Аудан әкімдеріне «емтихан» басталды Сынақтан кім сүрінбей өтер екен?

Бүгінде Жамбыл облысына жаңа әкім Асқар Мырзахметов келгелі басқармадағылар мен басқа арнадағылардың басшылары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай. Олай дейтініміз, осыдан екі жеті бұрын барлық басқарма басшыларының біліктілігін майшаммен қарап шыққан Мырзахметов мырза ешкімнің басынан сипай қоймаған еді. Ұзын-сонар баяндаманы сағызша созғандарды бірден сабасына түсіріп, жаттанды жауапты жатқан соққандарды сын тезіне алған-ды. Осыдан кейін, Тараз қаласының тізгінін ұстағандар «енді кезек бізге келді» деп, жыртықты жамап, бүлінгенді бүтіндеу үшін шаһарды шыр айналып, жер-жерді кезіп кеткен болатын. Алайда Асқар Исабекұлы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қала әкімдігінің актив жиынында жауаптыларға көне Таразды көркейтуді ғана мықтап тапсырды. Яғни, шенеуніктерге шүйліккен жоқ, «ойбой, не дейсіз анау қызметінен кетеді екен» дегендей қашпа әңгіме ешкімнің артынан ерген жоқ. Ал қала әкімі Рүстем Дәулет емтиханнан бестік баға алған баладай жүзі жайнап шыға келді.

Осылайша «сынақтан сүрінбей, тесттен түзу өттік» деп ойлаған кейбір басшылар арқаны кеңге салып, Құдайына шүкірлік айтып отырғанда облыс әкімі аудандардың тынысымен танысу үшін жолға шығып кетті.

Ең алдымен Жуалы ауданына ат басын бұрған Асқар Исабекұлы «Бурное Солар – 1» күн электр станциясының, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының, Алатау ауылдық №23 орта мектептің, «Көксай» мен «Қаралма» тау шаңғысы кешендерінің, «Бурное сүт компаниясының» және «Ақсай 2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысын көзбен көріп, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың арқасынан қақпаса да, тірлікке көңілі толатындай күй танытты. Және аудандық актив жиынында жуалылықтар шулайтындай үлкен әңгіме бола қойған жоқ.

Бұдан кейін, облыс әкімі Меркі ауданын бетке алды. Онда ең бірінші Жамбыл ауылындағы №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне аялдап, тіршіліктің тынысымен танысты. Іргетасы 1956 жылы қаланған мектеп ғимараты өткен жылы апатты деп танылып, жұмысы тоқтатылған болатын. 549 оқушының спортпен шұғылдануына жол ашқан мектеп ендігі жерде жаңа ғимаратты қажет етеді. Сәйкесінше, бүгінде жаңа спорт мектебінің құрылысына қажетті жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлініпті.

Одан бөлек, аймақ басшысы Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығында болып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Асқар Мырзахметов шаруаларға

малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтып, жаңа технологияның тиімділігін жіліктеп түсіндірді. Тіпті, іргелес жатқан Қытай Халық Республикасында малды қолдан ұрықтандыруға баса назар аударылатынын, бұл өз кезегінде жыл он екі ай бойы малдан өнім алуға мүмкіндік беретінін мысалға келтірді.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Сыпатай батыр» кеден бекетіндегі құрылысы аяқталмаған қызметтік тұрғын үйдің жағдайын көзбен көрді. Кеден қызметінің тарқатылуына байланысты аяқталмай қалған нысан қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің иелігінде. Асқар Исабекұлы аудан әкімдігіне бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 20 жас маманға тұрғын үй ретінде беру жолдарын қарастыруды тапсырды. Келесі сәтте облыс әкімі «Орталық Азия қант бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі бөлімшесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен кәсіпорынның әлеуетімен танысты. 2003 жылдан бері қант өндірумен айналысатын серіктестікте 593 адам жұмыс жасайды. Ақпан-маусым айларында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорында тек соңғы 7 айдың ішінде жалпы құны 14 миллиард 654 миллион теңге болатын 73,8 мың тонна шекер өндірілген. Биыл қант зауыты 140 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.

 

Сонымен бірге, өңір басшысы Ойтал ауылының жанындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы – Меркі өндірістік бөлімшесі меншігіндегі Үлкен Шу каналының батыс тармағына барды. Мұнда 2012-2013 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін Үлкен Шу каналы арқылы 10813 гектар алқапты суландыру үшін су көлемінің артуы жақын маңдағы Заводская көшесінің тұрғындарына жайсыздық туғызып келген.

