АУДАН ӘКІМІ АСТЫҚТЫ АЙМАҚТЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Түркістан солай туған» атты әйгілі очеркіне арқау болған Түркістан ауылдық округі астықты аймақ.
Береке мен нәсібін көктен тілейтін Түркістан ауылдық округінде егін шаруашылығы қарқынды дамуда.
Көсегенің көк Жонында орналасқан Түркістан ауылдық округіне Ә. Бүркітбаев, Арыстанды, Үшбас елді мекендері қарайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов осы округте тұрғындармен кездесті.
Аудан басшысы алдымен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралап, жағдайларымен танысты. Нысандардың жұмыс барысын, жылыту маусымына дайындығын көріп, ауылдардың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын қарап шықты.
Содан соң Ә. Бүркітбаев ауылындағы клуб үйінде тұрғындармен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерін тыңдады.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар тарапынан ауылдарды газдандыру, шаруаларға субсидия беру, жанар-жағар май, несие алу, ауылдық округті «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енгізу, бала санының артуына байланысты балабақша салу сияқты бірқатар мәселелер көтерілді.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы ауылдық округ әкіміне және жауапты тұлғаларға мәселелерді нақтылап, бақылауға алып жұмыс жүргізу үшін тапсырмалар берді.
Сарысу ауданы әкімдігі