АУДАН ӘКІМІ ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанған ерлердің орнын басып, аналар мен буыны бекімеген жас балалар тылда еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Миллиондаған адам «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тылда бел шешпей еңбек етті.
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен тыл еңбеккерлері, ауданымыздың Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері Қоңырбеков Ордабек, Ақылбеков Ермекбай, Досжанова Алтын және Тұмаркүл Жұмабекқызының үйлерінде болып, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Балалықтың не екенін білмей өскен, буыны бекімеген жас бала болса да тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауырпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті.
Аудан басшысы мерейлі мерекеде тыл еңбеккері, ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосқан Тұмаркүл Жұмабекқызына «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалін табыс етті.
Өз кезегінде тыл ардагерлері арнайы құттықтап, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда ауданда 50 тыл еңбеккерлері тұрып жатыр.
Бүгінгі Ұлы Жеңіс күні аудандағы барлық тыл еңбеккерлеріне аудандағы мекеме және кәсіпорын басшылары, ауылдық округ әкімдері тарапынан құттықтаулар ұйымдастырылуда.