Атырауда 300 отбасына «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер табысталды

27 сәуір күні, Атырауда «Береке» ықшам ауданындағы 300 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы,жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі берген ақпар бойынша, кезекте тұрғандар үшін 105 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы 195 пәтерлі 4 тұрғын үй «Жилстройсбербанк» АҚ арқылы берілді.
-Жақын арада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 195 отбасыға жаңа пәтер беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда азаматтардың төлем қабілеттілігі бойынша тізім жасақталуда. Биылғы жылдың соңына дейін осы ықшам ауданда тағы 9 үйді пайдалануға беру жоспарда бар, дейді тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы,жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.


-Мен «аз қамтылған отбасы» бойынша кезекте тұрмын. Біраз уақыт отбасыммен ескі пәтерде тұрдық, кейін бірнеше жыл пәтер жалдауға тура келді, бүгін бізге өз үйіміздің кілтін табыстады,- дейді Атырау қаласының тұрғыны Салауат Мүтәлиев.
Айта кетейік, жақын арада Береке ықшам ауданы кеңейтіледі. Болашақта бұл жерде 40 көп қабатты тұрғын үй болады деп жоспарланған. Биылғы жылы Берекеде 1200 орындық мектеп пен 290 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталады.


-Қазіргі уақытта «Нұрсая» ықшам ауданында 105 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беруге дайын. Бұл көпқабатты тұрғын үйлер ТҚЖБ салымшыларына беріледі,-дейді тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы,жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.
Атырау қалалық әкімдігі берген ақпарат бойынша, қазіргі таңда 20 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр, тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

                                         Атырау облысы Өңірлік коммуникация қызметі