Атыраулық балалар жазушысы жас оқырмандарын жаңа кітабымен қуантты

Атырау облыстық балалар кітапханасы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесімен бірлесе отырып жергілікті ақын Болат Даулетовтің «Сыр мен жыр» атты кітабына тұсаукесер өткізді.

Ақын кітабы кішкентай оқырмандарды туған жерін ардақ тұтып, ер жеткенде еліне қызмет етуге, даласының табиғатын қорғауға үндейді.

Кітаптағы шумақ өлеңдер, жұмбақтар мен сұрақтар балалардың ой-өрісін дамытуға бағытталған.

Бұл шараға автордың өзі, Абай атындағы №15 орта мектептің, Кіші өнер академиясының 3-4 сынып оқушылары мен кітапхананың тұрақты жас оқырмандары қатысты. Кітапханашы Асқарова Н. Болат Даулетовтің өмірі мен шығармашылығын таныстырды, кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Содан соң «Оқырманға жеткізсем жырларымның жақсы  атын» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Ақынның көрмеге қойылған «Тағылым», «Тал бесігім – Атырау», «Доссор мұнайының дарабоздары»  атты кітаптарын оқырманға таныстыра келе, ақынның «Сыр мен жыр» кітабының мазмұнын толықтай баяндады. Балалар   кітапқа енген жұмбақтарға  жауап беріп, өлеңдерін дауыстап, мәнерлеп оқыды.

Қаламгер Болат Даулетов кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдіріп, «Іштегі сырымды жыр қылып жеткіземін деген оймен бүлдіршіндерге осы өлеңдерімді арнадым…» деп өз өлеңдерін дауыстап оқып, шығу тарихы жайында қызғылықты әңгіме жүргізді. Ақын ағаларына сан қилы сұрақтарын қойған балалар, енді бір сәт өздері де  ән мен жырды төгілтті. Атыраулық балалар жазушысы қолтаңбасы жазылған «Мейірім» атты кітабын жиналғандарға сыйға таратты. Кітапхана ұжымы атынан да ақынға естелік сыйлық табысталды.

Балалардың рухани мәдениетін байытып, жергілікті ақын- жазушылардың кітаптарын насихаттау мақсатын көздеген шара есте қаларлықтай мазмұнымен барлығына да қуаныш сыйлады.

                                                              Светлана Муньянова