Атырауда миграциялық ХҚКО ресми түрде ашылды

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық ІІД-мен бірлесіп, миграциялық ХҚО ашты. Республикадағы төртінші көші-қон орталығының ашылу салтанатына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов, ІІД басшысының орынбасары Берік Амангелді және корпорацияның филиал директоры Мұса Хайруллиев қатысты.

Бұған дейін мұндай орталық Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған еді. Көші-қон қызметтерін көрсету орталығында шетелдік азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша бекітілген стандартқа сай мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

Мұнда 16 корпорация мамандары мен 14 көші-қон қызметі жұмыскерлері сағат таңғы 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Атырауда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады.

Миграциялық орталық Балықшы кентінің А.Байжігітов көшесінде орналасқан 436 шаршы метр аумақты алып жатқан екі қатарлы ғимаратта орналасқан.

2017 жылы Атырауда «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру және ұзарту» мемлекеттік қызметін 42 мыңнан астам шетелдік азамат пайдаланған, ал биылғы жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 37 200-ді құрап отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Атырау облысы бойынша филиалы