 

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов ет консервісін, ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Меркі ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмыс жағдайын көзбен көрді. Кәсіпорын жыл сайын 250 тонна шұжық пен 262 мың дана консерв банкісін шығарады. Ал, тәулігіне 300 бас ірі қара және 1300 бас ұсақ мал сойылады. Өткен жылы экспорт көлемі 213,1 тоннаны құраған. Оның ішінде 34,5 тонна ет Бахрейн мемлекетіне, 178,6 тонна ет Иран мемлекетіне экспортталған. Сонымен бірге, кәсіпорында құны 100 миллион теңге болатын ет өнімдерін қаптайтын цех іске қосылыпты.

Облыс басшысы Жамбыл ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Көлтоған» су қоймасының да жағдайына баса назар аударды. 2015 жылы нысанға 5,1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жасалынып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда, 200 гектар аумақтағы егіс алқабын суландыруға арналған «Көлтоған» су қоймасы қазір істен шыққан. 2016 жылы Меркі өзеніндегі су көлемінің еселеп артуынан бөгетті су шайып кеткен. Бөгетті жөндеу жұмыстары қосымша қаржыландыруды талап етіп отыр.

Аудандағы ахуалмен толық танысып шыққаннан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданы активімен қорытынды жиын өткізді. Негізі соңғы кездері аймақ басшысының қатысуымен өткізілетін барлық жиындардың форматы өзгерді. Бұрынғыдай сала-құлаш баяндама оқып, елдің есін шығармай, нақты мәселелер мен түйіні тарқамаған түйткілдердің шешілу жолдары айтылуда. Әсіресе, салалық басқармалардың басшылары аудандағы олқылықтарды жасырмай, кеткен кемшіліктерді ортаға салуда. Меркі ауданындағы басқосуда да бірқатар мәселелер күн тәртібіне көтеріліп, облыс әкімі тарапынан нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық сметалық құжаттардың құны адам санасына сыймайтын соманы құрайтыны айрықша айтылды. Осы мәселе жөнінде Асқар Исабекұлы тиісті сала мамандарына қаржыны қайта қарап, жүйелеуді шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, ауданда пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мақсатты игеру және оны түгендеу, шаруашылыққа қажетті ағын су мен жайылым жерлердің егістік жер санатына берілу жайы да жан-жақты қаралып, құзырлы мамандар бір-бір міндетті мойындарына арқалап қайтты.

«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ даналығы. «Жел тұрмай шөптің басы да қимылдамайды». Елден естуімізше облыс әкімі Меркі ауданының басшысы Мейірхан Өмірбековтың жұмысына аса риза болмай кеткен көрінеді. Осыған қарағанда, Мейірхан Азатұлы «қара тізімге» қылы ілінген аудандар арасындағы алғашқы әкім секілді. Әрине, тасада тұрып тон пішуден аулақпыз. Байыбына бармай байбалам да салмаймыз. Бірақ, Меркінің әкімі облыстың бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевқа да көп ұнай бермейтін. «Сен әкім болмай жүр екенсің. Әкімдік қызметке тағайындалып едің, жұлдыз болып кеттің. Көктен жерге түс» деген Кәрім Нәсбекұлының сынын құлағымыз сан мәрте естіген. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.

Мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешкен жөн

Меркінің мәселесі мәз емес екеніне аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көз жеткізгеннен кейін Шу мен Қордай аудандарында да болды.

