Атырауда «Түнгі сот» жұмысын бастайды
Бұл туралы Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Комиршинов пен Атырау облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Берік Амангелдінің кездесуінде белгілі болды.
Кездесуге облыстық сот пен Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьялары, жергілікті полиция қызметінің басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында М.Комиршинов Атырауда шет елдердің тәжірибесі негізінде ұсақ істерді қарауға уақыт бөлу үшін түнгі соттың жұмысы енгізілетінін айтты. Оның сөзінше, бұндай істерге жол-көлік оқиғасы, отбасы-тұрмыстық қатынастар, ұсақ бұзақылық және т.б. құқықбұзушылықтар жатады. Атырау қаласының мамандандырылған әкімішілік соты алдымен түнгі мезгілде жол-көлік оқиғасына қатысты істерді қарайтын болады.
Мамандандырылған әкімшілік соттың төрағасы Жасұлан Жақсылық өз сөзінде, жоба ережесі туралы хабардар етті, ережеге сәйкес ЖКО қатысушылардың істі сағат 13.00 ден 22.00 аралығында қарауға келісімі болған жағдайда, өкілетті органның қызметкері сотқа келу туралы уақыты мен орны көрсетілген талонды толтырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы жолдайды. Бұл рәсім ЖКО болғаннан кейін үш тәуліктен асып кетпеуі тиіс.
Егерде ЖКО қатысушы өз пікірін өзгерту туралы шешім қабылдаса, судья істі жалпы тәртіпте қарау үшін кейінге қалдырады.
Өз кезегінде Атырау облыстық ІІД бастығының орынбасары Б.Амангелді «түнгі сотты» құрудың тиімділігін атап, ол азаматтардың уақытын анағұрлым үнемдеуге мүмкіндік беретінін, бұл жұмысты бастауға дайын екендіктерін айтты.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы аясында Атырау облыстық соты мен Атырау облыстық Ішкі істер департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі