АУДАН ӘКІМІ ҚАБЫЛДАУЫНДА

Осыдан тура 35 жыл бұрын, яғни, 1986 жылдың сәуір айының 26-сы күні Украинадағы Чернобыль атом электр станциясы жарылғаны белгілі. ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апатты жоюға 600 мыңға жуық, Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам, Байзақ ауданынан сол атом электр станциясындағы апатты жоюға 58 азамат қатысқан. Солардың бүгінде 14-і ауданда ғұмыр кешуде.Бұл туралы кеше Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 35 жылдығы қарсаңында, оған қатысушы бір топ азаматтарды қабылдаған аудан әкімі Нұржан Нұржігітов айтты.
— Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Сол кезеңде бүкіл кеңес одағы осы апаттың салдарын жоюға атсалысып еді. Ұлы Отан соғысы ардагерлері және Ауған соғысы ардагерлерімен бірге Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтарды бір қатарға қосу бекерден бекер емес. Олар жергілікті тұрғындарды радиацияның зиянды әсерінен қорғап, оның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Осылайша, бауырлас украин халқының басына ауыр күн туғанда қасынан табылып, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, азаматтық борыштарын орындады.
Ерлік тек соғыста ғана жасалмайды. Майданда ерлік жасаудан гөрі, бейбіт күнде азаматтық ерлік жасау жүз есе қиын. Чернобыльдық ардагерлер бейбіт күнде ерліктің үлгісін көрсете білді, — деп сөзін аяқтаған Нұржан Молдиярұлы шынайы тілегін жеткізді.
Бұдан соң аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев сөз алып, ел басына күн туған сәтте, ел бірлігін көрсетіп, қиындықтарды еңсеруде ауызбіршілік танытқанын атап өтті.
Еркін форматта өткен кездесуде «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрбол Пісібаев, мәдімарлық Алтынхан Әшекеев ретімен сөз алып, апатты жоюға қатысушылар атынан алғыстарын білдірді. Қабылдау соңында бір топ ардагерлерге мерекелік төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыс етіліп, естелікке суретке түсті.
Аудан әкімінің қабылдауы барысында санитарлық талаптар сақталғанын айта кетейік.