Атырау шаһары шырайлана түседі
Атырауда 2018 жылы 6 әлеуметтік нысан мен 7 субұрқақ салынады. Қала маңында 1000 орындық 4 мәдениет үйі, Дина Нүрпейісова атындағы музыкалық колледж студенттеріне арналған 100 орындық жатақхана, Тасқала селосында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді.
Шаһарменмен іргелес Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап, Томарлы селоларында жаңа мәдениет үйлері ашылады.Қаладағы 27 мектептің жанынан спорт алаңдарын, Еркінқала селосында балалар спорт клубы, Балықшы, Кеңөзек, Дамбы, Атырау селолық округтерінде 6 спорт зал, жасанды төсемі бар 4 футбол алаңын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.
Биыл қала алаңдарын абаттандыру мен демалыс саябақтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір «Исатай-Махамбет» орталық алаңын жаңғыртуға, Жайықтың оң жағалауынан демалыс орнын салуға жобалық сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
-Бұл нысандар қала әкімінің азаматтарды қабылдауы мен кездесулері кезінде халықтың айтқан ұсыныстары бойынша іске асырылуда -деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
-2018 жылы азаматтардан жақсы идеялар жинауға бағытталған шаралар өтеді. Қала әкімі Серік Шапкенов мәдени көпшілік демалыс орындары үшін тұрғындардан қолдау тапқан жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөліп отыр.
Айта кетейік, биыл Атырау қаласында 7 субұрқақтың құрылысы басталады, жаңа нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Жыл аяғына дейін Атырау шаһары жаңа сәулет құрылыстарымен шырайлана түсетіні анық.
Светлана Муньянова,
Атырау қаласы