Ауа райын болжайтын құстар
Ауа райын болжаушылар аң-құстардың іс-әрекетінен алдағы күннің райын жобалайтын болған. Атап айтар болсақ, су құстарының мезгілінен бұрын келуі ̶ ерте көктемнің хабаршысы. Ал керісінше сауысқан ерте келсе, көктем кешігіп, мал шығыны көп болатынын білдіреді.
Қарлығаш жоғары ұшып жүрсе, күн райы жақсарып, ашық болады дегенді білдіреді. Ал жер бауырлап ұшса, ауа райы бұзылып, жауын-шашынды болады. Оның да өз себебі бар. Ыстық күндері жылы ауа ағымы жерден шыбын-шіркейлерді жоғары кеңістікке көтеріп кететіндіктен, қарлығаштар да, өз қамымен олардың соңынан қалмай ұшады. Ал, бұлыңғыр күндері ауа дымқылданып, шыбын-шіркейлердің қанаттары көпсіп, ісініп кететіндіктен жер бетіне жақын ұшып, қарлығаштар да олардың соңынан төмен ұшады. Олар бірде төмендеп, бірде биіктей ұшса, дауыл соғуы ықтимал.
Ала қанат сауысқан үй жағалап ұшып, ықтасын жерге немесе шатырға кіріп қонақтаса, боран соғатынын білуге болады.
Қараторғай келді дегенше, көктем мезгілі жетті дей беріңіз. Олар мезгілінен ерте келсе, көктем шуақты, кеш қайтса, күз қолайлы, қыс жайлы болмақ. Аспанда ұшып жүріп, түрлі қимыл жасай берсе, күз ұзаққа созылады. Жүнін үрпитіп мазасызданса, ауа райы бұзылып, тез қоныс аударса кешікпей жел тұратынын, білуге болады.
Қарға ерте көктемде қарға шомылса, күн жылынады. Жаз кезінде аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнайды. Қыста ағаш басына қонақтап, қарқылдаса аяз боларын, топтасып шуласа, қар жауарын, бастарын әр жаққа қаратып, бейғам отырса, күннің желсіз, ашық боларын, ағаш діңгектеріне жақын қонақтап отырса, күннің желді боларын білдіргені.
Тауық та өз әрекетімен күн райының өзгерістерін білдіреді. Мысалы, жаңбырлы күні қораз таң ата шақырса күн ашылады. Кешке шақырса ауа райы өзгереді. Күндіз жиі-жиі дыбыс шығарса, күннің жылынарын сезгені. Тауықтар үстіне топырақ шашып жатса, күн шуақты болады. Ал, құмға аунап, қанаттарын қаққылап, сілкініп, қауырсындарын тарағыштаса, жаңбыр жауады.