Аудан әкімдерінің сайлауы — 2023
Конференцияда аудан әкімдігіне кандидат ұсынылды
Елімізде биыл алғаш рет аудан және облыстардағы маңызы бар қала әкімдерін халық сайлайды. Сайлау 5 қараша күні өтеді. Бұл сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ. Яғни, сайлау барлық облыстың қала аудандарында емес, мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана өтеді. 5 қарашада елімізде 42 аудан мен үш қала әкімі сайланатын болады. Саяси науқан біздің Жамбыл облысында Жуалы және Тұрар Рысқұлов аудандарында өтеді. Осыған орай бүгін «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс 41-ші конференциясы өтті.
Конференция жұмысына партия облыстық және аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты.
Партия жиынының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе — «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының Жуалы ауданы бойынша көрсеткіштерінің және ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанында сайлаушылардан түскен аманаттардың орындалу барысы туралы аудан әкімінің есебі болса, екінші мәселе -«AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Жуалы ауданының әкімі лауазымына кандидатура ұсыну туралы.
Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, мәслихат депутаттары мен партия активі халыққа Жолдауды жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осыған орай Жолдаудан туындайтын міндеттер қалай жүзеге асырылатыны, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мәжіліс деңгейінде қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы халықты ақпараттандыру үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіррвке сөз берілді.
Мұқаш Зұлқайнарұлы Мемлекет басшысы айтқан үш жыл ішінде орындалуы тиіс экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза есеп берді. Аудан әкімі алдымен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар, яғни су үнемдеу қондырғыларын орнату, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, минералды тыңайтқыштарды, элиталы тұқым алу жоспары, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары, «Жер аманаты» бағдарламасы, тағы да басқа мәселелерге тоқталды.
Аудан әкімінің айтуынша, Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылған инвестициялық жобалар бойынша 2023 жылы «Мол Даму» АШӨК-і құрылыс жұмыстары жүргізілуде 5 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен.
«2024-2026, жылдары әр жылы кезең-кезеңімен құс фабрикасын кеңейту жұмыстары жұмыстары жүргізіледі. «Altyn El GROUP» ЖШС-гі құс фабрикасын салу жобасының құжаттары рәсімделіп, картаға енгізіліп оң шешімі алынды бүгінгі таңда жер телімін алу бойынша құжаттары рәсімделуде.
2027 жылы «IMC Group» ЖШС-нің мақсары майын өңдеу цехы іске асырылып, 12 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.
Жалпы 179 адамды тұрақты жұмыс орнымен 2027 жылға дейін толыққанды қамтамасыз етіледі.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Ақтөбе, Ақсай, Жетітөбе ауылдық округтері толығымен несиелендірілсе, биылғы жылы несиеге қол жеткізіп отырған Қарасаз, Қызыларық, Мыңбұлақ ауылдық округтері қаржыландырылуда. Алдағы 2024 жылға қаржы қарастырылған жағдайда Қошқарата, Көкбастау, Нұрлыкент, Шақпақ ауылдық округтері және басқа округтер несиелендіріледі деп отырмыз», деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы. Аудан әкімі есепті баяндамасында кәсіпкерлік, туризм, инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту, су жүйелерін дамыту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту және әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен де бөлісті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жарыссөзге шыққан облыстық саяси кеңестің мүшесі Ермек Абдиваитов республикалық деңгейде тұрғындар бірінші кезекте медициналық қызметтің сапасын көтеру мәселесін қозғайтынын, яғни халықтың міндетті медициналық жарналардың өз денсаулығын жақсартудағы тиімділігін әлі де сезіне алмай жүргенін, ауылдық жерлердегі ауруханалардың заманауи жабдықтармен қамтылуын сұрайтынын айтты. Сонымен бірге аудан тұрғындарының Тараз қаласына қатынап ем алуды қажет ететін «Мамография» аппаратын тездетіп іске қосылуын өтініп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, жер телімдерінің конкурстық негізде берілетінінен хабардар екенін, алайда тұрғындар оның ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруді сұранатынын айтып өтті.
Ермек Сайтбайұлы фракция мүшелері сайлаушылырдың аманаттарын орындауда өздері де белсенділік танытып отырғанын тілге тиек етті. Мәселен, депутат Нүрилә Мәлібекова сайлаушыларының балаларын ағылшын тілі үйірмесіне қатысуға деген ынтасын көріп, аптасына 3 рет тегін ағылшын тілі үйірмесін ұйымдастырса, депутат Айбек Елекбаев өз меншігіндегі 14 гектар суармалы жерді тұрғындар иелегіне тарту еткен.
Жарыссөзге шыққан «Нұрлыкент» бастауыш партия ұйымының төрайымы Сандуғаш Тәуекелова негізінен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Күн тәртібіндегі екенші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-ші бабына сәйкес, «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Жуалы ауданының әкімі лауазымына кандидат ұсыну жасау үшін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевқа сөз кезегі беріледі.
Зиядхан Рымбекұлы Жуалы ауданы әкімдігіне Жалғас Мұртаза Әлижанұлын ұсынып, кандидаттың өмірбаянымен таныстырды.
Конференция делегаттары З.Бүрлібаевтың ұсынысына қолдау білдіріп, Жалғас Мұртазаның кандидатурасы қабылданды.
Жалғас Әлижанұлы, сенім білдірген партияластарына алғысын білдіріп, алдағы уақытта әкім болып сайланған жағдайда ауданның дамуы жолында бар күш-жігерін жұмсап еңбек ететініне уәде берді.
Конференция жұмысын партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қорытындылады.
Перизат Шымыртайқызы,
журналист.
Жуалы ауданы