Шу ауданындағы жұмыс сапарын өңір басшысы әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 2,28 миллиард долларды құрайтын химиялық паркте келешекте химия өнімдерінің 16 түрін өндіретін өндіріс ошақтары бой көтереді. Биыл арнайы экономикалық аймақта каустикалық сода және хлор өндіретін «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосу жоспарланған. Алайда кәсіпорын басшылығы химиялық парктегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының аяқталмауына байланысты өндірістік үрдістің бір жылға кешігіп басталуы мүмкін екендігін айтып отыр. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта кәсіпорын шығаратын өнімдерінің өнімділігін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ауданға инвестиция тарту, өндірісті өрістете дамыту мәселесін шегелеп тапсырды. Мұнан соң, Асқар Исабекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болып, ондағы қазандықтарды газбен жылытуға көшіру жұмыстарының барысымен таныс болды. Негізі кәсіпорын қызметінің 77 пайызын Шу қаласының тұрғындары тұтынады. Сол себептен де, өткен жылдың шілде айында бұған дейін көмірмен жылытылған қазандықтарды табиғи газға көшіру қолға алынып, оған 280,3 миллион теңге бөлініпті. Орталық қазандықты «көгілдір отынмен» жылыта бастаған кәсіпорын жұмысына ендігі жерде газ қысымының төмен болуы кері әсерін тигізуде. Мұндағы мәселемен танысқан соң өңір басшысы таяу уақытта осы төңіректен жылыжай салу қажеттігін назарға салды. Келесі сәтте облыс әкімі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебіне барып, білім ошағының ахуалын көрді. Дәл қазір сыйымдылығы 460 оқушы болатын бұл мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Білім ордасының жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен жалпы сомасы 164,8 миллион теңге қарастыру көзделуде. Сонымен қатар, аймақ басшысы Шу қаласындағы «Жайсаң» тұрғын алабына инфрақұрылым тарту және «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты. Қазіргі таңда «Жайсаң» тұрғын алабында инфрақұрылым тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Себебі тиісті жұмыстарға жауапты «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысына салғырттық танытқан. Жүрісінен жаңылған мердігерге миллиондап айыппұл салынғанымен, істің алға жылжитын түрі көрінбейді. Ал «Жетісу» тұрғын алабындағы 4 көп пәтерлі үй толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе, 350 отбасын баспанамен қамту мүмкін болмақ. Бірақ мұнда да тірліктің берекесі қашып тұр. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жоғарыда көтерілген мәселелерді реттеп, «Жетісу» тұрғын алабындағы көп пәтерлі үйлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, А.Мырзахметов «Жамбыл жол құрылысы» кәсіпорнының меншігіндегі «СПТУ-24» техникалық колледжі ғимаратының жағдайын көзбен көрді. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын ғимарат қазір «Қазкоммерцбанкте» кепілде тұр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 600 орындық мектеп-интернаты етіп пайдалану жайын ойластыру қажет екендігін айтты. Ауданға жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов мақсары майы мен майлы, дәнді дақылдар өнімдерін өндіретін «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. 2012 жылы ашылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна сұйық май өндіреді. Мұнда қазір 63 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жетекшілері жер көлемін көбейту арқылы өнімділікті де арттыруға мүдделі. Дегенмен «Kaz-Ir-Agro»-ның шығарған өніміне нарықта сұраныс өте аз. Сұраныс аз болған соң өндіріс ошағының табатын пайдасы да аз болатыны бесенеден белгілі. Бұлай дейтін себебіміз, облыс орталығындағы үлкен супермаркеттерде, үлкенді-кіші дүкендерде бұл өндіріс ошақтарының өнімдері кездесе бермейді. Жарнамасы жұпыны. Сондықтан сапасы жоғары өнім тек аудан орталығынан ұзаққа өткерілмей жатыр. Әрине, барлығын ауызбен айтып, ақыл айтқан оңай шығар. Дегенмен, аудан әкімдері жергілікті жерде шығарылып жатқан өнімді қолдап, оның өткерілуіне мұрындық болғаны абзал. Әйтпесе, Шуда өндірілген «Kaz-Ir-Agro»-ның өнімі облысты былай қойып, сапасы жөнінен шет мемлекеттерді таңғалдыра алатыны анық. Негізі Шу ауданы ауыл шаруашылығымен аты алысқа кеткен өңір. Облыс бойынша агроөнімдердің 40 пайызын осы аудан береді. Алайда кетпен ұстаған егінші қауымның нәсібін табатын егістік жерлердің көпшілігі белгісіз себептермен жайылым жерлерге айналып кеткен. Сондықтан келешекте егістік алқабын ұлғайту мәселесін барынша назарға алу керек. Айтпақшы, тоғыз жолдың торабында орналасқан құтты мекенде бір көңілге қонғаны аудан бойынша қанша жер пайдаланусыз жатыр, кімге тиесілі екенін білу үшін ғарыштан бақылау жасауға мүмкіндік туыпты. Осы ілкімді істі басқа аудандар да көп ұзатпай қолға алып, дереу іске қосса, ауыл шаруашылығындағы біраз түйінді мәселелердің шешімі табылар еді. Облыс әкімінің жұмыс сапары келесі күні Қордай ауданында жалғасын тапты. Өңір басшысы аудандағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысуды «Куликово сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 227 миллион теңге болатын кәсіпорын 2012 жылы іске қосылған. Жылына 1400 тонна қаймақ, ірімшік және майлылығы әр деңгейдегі сары май сынды сүт өнімдерін өндіретін серіктестікте 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Аудандағы жұмыс сапарында А.Мырзахметов «Қордай» шекара-өткізу және «Қарасу» бақылау-өткізу бекеттерінде болды. «Қордай» өткізу бекетінің қазіргі әлеуеті тәулігіне 25 000 адам мен 1500 дана көлік құралын өткеруге қабілетті. Өткен жылы дәл осы бекет арқылы мемлекеттік шекараны 5,7 миллион адам мен 504 649 дана көлік құралы кесіп өткен. Бекет жағдайымен танысқан облыс әкімі жауапты тұлғаларға онда қалыптасқан бірқатар мәселелерді реттеуді тапсырды. Мәселен, «Қордай» шекара-өткізу бекетін кеңейту және қайта жаңғырту қажет. Сондай-ақ «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінің өткізу қабілеттілігін арттыру және қазақ-қырғыз шекарасында жаңа көпір құрылысын жүргізуді талап етіп отыр. Содан соң, өңір басшысы «Георгиевский» магистральды канал су бөлу гидроқұрылымында болды. Гидроқұрылымдағы су «Георгиевский», «Атбашинский» магистральды каналдарына түседі. Су шаруашылығы жүйелері мен барлық құрылымдар Қырғыз Республикасының су шаруашылығы департаментіне тиесілі. Диспетчерлік пункт пен өзге шаруашылық нысандар Қордай ауданында орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары іске қосылған гидроқұрылым жөндеуді қажет етіп тұр. Мұнан соң, өңір басшысы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде құрылып, 60 шаруа қожалығының басын біріктірген «Қарасу – Өтеген» кооперативіндегі ахуалмен танысты. Мұнда облыс басшысы шаруаларға мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласы бойынша көптеген жеңілдіктер жасалып жатқанын, бірақ бұл көмектердің қарапайым шаруалардың құлағына жетпей жатқанын қынжылыспен жеткізді. Бұл істе ауыл, аудан әкімдері, салалық басқарма басшылары енжарлық танытып отырғанын бүкпесіз айтты. Тіпті, осы жеңілдіктерді жіліктеп түсіндіретін, елге жарнамалайтын арнайы мекемелер ауылға ат іздерін салмайтынын да жасырмады.

