Атырауда кәріз суын тазарту станциясы салынады
Бұл туралы халыққа есеп беру жиынында Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов айтты. КТС құрылысы жобасы облыс орталығының сол жақ бөлігінің кәріз суын тазарту проблемасын шешеді. КТС алдағы жылы пайдалануға беріледі, -деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба құны 10,1 млрд.тенге. Қаланың сол жақ бөлігіндегі кәріз суын тазарту құрылғылары кешені Атырау қаласының оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасады. Бір айта кетерлігі, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін тұрғындардың бірнеше жылдар бойы шағымдарын туғызып келген «Сасық сай» жабылады. Кешенде бас кәріз станциясы, тазартылмаған судың құрастырмалы коллекторы, кәріз суын тазарту құрылғысы алаңы, булану алаңы мен биологиялық тоған алаңы болады.
Құрылыс өткен жылдың аяғында басталды. Қазір біраз бөлігі дайын.
-2016 жылы аймақ басшысы Атырау қаласының сол жақ бөлігінде кәріз суын тазарту қондырғылары проблемасын шешуді тапсырды-деді Серік Шапкенов. Құрылыс 1978 жылы салынған, содан бері күрделі жөндеу болмаған. Ағын су булану алаңына жетпес бұрын тазартудың толық сатысынан өтпейді. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды, егер төтенше жағдай болса, қала лас судың астында қалар еді. Қазір осы проблеманы шешіп жатырмыз,- деді қала әкімі.
Айта кетейік, 2016 жылы 4 қарашада Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев селекторлық жиналыста кәріз суларының су тарту жүйесінің жағдайын жайлап әрекет ететін «бомбаға» теңеп, қала билігіне бұл проблеманы барлық ресурстарды іске қосып, тездетіп шешуді тапсырған болатын.
С. Муньянова