Аудан әкімдеріне «емтихан» басталды

                                                                              Сынақтан кім сүрінбей өтер екен?

Бүгінде Жамбыл облысына жаңа әкім Асқар Мырзахметов келгелі басқармадағылар мен басқа арнадағылардың басшылары  күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай. Олай дейтініміз, осыдан екі жеті  бұрын барлық басқарма басшыларының біліктілігін майшаммен қарап шыққан Мырзахметов мырза  ешкімнің басынан сипай қоймаған еді. Ұзын-сонар баяндаманы сағызша созғандарды бірден сабасына түсіріп, жаттанды жауапты жатқан соққандарды  сын тезіне алған-ды. Осыдан кейін, Тараз қаласының тізгінін ұстағандар «енді  кезек бізге келді» деп, жыртықты жамап, бүлінгенді бүтіндеу үшін  шаһарды шыр айналып, жер-жерді кезіп кеткен болатын. Алайда Асқар Исабекұлы  бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қала әкімдігінің актив жиынында жауаптыларға  көне Таразды көркейтуді  ғана мықтап тапсырды. Яғни, шенеуніктерге шүйліккен жоқ, «ойбой, не дейсіз анау қызметінен кетеді екен» дегендей қашпа әңгіме ешкімнің артынан ерген жоқ. Ал қала әкімі Рүстем Дәулет емтиханнан бестік баға алған баладай жүзі жайнап шыға келді.

Осылайша «сынақтан сүрінбей, тесттен түзу өттік» деп ойлаған кейбір басшылар арқаны кеңге салып, Құдайына шүкірлік айтып  отырғанда облыс әкімі аудандардың тынысымен танысу үшін жолға шығып кетті.  

Ең алдымен Жуалы ауданына ат басын бұрған Асқар Исабекұлы  «Бурное Солар — 1» күн электр станциясының, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының, Алатау ауылдық  №23 орта мектептің, «Көксай» мен «Қаралма»  тау шаңғысы кешендерінің, «Бурное сүт компаниясының»  және «Ақсай 2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің  жұмысын көзбен көріп, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың арқасынан қақпаса да, тірлікке көңілі толатындай  күй танытты. Және аудандық актив жиынында жуалылықтар шулайтындай үлкен әңгіме  бола қойған жоқ.

Енді осы аптада облыс әкімі Меркі ауданын бетке алды. Онда ең бірінші Жамбыл ауылындағы №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне аялдап, тіршіліктің тынысымен танысты. Іргетасы 1956 жылы қаланған мектеп ғимараты өткен жылы апатты деп танылып, жұмысы тоқтатылған болатын. 549 оқушының спортпен шұғылдануына жол ашқан мектеп ендігі жерде жаңа ғимаратты қажет етеді. Сәйкесінше, бүгінде жаңа спорт мектебінің құрылысына қажетті жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлініпті.

 

Одан бөлек, аймақ басшысы Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығында болып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Асқар Мырзахметов  шаруаларға малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтып, жаңа технологияның тиімділігін жіліктеп түсіндірді. Тіпті, іргелес жатқан Қытай Халық Республикасында малды қолдан ұрықтандыруға баса назар аударылатынын, бұл өз кезегінде жыл он екі ай бойы малдан өнім алуға мүмкіндік беретінін мысалға келтірді.

 

Жалпы, 2016 жылдың наурыз айында құрылған «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамында бүгінде 47 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы шаруашылық құрылымдағы 1097 бас сауын сиырдан 2950 тонна сүт сауылып, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткеріліпті.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Сыпатай батыр» кеден бекетіндегі құрылысы аяқталмаған қызметтік тұрғын үйдің жағдайын көзбен көрді. Кеден қызметінің тарқатылуына байланысты аяқталмай қалған нысан қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің иелігінде. Асқар Исабекұлы аудан әкімдігіне бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 20 жас маманға тұрғын үй ретінде беру жолдарын қарастыруды тапсырды.

Келесі сәтте облыс әкімі «Орталық Азия қант бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі бөлімшесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен кәсіпорынның әлеуетімен танысты. 2003 жылдан бері қант өндірумен айналысатын серіктестікте 593 адам жұмыс жасайды. Ақпан-маусым айларында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорында тек соңғы 7 айдың ішінде жалпы құны 14 миллиард 654 миллион теңге болатын 73,8 мың тонна шекер өндірілген. Биыл қант зауыты 140 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, өңір басшысы Ойтал ауылының жанындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы – Меркі өндірістік бөлімшесі меншігіндегі Үлкен Шу каналының батыс тармағына барды. Мұнда 2012-2013 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін Үлкен Шу каналы арқылы 10813 гектар алқапты суландыру үшін су көлемінің артуы жақын маңдағы Заводская көшесінің тұрғындарына жайсыздық туғызып келген.

 

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов ет консервісін, ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Меркі ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмыс жағдайын көзбен көрді. Кәсіпорын жыл сайын 250 тонна шұжық пен 262 мың дана консерв банкісін шығарады. Ал, тәулігіне 300 бас ірі қара және 1300 бас ұсақ мал сойылады. Өткен жылы экспорт көлемі 213,1 тоннаны құраған. Оның ішінде 34,5 тонна ет Бахрейн мемлекетіне, 178,6 тонна ет Иран мемлекетіне экспортталған. Сонымен бірге, кәсіпорында құны 100 миллион теңге болатын ет өнімдерін қаптайтын цех іске қосылыпты.

 

Облыс басшысы Жамбыл ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Көлтоған» су қоймасының да жағдайына баса назар аударды. 2015 жылы нысанға 5,1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жасалынып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда, 200 гектар аумақтағы егіс алқабын суландыруға арналған «Көлтоған» су қоймасы қазір істен шыққан. 2016 жылы Меркі өзеніндегі су көлемінің еселеп артуынан бөгетті су шайып кеткен. Бөгетті жөндеу жұмыстары қосымша қаржыландыруды талап етіп отыр.

Аудандағы ахуалмен толық танысып шыққаннан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданы активімен қорытынды жиын өткізді.

Негізі  соңғы кездері аймақ басшысының қатысуымен өткізілетін барлық жиындардың форматы өзгерді. Бұрынғыдай сала-құлаш баяндама оқып, елдің есін шығармай, нақты мәселелер мен түйіні тарқамаған түйткілдердің шешілу жолдары айтылуда. Әсіресе, салалық басқармалардың басшылары аудандағы олқылықтарды жасырмай, кеткен кемшіліктерді ортаға салуда. Меркі ауданындағы  басқосуда да бірқатар мәселелер  күн тәртібіне көтеріліп, облыс әкімі тарапынан нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, құрылыс

 

нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық сметалық құжаттардың құны адам санасына сыймайтын соманы құрайтыны айрықша айтылды.  Осы мәселе жөнінде Асқар Исабекұлы  тиісті сала мамандарына қаржыны қайта қарап, жүйелеуді шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, ауданда пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мақсатты игеру және оны түгендеу, шаруашылыққа қажетті ағын су мен жайылым жерлердің егістік жер санатына берілу жайы да жан-жақты қаралып, құзырлы мамандар бір-бір міндетті мойындарына арқалап қайтты.

 

Түйін:

«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ даналығы. «Жел тұрмай шөптің басы да қимылдамайды».  Елден естуімізше облыс әкімі Меркі ауданының  басшысы  Мейірхан Өмірбековтың  жұмысына аса риза болмай кеткен көрінеді.  Осыған қарағанда, Мейірхан Азатұлы  «қара тізімге» қылы ілінген аудандар арасындағы алғашқы әкім секілді. Әрине, тасада тұрып  тон пішуден аулақпыз. Байыбына бармай байбалам да салмаймыз.  Бірақ, Меркінің әкімі облыстың бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевқа да көп ұнай бермейтін. «Сен әкім болмай жүр екенсің. Әкімдік қызметке тағайындалып едің, жұлдыз болып кеттің. Көктен жерге түс» деген Кәрім Нәсбекұлының  сынын  құлағымыз сан мәрте естіген. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.

Хош, бүгін енді облыс әкімі Шу ауданын аралап жүр.  Аудан  әкімі Қайрат Досаев  сынақтан қалай өткенін,  шулық шенеуніктердің  аймақ басшысы шаңын қақты ма, әлде жоғын  келесі мақаламызда  айтатын боламыз. Әзірге, аудан әкімдеріне бекем болыңдар демекпіз…

 

Саятхан Сатылғанов