Сонымен бірге, А.Мырзахметов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Бүгінде ХҚКО 726 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады.

Орталық қызметіне тәулігіне 700-1000 мың адам жүгінеді. Алайда орталыққа бөлінген 1 қабатты ғимараттың іргетасы 1969 жылы қаланған. Әрі ескі, әрі тар ғимарат орталық жұмысын жүйелі жүргізуге кері әсерін тигізуде. Осы

орайда, ХҚКО жаңа ғимаратты қажет етуде. Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты аудандық

төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру және апатты-құтқару қызметтерінің де жұмысымен танысты. А.Мырзахметов материалдық-техникалық база мен арнайы қызметтің техникалық әлеуетін жетілдіре түсу жайына баса назар аударды. 41 елді мекені бар ауданға қосымша өрт сөндіру ғимараты және 6 арнайы көлік қажет. Жалпы, Қордай жерінде жасалған тірлік ұшан-теңіз. Дегенмен әттеген-ай дейтін тұстары да аз емес. Әсіресе аудандағы білім көрсеткішінің сапасы көңіл көншітпейді. Соңғы үш жылда Ұлттық Бірыңғай тестілеуден облыс бойынша ең соңғы орынды иеленуде. Мүмкіндігі көп ауданның бұлай білім бәйгесінде сүрінуі көпшілік көкейінде сұрақ күйінде қалды. Сонымен қатар, ауданда құрылыс саласында қордаланған проблемалар жетіп артылады. Әсіресе құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық-сметалық құжаттардағы құрылыс құны адам сенгісіз соманы құрайды. Бұл өте күрделі мәселе . Сондықтан мұндай мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешкен абзал болар.

Түйін

Осылайша облыс әкімі Асқар Мырзахметов апта ішінде төрт бірдей ауданды аралап, қызметінде қалғып отырғандарды тікесінен тік тұрғызып келді. Және жанына салалық басқарма басшыларын ерте барып, «ертем істеймінге» салғандардың есін бір жидырды. Бұл «емтиханнан» кім «екілік», ал кім «бестік» баға алғаны әзірге белгісіз. Алайда, «үш алсам да, күш» деп отырған әкімдер аз емес екені даусыз. Енді осы аптада Асқар Исабекұлы Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм сынды бірқатар аудандарды аралауды жоспарлап отыр. Онда қандай мәселелер көтеріліп, кімдер сын тезіне алынғанын газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз. Әзірге аудан әкімдеріне бекем болыңдар демекпіз…