тармағына сәйкес, өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесін беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, кейбір білім беру ұйымдарының ғимараттарында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдайлар жасалмаған яғни, пандус орналастырылмаған және қызмет алу үшін құжаттарды қабылдау әлі күнге дейін басталмаған.

Бақылау жұмыстары жүргізілген білім беру ұйымдары тарапынан анықталған заңбұзушылық фактілері күні бүгінге дейін жүйелі түрде жалғасып келген.

Атап өтетін жайт, ҚР-ның «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 4-бабы,
1-тармағына сәйкес, көрсетілетін қызметті алушылар мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға құқылы екендігі көзделген.

Бұл ретте, жоғарыда аталған заңбұзушылық фактілеріне жол беру арқылы ата-аналардың Заңмен көзделген құқықтары шектеліп келген.

Қазіргі таңда, аталған заңбұзушылық фактілерін жою және алдағы уақытта болдырмау мақсатында Департаментпен Атырау қаласы әкімі аппаратына ұсыныстар жіберіліп, тиісті шаралар қабылдау мәселесі қаралуда.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті.