Атыраулықтар халықтар бірлігі күнін тойлады
1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні Атырауда жылдағыдай жарқын да мазмұнды шаралармен мерекеленді. Таңертеңнен Сұлтан Бейбарыс алаңына халық көп жиналды. Атыраулықтар мен қала қонақтары мұнда Бірінші Мамыр мейрамын тойлау үшін келді. Көпшілік қауым алдында этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Жиналған халықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мерекемен құттықтап, Қазақстан халықтары бірлігі күнін атап өтудің маңыздылығына тоқталды.
-Қазір аймақта 17 этномәдени бірлестік бар. Әр түрлі ұлт пен дін өкілдері қоғамымыздың дамуына өз үлестерін қосуда. Ұзақ жылдар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеміз, соның арқасында Қазақстан әлемге толерантты ел ретінде танылды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстанның өркендеп, дамуы біздің бәріміздің ортақ мақсатымыз,- деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Қазақстан халықтары бірлігі күні мерекесін ұйымдастырушылар ойын-сауық бағдарламаларымен келушілерді баурап, алаң қуаныш пен шат күлкіге толып, ән мен биге ұласты. Сұлтан Бейбарыс алаңында «Аида Кауменова» мен «Нұр-Шах» сән үйлері киімдерінің көрмесі өтіп,осы алаңда «Almaly.kz» халықаралық балалар фестивалі салтанатпен ашылды. Ал Қайырғали Смағұлов алаңында street workout бойынша Атырау қаласының ашық кубогы сарапқа салынды. Атырау қаласының барлық бөлігінде де мерекелік тамашалар ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жұмыс жасады. Мейрам салтанаты Сұлтан Бейбарыс алаңындағы мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Светлана Муньянова