Атырауда 388 колледж түлегі үздік дипломын қолға алды
Атырауда «Ақ жол саған, жас маман» облыстық V форумы өтті.
Жиынға техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының үздік түлектері, облыстық білім беру басқармасы ұжымы, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Жиында дипломдарды табыстаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев жас мамандарға сәттілік тіледі.
-2017 жылдан бастап республика бойынша тегін кәсіптік техникалық білім жүйесі енгізілді. Соған байланысты республика бойынша 2600-ге жуық жас тегін кәсіптік оқыту бойынша оқып жатыр. Біздің өңірімізде де маман даярлау бағытында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мамандар білім алуда. Елбасымыздың биылғы 5 әлеуметтік бастамасы бойынша студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп келеді. Қабілетті маман дайындау жолында жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — дейді басқарма басшысы.
Шараның басты мақсаты – дарынды жастарды қолдау, үздік диплом иегерлерінің жаңа қадамдарына ақ жол тілеп, мамандықтарының білгірі болуына сеп болу.
Биылғы жылы Атыраудағы 25 техникалық және кәсіптік колледж бітірушілерінің саны – 5115, оның 388-і үздік диплом иегерлері.
-Бүгін мен үшін ерекше күн. Бізге білім берген ұстаздарымызға, ауқымды шара ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта осы меңгерген ұстаздық мамандығымды жалғастырып, беделді, білікті мұғалім болам деген сенімдемін,- дейді Қатира Дүтбаева Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Алтынай Ақылбек.
Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі